23 Сәуір, 2019
#ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: ДИПЛОМАТИЯ ТАРИХЫ МЕН ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

Қазақ  Даласының тек көші-қон, соғыс алаңы ретінде ғана рөл атқармай, маңызды дипломатиялық қарым-қатынас орнатылып, келісімшарттар жүргізілген бай тарихы бар Еуразия кеңістігінің жүрегі болып табылатыны айқын. 


Жалпы адамзат баласы үшін ерте заманда өнер синкреттік сипаты басым руханиятқа жатса, 2-3 мыңжылдық уақыт аясында Ұлы даланы Еуразия кеңістігінде мекен еткен көшпелі қауым болмысында да кешенді – синкреттік сипаттар қалыптасты, атап айтқанда, табиғатты бағындыруға емес, керісінше, өздерін сол табиғаттың бір бөлшегіміз деп есептеу келе-келе, Адам-Табиғат-Қоғам үштағанына негіз болып, берік қалыптасуына мықты алғышарттар жасады. Өзгеге ұқсай бермес осынау өзгеше сипаттағы ғұмыр кешу сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттар аясындағы адамның соларға тәуелділігін емес, керісінше, сол жағдаяттардың орнығып, белгілі бір дәрежеде қалыптасуының бастау көзінде сол көшпелілердің өздері тұрғанын бүгінгі күні зерделеп жатқанымызды баса айтқан абзал. Демек, сол ұзақ мерзім аясында қоғамдық құрылым, қауымдастықтың барлық тиесілі атрибуттары мен рәсімдерінің қалыптасуы мен орнығып, салтанат құруының көшбасшысы көшпелі қауым (еуропалықтарша айтқанда, номадтар) болса, сол қалыптасу үдерісі а)көшпелі жұрттың таным, көзқарасына негізделген салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тыйым-ырымды дүниеге әкелді; ә)қолданбалы сипаты басым халықтық өнер туындыларының тууына негіз қалады; б)өнердің көшпелі ғұмырдағы алып кеңістіктің ауқымындағы түрлі салалары сол орасан зор территорияның өзіндей кең тыныстылық сипатына ие болды. Әрине, бұл айтылғандардың барлығы кешегі көшпелі, бүгінгі қазақ, алаш жұртының барша болмысын егжей-тегжейлі көрсете алмайды, біз тек басты-басты деген жайттарға ғана шолу яғни нормалық сипатта тоқталуға әрекет жасадық.



Тұжырым біреу: жоғарыда айтылғандар жалпы адамзат тарихына алтын әріптермен жазылуға тиіс, солай болуға тиіс екенін бұрындары мойындамағанымыз тек аса қуатты ағымға айналған еуроцентризм өкілдерінің тұжырымында ғана жатқан жоқ-ты, бар кілтипан өзге елдер өз алдына, біздің өзіміздің сондай пайымға бара алмауымызда болатын. Бара алмау себебіміз: бүгінгі уақыт көшпелі салт аттылар ғұмыр кешкен уақыттан тым алшақ жатқанында ғана емес, біздің басым бөлшегіміздің тым алыста қалған сол кездегі құндылықтарға баға беруге өреміздің бәлендей жете қоймағанында еді. 



Тұтастай алғанда, бірнеше ғасырлар бойы өркендеп дамып, қалыптасқан ұлттық болмыс иірімдері ерекше даралық сипатқа ие болды, ол – Ұлы Даланың мәдениеті мен өркениетінің дүниеге келуі еді. Сол өркениет пен мәдениет ауқымында халықтық шынайы демократия орнықты. Тым әріге бармай-ақ қояйық, ұлын өлтірген басқыншы Кир сияқты парсы патшасын Дала перзенті Томирис (Тұмар) ханым «қанға-қан, жанға-жан» қағидасына сайып, сондықтан ғана өлтірген жоқ, ең бастысы – Ұлы Дала демократиясы оны сондай кек алу әрекетіне бастаған еді.





