5 Қыркүйек, 2019
ТҮРКСОЙ оркестрінің концерті

2019 жылдың 2 қыркүйек күні Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің концерті өтті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бірігіп   ұйымдастырған концертті көне қаланың өнерсүйер көрермендері, аталған университеттің студенттері мен оқытушылары тамашалады.

Құрамында бүгінге дейін 10 елдің 100-ден астам талантты жастары өнер көрсеткен оркестрге бұл жолы Татарстанның Халық артисі Ренат Салаватов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Анвар Акбаров, Әзірбайжанның танымал жас таланты Мұстафа Мехмандаров дирижерлік етті.

2019 жылдың 27 тамыз күні алғашқы концертін Түркістан қаласында бастаған оркестр, Қазақстан, Қырғызстан және Әзірбайжанда өтетін, жалпы саны 7 концерттен тұратын концерттік турнесінің кезекті концертін қасиетті Тараз жерінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында берді.

IMG_0136.JPG

Бұдан соң концерттік турне Қырғызстанның Бішкек, Қазақстанның Алматы қалаларында және Әзірбайжанның Баку қаласында жалғасады.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының жүзеге асырған концерттік турнелерінде әлемдік деңгейдегі сахна саңлақтарымен бірге өнер көрсетіп, тәжірибе жинаған жас таланттар тыңдаушыларын Түркі әлемі музыкасының сиқырлы сазына саяхат жасауға шақырады. 


Концерттен кезінде түсіндірме берген Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің Орталық Азияға алғаш рет турнеге шыққанын ескертіп, «оркестріміз құрылған күннен бұл күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінде концерттер берді. Алайда өз аймағымызда осындай ірі турне ұйымдастырмап едік. Бұл турне - біз үшін туған аймағымыздағы алғашқы турымыз болады.

20190902-_MG_4401.jpg

«Турнемізді ТҮРКСОЙ тарапынан 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» етіп жарияланған Түркістан қаласынан бастап, 29-31 тамызда Шымкент қаласында жалғастырдық. Енді міне қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі Тараз шахарында өнер көрсетіп жатырмыз. Біздің ойымызша, Тараз қаласы Қазақстаннан келесі кезекте «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атануға лайық бірден-бір қала. Бізге осы қалада концерт беруге мүмкіндік жасаған М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбековке алғысымыз шексіз. Келешекте бұл қалада өтетін шараларымыздың, бірлескен жобаларымыздың саны әлдеқайда көп болады деген үміттемін». - деп жалғастырды сөзін Бас хатшы Д.Қасейінов.

ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің құрамы Түркі әлемінің әртүрлі елдерінен келген талантты жастардан тұратынына баса назар аударған Дүйсен Қасейінов, «олар түркітілдес елдерінің жетекші консерваторияларының ең талантты студенттері мен түлектері. Осы ұжымдағы әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара шығармашылық байланыстары болашақта ірі халықаралық жобаларға, бауырлас елдер өнерпаздары арасындағы берік достық қатынастарға жол ашатынына сенімдімін», - деді.

20190902-_MG_4315.jpg

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлының айтуы бойынша, ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің бұл жолғы концерттік турнесі Түрік Кеңесінің (Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесі) құрылғанына 10 жыл толуы құрметіне арналып отыр. ТҮРКСОЙ ұйымының да, Түрік Кеңесінің де мақсаты бір – түркітілдес халықтардың ынтымақтастығын дамыту. «Бұл оркестр - мәдени құндылықтарымызға негізделген мақсатты жұмысымыздың көзге көрінген нақты нәтижесі. Сондықтан, жас та болса халықаралық аренада танымалдыққа ие болған өнерпаздарымыздың өнерін тамашалауға шақырамын», - деді ол.

 ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрі туралы

 ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 27-ші Тұрақты Кеңесінің шешімімен 2010 жылы құрылған ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестріне түркітілдес елдердің жетекші консерваторияларының талантты студенттері мен түлектері таңдап алынады. Оркестр бүгінге дейін 30-дан астам Европа, Америка және Азия елдерінде 60-тан астам концерттер ұйымдастырып, халықаралық аренада өте танымал ұжымдардың біріне айналды.

ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің басты ерекшелігі – репертуарының негізгі бөлігінің түркітілдес елдердің композиторларының шығармаларынан құралуы.

Оркестр алғашқы концертін 2010 жылы Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларында берді. Ал, тұңғыш альбомы 2011 жылы Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанның Тәуелсіздіктерінің 20 жылдығына арналып жарыққа шықты. Бүгінге дейін үш альбомын шығарып үлгерді.

20190902-_MG_4470.jpg

Оркестр ұжымы 2012 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк және Вашингтон қалаларында халықаралық «Юнус Емре ораториясы» мега-жобасына қатысып, одан бөлек Европа және Евразия елдерінде оркестрдің жеке концерттік турнесін ұйымдастырды.

2013-2018 жылдар аралығында да үзіліссіз әлемдік турнелер мен фестивалдерге шақырылып, өткен жылы Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына орай, Париж қаласында Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының штаб-пәтерінде арнайы концерт беріп, Европаның ең атақты сахнасы саналатын Музикферайнда (Вена, Австрия) өнер көрсетті.

Жамбыл облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі