22 Қаңтар, 2020
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке сұрақ

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой!

Мағжан Жұмабаев 

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

Өмірзақ Шөкеев: Елбасы Н. Назарбаевтың бұл мақаласы – астары терең, түсіне білген адамға мәні мен мағынасы бар үндеу және рухани тұрғыдан өзгеруге бағытталған бірден-бір маңызды құжат болып саналады. Рухани жаңғыру – бабалардан бойға сіңген дәстүрдің, әдет пен ғұрыптың, салт пен сананың, ырым мен тыйымның, ұлттық болмыс пен ұлттық құндылықтардың қайта өрлеу кезеңі. Яғни, қазіргі заман талабына сай мәдениеттің жаңаша бағытта қалыптасуы. 

Кез келген мемлекеттің қозғаушы күші оның өскелең ұрпағы болып саналады. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта мақаланың маңыздылығын, әр тармағының қазақ тағдырымен астасып жатқандығын мектеп оқушыларының санасына сіңіру – рухани жаңғыру жұмыстарының алғышарты болуы тиіс. Алдымен олардың отанға, тарихқа деген құрметін оятып, сол арқылы оның құндылықтарын сақтап қалу қажеттілігін түсіндіруіміз керек.

Елбасы бізге осы маңызды мәселедегі басты құжатты дайындап берді. Енді оны лайықты деңгейде мектеп жасындағы жеткіншектерден бастап насихаттауға күш салғанымыз жөн. Осы орайда, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін 2018 жылы облыстың киелі, тарихи орындары, белгілі тұлғалары туралы 3 анимациялық фильм, 1 телесериал түсірілді. Атап айтқанда: «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмі, «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телесериалы жарыққа шықты. 2019 жылы да бұл үрдіс жалғасып «Ордабасы бірлік туы», «Түркістан», «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмдері мен «Төлеби» кинохикаялары көрерменге жол тартты. Біз осылайша ұрпақ санасына мақаланың өзектілігін сіңірудің жаңа бір заманауи, мультимедиалық бағытымен жұмыс жүргізуді бастадық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп оқушылары арасында қазақ халқының батырлық эпосын насихаттау, жас ұрпақты оқуға, патриотизмге, қазақ халқының рухани мұрасын терең түсінуге тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымдары мен тарихи танымдарын қалыптастыру және қазақ елінің батыр рухын бала бойына сіңіру мақсатында облыс оқушылары арасында «Жақсылар дастан айтайын» қазақ батырлары эпосы жыршыларының байқауы қатарынан үш жыл өткізіліп келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, жеңімпаз оқушылар мен олардың мұғалімдері қомақты қаржылай марапатқа ие болды.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен мектеп демалысы кезеңінде оқушыларға жазғы демалыстарын тиімді пайдалану үшін Қазақстанның қасиетті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылды. Туған елдің мәдениеті мен тарихын неғұрлым терең зерделеу, тарихи орындардың алуан түрлілігі мен ерекшеліктері туралы білім алу мақсатында балалардың басқа өңірлердің киелі орындарына баруы да көзделген. Түркістан облысы тарихи мұражайларына «Облыс тарихы» атты керуен-шеру акциясы өткізілді. Аталған шеру аясында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың үздік оқитын балалары және мұғалімдерден құралған топ (1800 оқушы) тарихи орындары бар Отырар, Ордабасы, Сайрам, Түлкібас, Төлеби аудандарына саяхатқа барды. 

IMG_3116.JPG

2019 жылы оқушылар арасында «Өз жеріңді танып, біл» атты жаппай мектеп туризмін дамыту іс-шаралар жоспары аясында «Жер ана» жорығы, Қызылорда қалаларына, Көне Созақ жеріндегі тарихи мәдени ескерткіштерге, Түркістан-Ақмешіт үңгірі, Боралдай өзенінің бойындағы таңбалы тастарға өлкетанулық экскурсия өткізіліп, 2600 оқушы қамтылды.

2019 жылдың шілде айында облысымыздан 70 оқушы Қостанай облысы Арқалық қаласына саяхатқа барып қайтты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті, Елбасы кітапханасының музейінде өткен «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» тақырыбында өткен семинар тренингке облыстың 25 дарынды баласы қатысты. Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы – бүгінгі мектеп қабырғасында отырған бүлдіршіндер. Олардың қамын ойлау баршамыздың парызымыз. Кез келген мектептің мақсаты мен мұраты өркениетті елдердің қатарынан көріну, жер мен жер байлықтарын ысырапқа салмай игере білетін ұрпақ тәрбиелеу.

Ruh.kz: Ұрпақ тәрбиесі – ұлт міндеті. Осы ретте тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында облыстың қосқан үлесі қандай?

