3 Мамыр 2019 Ruh.kz 258

#Турист_күнделігі: Зеренді

 | RUH.kz Фото: Жанар Алкенова, Анель Кайргалиева, Ruh.kz

Ішкі туризмнің назарынан тыс қалған Зеренді.



Көкшетаудан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Зеренді ауылы өзінің табиғатымен Бурабайдың кіші нұсқасының баламасы деуге де болады. Түрі ұқсағанымен, атмосферасы өзгеше. Зерендіге көп турист келе бермейтіндіктен, Бурабайдағыдай көп туристті кездестірмейсіз. Сол себепті, табиғаттың сұлулығын тамашалауға сізге ешкім кедергі болмас. 




Зерендіге қатысты әдемі аңыз.



Зеренді көлінің ұзындығы жеті километр, ал тереңдігі алты метр. Көлдің суы тұнық, жаз айларындағы температура жиырма төрт градусқа дейін жетеді. Мың көлдің аймағында орналасқан Зеренді көліне қатысты аңыз көп. Сол аңыздардың арасынан романтикаға толысымен таныстырсақ. Бұл жерді төбелер мен таулар, ну орман мен жазық дала жайлаған заманда екі жас бір-біріне ғашық болған-ды. Өкінішке қарай, жас жігіт ғашығына «махаббат» деп соққан жүрегінен басқаны бойжеткенге сыйлай алмады. Әке қаһарынан қорыққан қос ғашық махаббат сезімін ту етіп, қашуға бел буады. Ғашық қашқындардың ізіне бірден түскен қуғыншылар оларды төніп қалады. Аттардың шабысы жақындаған сайын ғашықтар құтылудың жолдарын ойластыра  бастайды. Сұлу қыз қолындағы білезігін артқа қарай лақтырып жіберген кезде, қашқындар мен қуғыншылар арасында білезік іспеттес үлкен көл пайда болады. Көл ғашықтарды аман алып қалып, олардың бақытты өміріне кепіл болған-ды. Бүгінгі күні де Зеренді көліне биіктіктен қарасаңыз, оның білезік тәрізді дөңгелек формасын байқайсыз. Жалпы, «Зерен» сөзі білекке тағатын білезік деген мағынаны береді. 







Зерендіде нені тамашалауға болады.



Қарағай ағаштарының орманы, көзге ерекшелігімен түсетін шатқалдар, жартастар мен мөлдір бұлақтар. Қарағай орманының тығыз орналасуына байланысты Зеренді жерінің ауасы озонға бай. Бұл жерге алғаш аяқ басқан туристтің басы ауырып, құлағы бітеліп қалуы әбден мүмкін. Себебі, қаланың стрессін, жылдам ритмімен ластанған ауасынан кейін кез-келген адамның организмі мөлдір таза ауаны бірден қабылдай қоймас. Зерендіде туристтік бағыттар жақсы дамыған.  Жаяу жүрсеңіз де, велосипедпен қыдырып, салт атқа мінсеңіз де мархабат! Орманның ішін тамашалап жүрген уақытыңызда алдыңыздан түлкі немесе тиынды көруіңіз ғажап емес. Балалар үшін арналған жазғы демалыстар да Зерендіден табылады. Зеренді ауылына кірген кезде сізді Ақан серінің «Балқадишасы» қарсы алады. Қазақ қыздарының бар сұлулығын Балқадишаның бойына жинай білген Ақан серінің бұл туындысын білмейтін қазақ жоқ шығар. Ескерткіш 2015 жылдың жаз айында ашылды. Табиғат аясындағы ойындар мен конкурстар, ормандағы сенбіліктер мен спорттық жарыстар оқушыларға off-line демалыс сыйлары анық. Зерендіде ХІХ ғасырдың аяғында 1850 жылы қаланған Архангель Михайлдің ғибадатханасы мен 2000-жылдардың басында салынған «Қошқарбай» мешіті бар. Жолыңыз түсіп жатса, тарихи ғимаратқа соғыңыз, ал мешітке кіріп дұға етіңіз.







Зерендіге жетудің жолдары.



Зеренді елді мекеніне Елорда және Көкшетау қаласы арқылы жетуге болады.  Нұр-Сұлтан – Көкшетау алты жолақты магистральді тас жолымен таксимен немесе сапаржайдан шығатын қалааралық автобустар арқылы жетуге болады. Таксидің құны – 2 500 теңгеден басталады, ал автобус билетінің құны – 2 350 теңге. Көкшетау қаласынан Зерендіге дейін такси мен автобустар қатынайды. Жолақысы, такси – 600 теңге, автобус билеті – 500 теңге. Айта кететін жайт, автобус көлігі тек Зеренді ауылына дейін, ал такси көлігі демалыс орталықтары орналасқан орманға дейін апарады.





Зерендіде қонақ болудың құны.



Зерендіге турист болып келсеңіз, орманның ішінде шағын демалыс үйлері мен үлкен демалыс базаларын, шағын қонақ үйлерді таба аласыз. Ал табиғатқа жақын болғыңыз келсе, өзіңізбен бірге палатка алып келсеңіз де болады. Қонақ үйлердің бағасы бір түн үшін 20 000 – 30 000 теңгенің аумағында болады. Бұл қонақ үйлер келуші қонақтар үшін  моншаны, фито моншаларды, емдік массаждарды, панталық емдерді және табиғат аясындағы керемет естеліктерді ұсынады. Шағын үйлер мен коттеджді жалға алатын болсаңыз, бір түнегеніңіз үшін 7 000 – 50 000 теңге көлеміндегі қаражатты төлейсіз. Ал, табиғаттың тамаша ауасын жұтып, жұлдызды аспанды тамашалап ақысыз демалғыңыз келсе, өзіңізбен палатканы алып шығыңыз. Көлдің жағасында құрылған палаткалардың саны жыл санап артып келеді деуге де болады.







Зеренді бағытындағы саяхат жолдары еліміздің көптеген азаматтарына тансық. Шағын ауылдың мөлдір көлі мен қарағайлы орманы, сол ормандағы саф таза ауасы мен интернетке байланбаған күндері біздің оқырмандарды қызықтырса, Зерендіге қош келдіңіздер!



 



Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, Ruh.kz



 


Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ

Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

17 Тамыз, 2019

Бесік жыры

16 Тамыз, 2019

Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады!

16 Тамыз, 2019

RUH MAN: Есенғали Раушанов – Құлыншақ

15 Тамыз, 2019

Еркіндік – киіз үйден басталады!