4 Мамыр, 2019
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ САРҚЫЛМАС ҮН ӘЛЕМІ

«Біз музыкасыз-ақ күн көріп жатқан бірде-бір қоғамды білмейміз. Ол адам рухын білдіретін әрі әмбебап, әрі жалпылама нысаны болғаны соншалық, біз музыканы түбегейлі зерттемей оның мәні мен қызметін адамзаттың тұтастай қалыптасу үдерісімен өзара байланысын біле алмаймыз».


  Бұл жолдар руханилықтың дамуына ерекше әсер еткен музыканың феномен ретіндегі маңызын барынша терең әрі нақты ашады. Музыка пайда болғанға дейін сөйлеуге дейінгі кезеңнің болғанымен түсіндіріледі, бұл кезде көне адамдар бір-бірімен ыммен, мимика, дауыс шығару, ысқырық, тарсылдату арқылы түсінісетін. Бірте-бірте мұндай аралас ағыннан музыкалық және сөздік бастаманың бірігуіне негізделген дыбыстық тіл қалыптасты, мұнда ырғақ пен әуен мағынаның есте сақталуына ықпал етті.  Ақпаратты қабылдауда көру каналының маңыздылығына қарамастан (ғалымдар оның меншікті салмағының аумағын 80% астам деп бағалайды), оның тарих бастауында анағұрлым айқын көрінген екі айтулы кемшілігі болды: көз тек көру аймағына енетіндер жайлы және орташа жеткілікті дәрежеде жарық болса ғана ақпарат бере алады; сондықтан қараңғы түсе бастағанда көру қабілеті адамды ақпаратпен жабдықтау қабілетінен айырылады. Ақпарат алуда оптикалық (көру) жолдағы шектеулерді жеңгендіктен адамдардың негізгі қарым-қатынас құралы дыбыстық тіл болғаны да сондықтан.





Тарихи ұзақ уақыт бойы дыбыстық тіл жұмбақ күшке ие болып, қасиеттендірілді. Сөз бен музыканың ажырамас синкретизмі «дипломатиялық нота» тіркесінде де көрініс тапқан (көне Жапониядан бастау алады, шетел билеушісіне қарата сөйлегенде дипломат өз мемлекетінің жолдауын әнмен білдірген).



Жалпыадамзаттық рухни мәдениеттің осындай бастапқы әмбебап негіздемелері дала фольклоры мен музыкасында жақсы дамыған. Көшпендінің қол жеткізген Ғаламның дыбыстық-есту бейнесі қазақтарда терең философиялық-эстетикалық ұғыну-түсінуі бір мезгілде сезімтал да,  пайымдаушы үн анықтамасында көрініс тапты:



Үн жинадым тыныс алуға,



Үн жинадым тыныстануға,



Үн жинадым тынысуға.



Бұл фразеологиялық халық даналығында ауызша феномен ретіндегі сөз бен саздың бастапқы мәнінде ажырамас бірлігі бейнеленген.  Бұл айтылған аспаптық музыкада – күйлерде ерекше бір эмоционалдық ахуалды  академик  Б.Асафьев «этикалық жоғары көңіл күй», «салмақтылық, қатаңдық, айбарлылық», «жоғары сезімдік жалпылаудың сезімдік қайырымдылық пен философиялық терең ойлылықпен қатар жүруі»  деп шамалаған еді. Осыдан келіп, көптеген халықтардың дәстүрлі аспапты мәдениетінде ерекше дамыған, тіпті басым болып келетін бидің, қимыл-әрекеттің, адымның (кеңірек алсақ – физикалық қимылдың) рөлі қазақтың аспапты музыкасында екінші шепке шығып, бағы-нышты болғандығын көреміз. Ең бастысы – ғасырлар бойы қазақ халқының аспапты музыкасының халық ауыз әдебиетімен тығыз байланыста болуы оның синкреттік табиғатының (әңгімелей отырып аспапта орындау) айшықталып, басым болуына әкелді. Бұл, өз кезегінде, аспапты музыкалық ойлау жүйесінің ең маңызды қасиеттеріне ықпал етті, – дейді                                      Ә. Мұхамбетова. Сонымен Қазақстанның ежелгі тұрғындары жоғары дамыған ауызша мәдениетке ие болған.