Өмірзақ Шөкеев: Түркістан өңірі ежелден-ақ мәдениеті мен өркениеті қатар дамыған аймақ. Иісі қазақтың тәу етер рухани орталығына айналған Түркістан қаласының күллі Түркі жұртының бойтұмарына айналуы да осының айқын дәлелі. Облысымыздың аумағына кіретін басқа да аудандар мен қалалардың маңындағы тарихы терең, маңызды нысандардың көптігі де осыны айғақтайды. Қазіргі таңда облысымызда 1663 тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштері тіркелген. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Яссауи кесенесі), 31 республикалық маңызы бар (24 сәулеттік, 7 археологиялық), 421 жергілікті маңызы бар (47 сәулеттік, 374 археологиялық), алдын-ала есепке алу тізімінде 1210 (оның 152 сәулеттік, 1058 археологиялық) тарихи-мәдени мұра объектілері бар.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында қасиетті, киелі жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін тарихшылар, өлкетанушылар және археологтардан тұратын арнайы өңірлік жұмысшы тобы құрылып, облысымыздағы қасиетті, киелі саналатын 100 нысан іріктеліп алынды. Оның ішінде 24 жалпыұлттық маңызы бар, 76 жергілікті маңызы бар орындар болып саналады. Осы аталған қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұраларымыздың жай-күйіне тоқталып өтейін:

Әзірет-Сұлтан тарихи-мәдени кешені (А. Ясауи, Есім хан, Рабия Сұлтан кесенелері, Қылует, Шығыс моншасы, Күлтөбе, Түркістан қалашықтары), Арыстан баб, Ысқақ баб кесенелері, Аппақ ишан мешіт-медресесі, Ысмайыл ата сәулеттік кешені, Сауран, Отырар қалашықтарына жоспарлы түрде республикалық бюджет есебінен реставрация жұмыстары жүргізіліп келеді. 

20190620_102230-1.jpg

Отырар қалашығының кіреберіс қақпасы мен «Арыстанбаб» кесенесінің аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Құрылыс алаңына автотұрақ пен аяқжолдар, жарықтандыру, суландыру жұмыстары жүргізіліп, орындықтар, қоқыс жәшіктері, кіші архитектуралық формалар мен клумбалар қойылып, жергілікті ағаштар мен бұталар, газон, гүлдер егілді. Отырартөбенің сыртқы қақпасы мен ішкі қақпа аралығындағы 800 метр жолға таудың тасы төселіп, жол жасалды. Жергілікті бюджет есебінен «Ханқорған» қалашығына қазба жұмыстары, Созақ ауданы аумағындағы «Таңбалы тас» тарихи орнына ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Мақала аясында қасиетті, киелі орындарды насихаттау мақсатында 2017-2019 жылдары өңіріміздегі киелі жерлердің аңыз-әңгімелер жинағы, Түркістан қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы, «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері», «Түркістан-руханият бесігі», «Түркістан облысының көне қалалары», «Тамыры терең Түркістан» фотоальбомдары және Түркістан облысындағы киелі жерлер географиясының 2 томдығы шығарылды.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстағы 100 тарихи және мәдени орындарға QR кодтар орнатылып, 3 тілде аудиогидтер дайындалды. Бұл ақпараттар әлемдік мобильді қосымшада (Izi.Travel-путеводитель) «Vizit Turkistan» толық ақпаратты жүктеп, офлайн режимде қолдану мүмкіндігі бар.

Ruh.kz: Өңірдегі заманауи мәдениет туралы не айтасыз?

Өмірзақ Шөкеев: Қойнауына құт дарыған Түркістан өңірінен Алаштың атын әлемге танытқан дүлдүлдер аз шықпаған. Өнердің қай саласында болмасын топтың басында жүретін хас таланттардың шоғыры бүгінгі күні де сиреген жоқ. Халықаралық, Республикалық бірнеше байқауларда осы жылдың өзінде-ақ талай талантымыз топ жарды. Әлемнің әр бұрышында қазақ әнін әуелеткен, өнерін ортаға салып, халықтың өзіне тән музыкалық мұрасымен таңдай қақтырған өнерпаздарымыз да көп. Атап айтсақ, 2019 жылы Алғыс айту күніне орай, Түркия елі, Анкара қаласында Қазақстанның Түркия еліндегі өкілетті елшілігінің ұйымдастыруымен өткен жазушы Шәрбәну Бейсенованың «Сүзге ханым және Бозақ аруы», «Маргува» атты түрікше аударылған кітаптың тұсаукесеріне Филармония әншілері Гүлнұр Нұратаева, Оразәлі Жаңабаев, Айнұр Әбілдаева, Тұрар Әлменов қатысып, өнер көрсетіп қайтты.