Академик С.Зиманов пікіріне сүйенсек, Ұлы Дала өркениетінде бірегей сот жүйесі қалыптасты. Қалыптастырған билер институты еді [I]. Бір ғажабы, сот жүйесін қалыптастырған билер институтының тууына алғышарттар жасады. Ал, бұл институт Ұлы Даладағы ертелі-кеш қабылданған («Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» т.б) заңдардың дүниеге келуіне іргетас қалаған еді. Және ең бастысы – сол заңдардың бәріне ортақ жайт халықтық демократияның үстемдігі еді. Сондықтан да демократияға негізделетін билер институты, батагөй, аузы дуалы билер, көмекей әулие атанған абыздар ханның қабылдаған бұйрық, шешімдерін егер олар әділет жолынан таяр болса, жүзеге асыртпай тастады, тіпті хан атану үшін билер қауымының келісімі қажет болды [2].  



 Билер институтының көшпелілер яғни Ұлы Дала халқының өмірлік ұстанымына айрықша қызмет еткені соншалық, ол аса ірі ауқымды мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді жүзеге асырушы қуатты құрылымға айналды. Және ол атқарған ұлы мұраттың бастысы – демократияға ғана емес, халық мүддесін көздеген, соның қалауымен туған демократиялық міндетке негізделген міндет еді.



Ұлы Далада демократиялық сипатпен астасқан дипломатикалық міндет бірден туып, дами қойған жоқ. Ол недәуір уақытты қамтыды, себебі, Ұлы Даланы мекен еткен көшпелілер қоғамының өзгеге ұқсай бермес дүниетанымы, өмірлік ұстанымы, көзқарасы болатын. Осынау жайттардың екшеуінен өткен шынайы, халықтық сипаттағы дипломатияның айрықша даралағаны соншалық, ол қалыптасқан сәтінен бастап-ақ әлемдегі басқа халық, ел, қоғамдастық, ұлттар мен ұлыстарда дүниеге келген дипломатиядан еш кем емес-ті, тіпті өміршеңдігі мен жасампаздық сипаты жағынан  асқақтап тұрған болатын. Ұлы Дала дипломатиясы мазмұны жағынан шынайы демократияға негізделетіндіктен, аса ірі әрі халық ықыласына бөленген танымал тұлғалар: хан мен билік иесіне тек өз атынан ғана емес, тұтас халықтың атынан сөз айтатын шын мәніндегі сарабдал мәмілегерге айналды. Мысалдарға жүгінейік.



Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің,



Айтқаныма көнбейсің.



Шабылып жатқан халқың бар,



Аймағын көзбен көрмейсің



Қымыз ішіп қызарып



Мастанып, қызып терлейсің,



Өзіңнен басқа жан жоқтай



Елеуреп неге сөйлейсің?! -   дей келіп, Асан Қайғы былайша түйіндейді:



... Ай, Жәнібек, ойласаң,



Қилы-қилы заман болмай ма,



Суда жүрген ақ шортан



Қарағай басын шалмай ма,



Мұны неге білмейсің!?



Қощ-аман бол, Жәнібек,



Енді мені көрмейсің! [3,24].



Егер артыңда қалың елі болмаса, сол халықтың мұң-мұқтажын анық білмесе, Асан қайғы бұл зілді арнауын атақты хан Жәнібекке айтар ма еді? Бұл арнауда шынайы демократия бар. Тұтас бір жүйеге айналған халықтық демократия мен дипломатия ғасырлар бойы тұтас халықтың өмір салтына енді және бұлжымас заңына айналды. Соның дәлелі ХV ғасыр өкілі Асан Қайғы мен ХІХ ғасыр өкілі Махамбет ақын арнауларындағы ұқсастықтан байқалады. Егер ХV ғасырдағы Асан Қайғылардан соң қазақ хандығында дипломатия мен демократияға шектеу қойылған болса, ХІХ ғасыр перзенті Махамбет:



Хан емессің, қасқырсың,



Қас  албасты басқырсың.



Достарың келіп табалап,



Дұшпаның сені басқа ұрсын! – деп, Жәңгір ханға тепсінбес еді [3,181].