Жазбаша өркениеттен түбегейлі өзгешелігі бар мәдениеттің ауызша болмысының ерекшелігі рухани және материалдық бастамалардың бірыңғайлығында. Бұл заңды құбылыс. Өйткені рух дегеніміз бұл дерексіз ұғым емес, бұл абстрактілі түсінік. Рух, руханилық – мәдениеттің мазмұны мен нысанын айқындайтын негіз. Көшпенділер әлемінің тұрғындары жасаған, Орталық Азия, Сібір,  Поволжье, Күнгей Кавказ, Орта және Таяу Шығыс, Шығыс Еуропа халықтарының бірқатарында сақталған қыл-қобыз музыкалық аспабы айтылғанның айқын дәлелі болып табылады.



Заманауи халықаралық ғылыми қауымдастықтың бірлескен зерттеулері арқылы қобыз – әлемдегі ең ежелгі керілген қылмен ойналатын аспап екені айқындалды. Бірқатар аралас ғылымдар зерттеулерінің негізінде (тарих, география, археология, иконография, этнография, дінтану және т.б.) керілген қылмен ойналатын аспаптардың азиаттық шығу тегі және кейіннен Еуропаға таралып, қазіргі ішекті  аспаптарға  дейін  дамығандығы дәлелденді (Орталық және Орта Азия). Аспапты шығыс және бастыс елдері қабылдап алып, «өздерінің музыка, көркемдік-эстетикалық дәстүрлері туралы түсініктеріне және қолда бар табиғи материалдарына сәйкес оның пішіні ме мақсатын өзгертіп отырған». Мәңгі жасайтын тәңіршілікке, Қорқытқа, саз бен аспаптың тамаша тегіне деген қалтқысыз сенім, халық өміріндегі киелі ролі қобызды қаймана жұрттың жұғысуынан ғана емес, әртүрлі өзгерістерден де аман сақтады. Ыспалы шекті аспаптардың түпкі тегінің әуелгі сипаттары мен құрылысын сақтап қалған нақ осы қазақ бақсыларының қобызы болды. Ол бүгінде Азия, Еуропа, және Африка бойынша тарап кеткен гиджак, фидель, годулка, эрху, байху, гарзе, ковыж, скрипка, альт, вилончельдер мен кейде тіпті жан танымастай боп өзгеріп кеткен ұрпақтарының өзіндік бір Адам атасы тәрізді, - дейді өнертанушы  Ә. Мұхамбетова. 





Аңыз бойынша қыл-қобызды жасаушы күй атасы Қорқыт болып табылады. Осы тұста біз көшпенді әлем үшін маңызды оқиғамен және жалпы алғанда түркі музыкасының басты компонентімен ұшырасамыз. Аңызға сенсек, Қорқыт Жер әлемінде алғашқы болып ысқымен аспапта күй (көнетүркілік Көк – көк Аспан) ойнаған адам. 



Рухани феномен ретіндегі күйдің ерекшелігі ол «өзінің табиғи жаратылысынан Ғаламның ырғақтарынан, қозғалыстарынан, тербелістерінен, ал содан соң әрине, оның өмірге келуіне себеп болған нақты өмірлік жағдайдан тұрады», - дейді ойшыл  Қ.Ш. Нұрланова.  Күйдің тарихи ғұмыры ұзақ болып шықты, өйткені өзінің ауызша табиғатының арқасында бүгінгі күні де ол бүлінбеген негізінде сакралды-медитациялық музыка ретінде тіршілік етуде. Күйдің ауқымы, оның шағын нысаны (2-3 минут шырқалады) ғарыштық дірілді естуге көмектеседі. Күй әлемді-модельдеуші рухани константа ретінде ең күрделі – Уақыттың және Кеңістіктің, яғни Мәңгіліктің сынағынан өтті.