2019 жылдың наурыз айында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен жалпықалалық «Наурыз-2019» мейрамына «Фараб» би ансамблі қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды. 2019 жылдың сәуір айында Қырғызстанның Ош қаласында «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының ашылу салтанатына, Ош және Жалелабад қалаларында өткен мерекелік концерттерге Қазақстанның атынан «Қазына» би ансамблі, «Семсер» тобы, қолөнер шеберлері, филармонияның әншілері қатысты. 

IMG_8417.JPG

2019 жылғы қыркүйекте Түркия мемлекетінде Түркі тілдес елдердің дәстүрлі музыкасын дамыту мақсатында өткен «16-шы Халықаралық Анадолы күндері» фестивалінде Түркістан облысының атынан облыстық опера және балет театрының солисті, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық байқау-фестивальдердің лауреаты Үралхан Сейлбекова қатысып, өнер көрсетті.

2019 жылғы 28 қазан күні Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай, Түркістан облысының Ташкент қаласындағы мәдениет күндері аясында Р. Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театры Ташкент облысы, Букинский ауданында Р. Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасын сахналады.

Ақтөбе қаласында өткен «Жұбановтар әуені» Халықаралық ұлттық аспаптар, оркестрлер және ансамбльдер фестиваль-байқауында «Сүгір» қазақ ұлттық аспаптар оркестрі қатысып, І орын алса, «Тұмар» фольклорлық ансамблі Тараз қаласында өткен І республикалық «Көне Тараз күмбірі» этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсына қатысып, ІІ орынға ие болды.

Атырау қаласында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті драматург-жазушы Рахымжан Отарбаевтың ІІI Республикалық театр фестиваліне Р. Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театры Р. Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасымен қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленіп қайтты.

Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында екі елдің достастығын арттыру, мәдени байланысын нығайту мақсатында, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Елшілік тарапынан Ташкент қаласында ұйымдастырылған іс-шарада Түркістан облысының өнерпаздары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, облыстық музейлер мен қолөнер шеберлерінің «Шежірелі Түркістан» тақырыбындағы кеңейтілген көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

2019 жылы тамыз айында «Түркістан – руханият бесігі» атты өңірдің тарихы мен мәдениетіне арналған лингво-өлкетанымдық энциклопедия 4 тілде (қазақ, түрік, орыс, ағылшын) жарық көрді. Жалпы кітап саны 4000 дананы құрайды.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында және Кентау қаласына қарасты Ораңғай ауылында ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны кеңінен танымал ету мақсатында арнайы этноауылдар орнатылды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасына сәйкес «18 мамыр Халықаралық музейлер күні» қарсаңында 2019 жылғы тамыз айынан бастап жыл соңына дейін «МУЗЕЙ ТҮНІ - 2019» акциясы өткізілді. Акция облыстағы 24 музейде 2019 жылы аптаның әр жұмасы күні сағат 21:00-ден-03:00-ге дейін түрлі тақырыптарда іс-шаралармен жалғасын тапты. Атап айтқанда, балаларға арналған ұлттық ойындар, анимациялық фильмдер, жас суретшілердің шеберлік сабақтары, лекция сағаттары, көрмелер, өлке тарихына шолу, концерттік бағдарламалар т.б. көптеген шаралар ұйымдастырылды. 2019 жылы облыстағы барлық музейлерде «МУЗЕЙ ТҮНІ – 2019» акциясы аясында әр жұмада өткен іс-шараларға жалпы 1000-нан астам адам қатысты. 

DSC04827.JPG

Ruh.kz: Сіздің өңірдің мақтан етер батырлары мен замандастары туралы айтсаңыз?

Өмірзақ Шөкеев: Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрімен ерекшелінетін өңірдің бірі. Жастық пен қарттықтың, жомарттық пен мәрттіктің куәсі болған, тамаша табиғаты тамсандырып, сал-серілерге ән салдырған көрікті де құтты мекен.

Қалалық мектеп оқушыларының түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы, зияткерлік байқаулардағы жетістіктері қуантады. Биыл Түркістан облысының оқушылары 28 түрлі зияткерлік және шығармашылық конкурстарда бақ сынады.  455 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар конкурстарында 60 алтын, 84 күміс, 135 қола медаль алып, жүлделі орындарға ие болды.

ІХ халықаралық Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механикадан ғылыми зерттеу конкурсы өтіп: 3 оқушы (Бекжан Дәуіржан, Серік Айжан, Маханбет Марал) күміс медальға, 6 оқушы (Дарибаева Диана, Мисирова Диана, Амирхан Нурбах, Амангельдиаева Камила, Қалдыбек Асылжан, Шарапов Мухриддин) қола медалға ие болды. 7-8 сынып оқушылары арасында Қ.И. Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиадада 2 оқушы (Садуахас Олжас, Заир Шахрух) күміс және қола медальдарды жеңіп алды.