Жоғарыда айтылған билер институтының өміршеңдігі, зор сипаты шын мәніндегі би атына ие болған тұлғаның алуан қарым - қабілетінен байқалатын болды. Тұжырымдай айтсақ, би-мәмілегер (дипломат), елші, психолог, ұстаз-тәлімгер, педагог, тарихшы, философ, әлеуметтанушы, мәдениет пен өнер саласынан айтулы білгірі, ақын әрі шешен, қара қылды қақ жарған әділ сот, жазалыны әділетсіз үкімнен қорғап қалар қорғаушы (адвокат), қылмыскерге қылмысы дәлелденсе, әділ жаза берулерін қадағалайтын прокурор, ел басқарушыларға, мемлекет басшысы – ханға ақыл қосатын кеңесші, дұрыс заңның қабылдануына мүдделі парламент мүшесі (бірталай лауазымдарды бүгінгі атауларымен атап отырмыз). Айрықша бір назар аударатын мәселе мынада. Дипломатия – мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асыратын құрал десек, ол сыртқы қатынастардағы мемлекет қызметінің анықтамасы ретінде Батыс Еуропада  ХVІІІ ғасырдың соңында қолданыла бастады. Ал, Ұлы Далада ол әлдеқайда бұрын пайда болғанын жоғарыда айттық. Қаншама жерден дарынды қолбасшы, қағанат басшысы болса да, соңында қыруар әскері болса да, тағдырдың ұйғаруы солай болып, Азиядан Еуропаға қоныс аударған сәтінен бастап, сол құрлыққа қарудың күшінен  де гөрі, дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде көп іс тындырған болатын. Еуропа елдерінде Атилла (Еділ) патша жайлы қыруар дүниелердің барлығы да осы ойымызды дәлелдейді.



ХVІІІ ғасырдағы қазақтың ақыл-ой, сана, парасат пен пайым, өресінің көрсеткіші болып табылатын  үш ұлы биі сонау Ұлы Далада туып, қалыптасқан үрдістің бірден-бір жалғастырушы тұлғалары ғана емес, сол үрдісті жаңа уақыт пен жағдаяттар аясында дамытушы  да бола білді. Төле бидің жоңғар шапқыншылығына ұшыраған елін біржола құрып кетуден сақтап, Ташкентте ұлыс бегі болып, өте ұтымды мәмілегерлік саясат жүргізуі бұл ойымызға нақты дәлел бола алады.



Қаз дауысты Қазбектің:



Біз қазақ деген мал баққан елміз,



Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,



Елімізден құт-береке қашпасын деп,



Жеріміздің шетін жау баспасын деп,



Найзаға үкі таққан елміз.



Ешбір дұшпан басынбаған елміз,



Басымыздан сөзді асырмаған елміз,



Досымызды сақтай білген елміз,



Дәмі-тұзын ақтай білген елміз,



Асқақтаған хан болса,



Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,



Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды,



Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз [4,27].




Дипломатиялық тәртіп бойынша арнайы елші болып келген адам өз елінің қандай екенін баяндап, хабарлама жасайды. Яғни елдің саяси ұстанымы, соғысқа, басқыншылық жорыққа деген көзқарасы ортаға салынады. Жоғарыдағы жолдардан бұл міндетті Қазыбек бабамыздың бар салт-жоралғыны сақтай отырып, мүлтіксіз орындағаны аңғарылады. Ал, екі ел арасында айрықша ушыққан жағдайды екшей келген елші елінің атынан наразылық та білдіреді. Ондай наразылықты, көрген қысастықты ашынса да жеткізе білудің, онда да мәмілегерлік сипатты сақтай отырып, салмақты ойға терең мазмұн, астарлы емеурін дамытудың да өзіндік жолы бар. Сондықтан да болса керек, Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың:




Сен қалмақ та, біз қазақ,



Шарпысқалы келгенбіз.



Сен темір де, біз көмір,



Еріткелі келгенбіз.



Екі еліктің лағын,



Теліткелі келгенбіз



Танымайтын жат елге,



Танысқалы келгенбіз



Қазақ-қалмақ баласы,



Табысқалы келгенбіз



Танысуға келмесең,



Шабысуға келгенбіз.



Сен қабылан да,біз – арыстан,



Алысқалы келгенбіз.



Жаңа үйреткен жас тұлпар,



Жарысқалы келгенбіз.



Берсең, жөндеп бітіміңді айт,



Бермесең, дірілдемей жөніңді айт,



Не тұрысатын жеріңді айт! - деуі жоғарыдағы кіріспе, елін таныстыру үрдісінен соңғы негізгі дипломатиялық тәсілді аңғартады. Яғни бейбіт бітімнің қажетті екендігін салмақты ой арқылы безбендеп, аса ыңғайға да жығылып кетпей, өз күшін, қуатын, барша әлеуетін тайсалмай жеткізген. [4,27].