Сонымен қатар күйдің икемді құбылыс екенін атап өткен жөн, оның тіршілік қарекеті ауыспалы әлеуметтік-мәдени жағдайлар мен өзгеру механизмдеріне бейімделе білу мүмкіндігімен қамтамсыз етіледі. Ұлы қағанат кезеңінде күй циклі мемлекеттілік символының ролін атқарған. «Қаған ордасында тартылатын күйдің саны бір жыл ішіндегі күндердің санына сәйкес 366 болған. Мұны «Тәңірінің 366 тармақ күйі» деп атаған. Жыл басы көктемдегі күн мен түннің теңесер күнінен /науырыздың 22-23-і/ басталып, бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп, ұлан-асыр тойға айналдырған. Ұлыстың ұлы күнінде бүкіл қағанаттың үміт-тілегін тәңірге жеткізетін 9 күй тартылған» (А. Тарақты.    



 Келтірілген мәліметтер түркі заманында сол уақыттың тағдыршешті армандарын бейнелеп, сипаттағандықтан күйші қоғамда ең маңызды орын алғандығын дәлелдейді. Бұған күйдің ауызша берілуі мен әлем ісіне қызмет еткен және бұл тұрғыдан Ұлы түркі қағанатының мемлекеттілік символы ғана емес, Мәңгілік Рухани Болмыс символы болған «көңілшек, адами қарым-қатынастағы адамдардың»  тікелей байланыс ахуалы да көп дәрежеде ықпал етті.  



 Түркі қағанатынан кейінгі кезеңде күйші мен күйдің функциялары  тарихи ауыспалы болып шықты және қандай да бір халықтарда әртүрлі сипатқа ие болды. Қалай болғанда  да алтайлықтар мен хакастардаға – кай; татарлар мен башқұрттарда – күй; қазақтарда, қырғыздар мен түркмендердегі – куу әлі күнге дейін халық ортасында сүйікті де құрметке ие. Қазіргі заманғы қайшылықтарға қарамастан, күй бүгінгі күні де барлық Тіршілік иесіне деген сүйіспеншілігі ретіндегі сакралды-медитациялық табиғаты мен дыбыстық идеалдылығын сақтап келеді.



 Сонымен Ұлы Даланың музыка мәдениеті (С.Аязбекова) дала фольклорының қойнауында пайда болып, онымен тығыз байланысты. Бұл – сөз бен музыканың өзара тығыз байланысы, ауызша тарату тәсілі, ортақтық, суырып-салмалылық.  Ауызша дыбыстық қабаттың мәдени-тарихи маңызы біріншіден, онда музыканың сакралды салттық-ғұрыптық практикасы ретіндегі музыканың әмбебап негіздемелері сақталған. Екіншіден, музыка мәдениетінің бірізді дамуы ауызша кәсіби музыкалық практика сияқты толыққанды және аса құнды феноменнің қалыптасуына ықпал етті.  



 19 ғасырдың құбылысы бола отырып, ауызша кәсіби музыка көркем феномен ретінде қазақ қоғамында жақсы дамыды. А.Сейдімбек бұл кезеңді «қазақ Ренессансы» деп атап, оны «Тарих мысқылы», «ескі дәстүрге сай рухани өркендеу және жаңғыру» заңдылықтарының көрінісі» ретінде сипаттайды. 525-бет. «Бұл жылдар Қазақстан халқының өмірін жеке құндылықтың ерекше белгісімен айшықтап, оның рухани мәдениетінің айрықша сипатын нығайта түсті. Қазақ Ренессансының ұлы өкілдері   мәдени құндылықтардың әлемдік қоржынында лайықты орын алған халықтың рухани қазынасын толықтыра түсті» - деп қорытындылайды               А. Сейдімбек. «Айтары жоқ, ғажайып құбылыс! Қазақ халқының тарихи тағдырындағы осынау ұлы сілкініс бас-аяғы 60-70 жылдың ішінде, 19 ғасырдың аясында өтті. Жай өткен жоқ, қазақ халқының болмысына өзіндік дара қасиет дарытып, мәдени-рухани төлтумалығын біржолата орнықтырып кетті. Қазақ халқының мәдени-рухани әлемінде Ренессанстық сілкіністің болғаны тарихи факт. Қазақ Ренессансының ұлы тұлғалары туындатқан рухани қазыналар ешқандай әсіре бұлдаусыз жалпы адамзаттық игілік болып табылады».