Облыс оқушылары республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарыстарында 18 алтын, 23 күміс, 37 қола медальді (Кентау «Білім-инновация», Кентау қаласы мамандандырылған мектеп-интернаты, Жетісай мамандандырылған мектеп-интернаты, Түркістан қаласы мамандандырылған мектеп-интернаты, Шардара ауданы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары) жеңіп алды.

Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың 11-15 қараша күндері өткен еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласынының әлеуетін көрсететін «WorldSkills Kazakhstan-2019» V республикалық чемпионаты есіңізде шығар?! Республикалық деңгейде 38 құзыреттілік бойынша қабілет пен білімді қатар шыңдаған 400-ден астам жастарымыз бақ сынасты. Түркістан облысының жастары білім мен дағдысын, қабілеті мен біліктілігін ұлттық аренада танытып, Чемпионаттың нәтижесімен 4 алтын, 2 күміс, 2 қолаға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді.

Кентау қаласы, №7 кәсіптік колледжінің студенті Бекайдаров Ақжол «Токарлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иегері;

Кентау көпсалалы колледжінің студенті Тәліпхан Мақсат «Сырлау және әрлеу жұмыстар» құзыреттілігі бойыншы алтын медаль иегері;

Қазақ-неміс политехникалық колледжінің студенті Сейсеков Рахат «Интернет сатылым» құзыреттілігі бойынша алтын медаль, Ильяс Бекзатолла «Бизнесте ақпараттық технологияны қолдану мәселелері» құзыреттілігі бойынша қола медаль иегері.

Облыстың 4 алтын медаль иегері алдағы жылы Австрия елінің Грац каласында өтетін «EuroSkills 2020», БАӘ-нің астанасы Абу Даби қаласында өтетін «AziaSkills 2020» чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, №7 кәсіптік колледж студенттері Тайып Рахат пен Сафармухаммадұлы Хабибулла «Төбелік жұмыстар» құзыреттілігінде, Қазақ-неміс политехникалық колледжінің студенті Айдарханов Рахман «Инженерлік графика CAD» құзыреттелігінде «Үздік маман» атағын иеленіп, ерекше медальондарды жеңіп алды.

Жастарымызды осы жолда бағыттап, сапалы кәсіптік білім берген ұстаз-жетекшілері Нурболат Абдуллаевтың, Диларам Анарбаеваның, Нұржан Сыздыковтың, Майра Шүлембаеваның үлестері ерекше екенін атап өткен жөн. Тынбай еткен еңбектерінің нәтижесінде «WorldSkills Kazakhstan-2020» чемпионатында «Интернет сатылым» құзыреттілігі бойынша Нұржан Сыздыков бас сарапшы, Диларам Анарбаева бас сарапшының орынбасары болып тағайындалды.

Қазақтың рухани ұлттық құндылықтарын ұрпақтар арасында насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен тағылымын дамыту, жастарды ұлтжандылық және патриоттық рухта тәрбиелеу, туған жердің тарихын насихаттау, болашақ білікті мамандар даярлаудағы жұмыстарды жандандыру мақсатында облыс оқушылары арасында өткен республикалық мектеп оқушыларының пәндік олимпиадасы, жас музыканттар конкурсы, «Жыл шебері» байқауы, «Менің Қазақстаным – менің Елім», «Облыс тарихы – керуен шеруі», «Жастар – мәңгілік тәуелсіз елдің болашағы», М.Мақатаев және І.Жансүгіров, Абай-Шәкәрім оқулары, «Қазақстан кеше, бүгін және ертең. Балалар көзімен» көңілділер мен тапқырлар байқауы, «Ұланымыз Ұлы Елдің» слеты, мектеп, мектеп-интернат, балалар үйлері өнерпаздары арасындағы өнер фестивалі, 1 маусым балаларды қорғау күніне арналған балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасындағы қайырырымдылық гала-концерт секілді өзге де шаралардың жеке тұлғаны қалыптастырудағы мәні зор болды.

Міне, біз осы бағдарламаның мәні мен маңызын арттырып, оны жүзеге асырудағы жөні бөлек жандарды міндетті түрде ынталандырып отырамыз. Осылайша өз заманымыздың білім мен ғылым, өнер мен өркениет саласындағы барлық батырларымызды келесі ұрпаққа насихаттау бағытында жүйелі әрі тұрақты іс атқарудамыз.

Ruh.kz: Түркістан облысының тек қазақ үшін емес, күллі түркі халықтары үшін маңызы зор. Қасиет, киесінен арылмаған, төсінен талай тарлан түлеген өңірге тек жақсылық тілейміз! Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Ескерту: сұқбат Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының көмегімен дайындалды.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасынан алынды