Жоңғар қонтайшысының «Сен кімсің?» деген сұрағына Қазыбек бабаның: «Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек, халқым – қазақ, руым –  Қаракесек» деп жауап қайтаруы да көп нәрсені аңғартады. Сол қонтайшыға өз халқының табиғатына біткен барша болмыс-бітім иірімдерін айта келіп, бейбіт бітім, ымыраға шақыруы, ал көнбесе, «тұрысатын жеріңді айт» деп сес көрсетуі де қазіргі таңдағы әлемдік дипломатияның қалыптасқан ереже-қағидаларымен сәйкестілігін көрсетеді.



Тұтастай алғанда, дипломатиялық міндет өз дегеніне жетуі үшін бірнеше жайт басты назарда болуы шарт:



1. Басқа ел өкілдермен кездескенде мазмұнды да салмақты келісімге қол жеткізуі үшін өз елінің жүргізіп отырған саясаты өзгеге ұнауы керек, тіпті үлгі өнеге болуы керек, тек сонда ғана еліңе деген өзгенің көзқарасы түзу болады да, елшінің мәртебесіне айрықша құрмет көрсетіледі;



2. Екі мемлекет арсының бейбіт қатар өмір сүруіне қол жеткізу үшін елшінің айтар ойы да салмақты, терең мазмұнда болуы шарт.



3. Елші барар елінің ұстанымын, жүргізіп отырған саясатын, ішкі-сыртқы хал-ахуалын жетік білуі қажет.



Қысқа қайырсақ, Ұлы Далада салтанат құрған, демократияға негізделген нағыз халықтық дипломатияны сөз ете отырып, біз оның тарихына және біздің заманымызға жеткен тағылымына тоқталдық.



Ал, дәстүр сабақтастығына келсек, тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстанның биылғы жылы аталып өтілер 26 жылдық егемендігі аясында халықаралық нормаларға сай аса ірі жайтты астын сызып тұрып айтқанымыз абзал: ол – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтыңжүргізіп отырған сындарлы саясаты дер едік. Осынау жылдар ішінде яғни аз мерзім ішінде-ақ Президенттің салиқалы да салмақты еңбегінің арқасында






        
  • Қазақстан әлемдегі өркениетті елдер қауымдастығы таныған әрі онымен санасатын қуатты да танымал елге айналды;

  •     
  • Қазақстан десек, Нұрсұлтан Әбішұлын, Президент десек, Қазақстанды біртұтас ұғым деп есептейтін уақытқа жеттік;

  •     
  • Қазақстан қазірдің өзінде-ақ өзгелер сыйлайтын мемлекетке айналып қана қойған жоқ, сонымен қатар, өз бастамалары, тың ой-пікірлері мен нақты іс-әрекеттері арқасында өзге елдерге үлгі-өнегеге айналды. Қазақстан тәжірибесін үйренеміз деушілердің санының көбеюі осы ойдың дәлелі.

  •     
  • Қазақстан ҚХА құру арқылы, ішкі-сыртқы саясатты салиқалы пайыммен жүргізу арқылы елдегі саяси тұрақтылыққа,  этносаралық татулық, рухани келісімге қол жеткізу де әлем елдерінің ішінде көшбасшы мемлекетке айналды;

  •     
  • Қазақстан экономика, әлеуметтік сала, халықтың жағдайын жақсарту бағытында аса батыл реформалар жүргізуде т.б.



Өткен жылы ғана Мемлекет басшысы ел халқына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру » атты еңбегін арнады [5].Түпкі идея – Елбасының осының алдында ғана ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан бастау алып отырғанын аңғару қиын емес. Соның нәтижесінде Орта Азия аумағында бірден-бір көшбасшылық мәртебеге ие болған еліміз қазіргі таңда әлемге танымал мемлекеттер қатарына еніп отыр.



Бұл айтылғандар Ұлы Далада туып, дамып қалыптасқан ұлы құндылықтарымыздың қазіргі таңда сенімді қолға табыс етілгеніне айғақ болса керек.



 



ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:



1. Зиманов С.З. Қазақтың билер соты- бірегей сот жүйесі.  А: Ата мұра, 2008.



2. Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер. Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық. А.: Жеті жарғы, 2004-2009ж.ж



3. Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық. А.: Жазушы, 1989-Т.І.



4. Қаз дауысты Қазыбек би. Энциклопедия. Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2011.



5. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Мемлекет басшысының мақаласы. «Егемен Қазақстан», 12 сәуір 2017 жыл.     



 



 



 



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh.kz


Ruh.kz