 Көшпенді әлемнің ауызша кәсіби музыкалық практикасының ерекшелігі дүниені тану мен оны жеке шығармашылықта бейнелеудегі дара тәсілімен ерекшеленеді. Бұны мәдениетте орындаудың оркестр, хор, топтық би жанры сияқты ұжымдық формасының жоқтығынан байқауға болады.               А. Аязбекованың айтуы бойынша «әлемдік қарым-қатынас байланыстарының  анағұрлым ерекше және айқын бейнелеушілердің бірі бола отырып, әлемдік мәдениетте жарқын және бірегей жағдайды бейнелеу қазақ мәдениетінің бір қыры. Бұл қасиеттің ерекшелігі бірегей, өйткені көшпенді қоғамның өзі бұл – ұжымдық, бірлескен қоғам. Тіршілік қарекетінің тұрмысы мен тәсілінің өзі солай қалыптасқан. Ал осы қоғамдағы сана – дараланған, философиялық тұрғыдан өзгеше». 



 Сонымен қатар, ұлттық музыка мәдениеті өткеннің ауызша мұрасымен тұйықталып, шектелмейді. Қазақстан мәдениеті – музыкалық әлемнің жаңа парақтары жазылып жатқан ашық кітап. Қазақстан композиторлары әлемдік музыканы өзіндік ерекшеліктері бар, ұлттық сипаттағы өнермен байытты. Қазақ композиторлары үшін ұлттық дәстүрлі музыка шығармашылық ізденістің қайнар көзі іспетті. Көптеген опера көріністері халық әуенінің негізінде шығарылды. Еуропалық симфония мен қазақтың кәсіби аспаптық музыка қағидаларының сабақтасуы жаңа жанр – оркестрге арналған күйлерді тудырды. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың аспаптық дәстүрдің бағытын өзгерту өзгеше оркестрлер бояулар мен үндердің, фортепианалық және вокалды техниканың асқан шебер тәсілдерінің пайда болуына себепші болды. Ежелгі қазақ мифологиясына, тәңірілік дүниетанымға және тарихқа жүгіну музыканың әсерлі-көркемдік аясын киелі тотемдік жануар бейнелерін пәлсафалық толғаулар мен асқан трагедиялық сипаттарға қарай жаңартты.



 Қазақстанның тәуелсіздік кезеңі музыкалық мәдениеттің тақырыпты және көркемдік аясын байытумен, ұлттық тарих пен мәдениетке асқан қызығушылықтың күшеюімен белгіленді. Сазгерлік стильдер дараланып, ұлттық әуезге деген қызығушылық қайта жанданды, көпшілікке танымал музыкасы пайда болды. Вокалды-аспаптық ансамбльдер мен топтар құрылды. Қазақтың халық және ауызекі-кәсіби дәстүрлі музыкасының әншілік, аспаптық және эпикалық жанрларын поп, диско, хард-рок, арт-рок, фьюжн стильдердің эстетикасы және элементтерімен қосу нәтижесінде алуан түрлі музыкалық бағыттар пайда болды.



 Орындаушылық түрлеріне қарай поп-музыка саласын жеке орындаушы әншілер, вокалдық және вокалды-аспаптық топтар, сондай-ақ аспапта орындаушылар құрайды. Ән өнерінде фольклорлық және ауызекі-кәсіби ән, эпикалық стиль элементтері рок музыка мәдениетімен сабақтаса отырып көрініс тапты. Аспаптық орындаушылық қазақтың кәсіби музыкалық дәстүрінің қазіргі рок-көркемдеу құралдарымен қарым-қатынас болып табылады. Бұған дәлел: Қазаңғап күйін өзінше көркемдеп жеткізу, халық әні стиліндегі домбыралық композиция, эпикалық дәстүрдің, ежелгі аспаптардың көне дауыс ырғақтарының, суырып-салып айтудың және рок музыка элементтерімен үндестік табуы, - деп жазды  2010 ж. Компакт-диск жинағы мәтінінде Ә.И.Мұхамбетова.



  Дала фолклорымен және музыкасымен тарихи сабақтастықта және өзара әрекеттестіктегі Ұлы Дала музыкасына қысқаша шолуды қорытындылай келе, Ұлы Даланың музыкалық әлемінде өткеннің – қазіргі заманның – болашақтың үйлесімділігі тән екенін атап өткіміз келеді. Қазақстанның қазіргі заманғы музыкалық мәдениеті бұл – көненің ауызша дәстүрінен бастау алатын дыбыстық қабаттардың әрзаманғы ағымының полифониясы. Сонымен қатар, көшпелі әлемнің музыка мәдениеті қазіргі кездің көркем практикасымен көлегейленбей, ығыстырылмай, жазбаша өркениеттің музыкалық мәдениетімен бара-барлық негізде лайықты тіршілік етуде.



  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты  мақаласында  «мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту - еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы». Қазақстанда мақтанып, әлемге көрсетуге тұрарлық дүниелер бар. Сондықтан сөз бен саздың тұтастығы ретінде Ұлы Даланың бірегей генофондының шығармашылық қайта жаңғыруына күш-жігерімізді жұмсаудың мәні бар, бұл жалпыадамзаттық өркениеттің баға жетпес мұрасы болып табылатын тіл мен мәдениетке терең бойлау үшін қажет. Қаймағы шайқалмаған күйде жинақталып, жүйеленген материалдық емес мұраның мәні болашақта салыстырмалы зерттеулер жүргізуге көмектеседі. Халықаралық антология мен атласты тыңнан жасауға мүмкіндік береді, ол аймақтық мәдениеттердің өзара әрекеттестігі мен өзара әсерін, мәдени интеграция үдерісін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл халықтардың рухани жақындасуы мен өзара түсінісуіне ықпал ететін көпір болып табылады.



  Осылайша, Ұлы Даланың сарқылмас үн әлемі түп тамырынан қазіргі заманға дейін шексіз дамуда. Оның тарихы Мәңгілік Елдің бірізді рухани дамығандығын көрсетеді, оған дәлел ауызша кәсіби практика қайраткерлерінің  атап айтқанда:  ақындар мен жыраулардың,  зияткерлік-шығармашылық мұрасы Ұлы Даланың философиялық мұрасының игілігі болып қалуы. Орта ғасырлардағы түркі ойшылдары;  Қазақ ақын-жыраулардың философиясы, т.б.// Қазақ халқының философиялық мұрасы. 20-томдық –5-ші, 8-ші томдар және көптеген басқа да еңбектер. Сонымен қатар



  Сонымен қатар қазақтардың музыка философиясы ретінде күйлер туралы ереже негізделді. Бұл тұрғыда іргелі еңбектердің бірі осы мақалада сөз болған С. Аязбекованың монографиясы.  Бірақ мәдени-тарихи өлшемдегі  дала фолклорымен және музыкасы тақырыбымен байланысты осы және басқа да мәселелер жаңа арнайы зерттеулердің мазмұнын құрайтын болады.



  Бағлан Жиеншеқызы Қоқымбаева, өнертану ғылымының кандидаты,



философия ғылымдарының докторы,



Павлодар  мемлекеттік  педагогикалық университетінің  (ПМПУ-ның)  профессоры.


автор