3 Тамыз, 2018
Ұлтының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай

Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының өткені сын-тегеуріндерге һәм қиын-қыстау кезеңдерге толы болса да, қайсар мінез, өжет жүрек иесі болып табылатын еліміз әр сынға қасқая қарсы тұра білді. Соның ішінде, «Туады ерлер ел үшін» деген қағиданы ұстана отырып, елдігіміздің сақталуы жолында аянбай қан мен тер төгіп, еңбек сіңірген алты Алаштан тараған азаматтар баршылық. Осындай арыстарымыздың қазақ халқының тарих беттерінде алар орны ерекше де елеулі болып қала бермек.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.



Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні - бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», - деген болатын.



Осы орайда Алаш арысы, өз елінің сүйікті перзенті Мұстафа Шоқай туралы айтып өткен жөн. Мұстафа Шоқай Түркістанның тәуелсіздігіне бар жан-тәнімен сенім артып, осы жолда аянбай еңбек сіңірген қайраткер болып табылады. Қасиетті Түркістан жерінің тәуелсіздігін барша қазақ елінің тәуелсіздігімен тең қараған.



Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай көреген көшбасшы, сұңғыла саясаткер ретінде большевиктердің алға тартқан ұсыныстарына жауап қатпастан, өзінің бірбеткейлігі мен алдағы мақсатына беріктігін көрсете білген. Азаттық үшін күрес жолында Мұстафа Шоқай қазақтың тарихында саяси көші-қонды  алғаш бастаған ел азаматы болып табылады. Яғни, Алаш арысы шетелде жүріп, тәуелсіздік үшін күресті белсене жалғастыруды көздеген. Ағартушы, ғұлама ойшыл, данышпан Мұстафа Шоқай - өзінің барлық өмір жолын қазақ елінің абырой-беделі мен ар-намысын қорғауға, шындық жолындағы елеулі күреске арнаған хас батыр, өз елінің ұланы.



Алаш арысы жайлы алғашқы зерттеулерді қолға алған кісі - жазушы Әнуар Әлімжанов. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарих ғылымдарының докторлары Дархан Қыдырәлі, Мәмбет Қойгелді, Көшім Есмағамбетов, академик Досмұхамед және Тимур Кішібековтер, жазушы-тарихшы Бейбіт Қойшыбаев, жазушылар Әкім Тарази, Оразбек Сәрсенбай, ақын Байбота Қошым-Ноғай, Қасымхан Бегманов секілді мәдениет саласының майталмандары Мұстафа Шоқайдың қызметін көрсету мақсатында зерттеулерлер жүргізген.



Азаттық үшін күрескен арысымыздың өмірбаянына тоқталып өтсек нұр үстіне нұр болар. Мұстафа Шоқай 1980 жылғы 25 желтоқсанда Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезінде орналасқан Наршоқыда дүниеге келген. Белгілі Торғай датқаның немересі, Ер Шоқай-бектің ұлы болып табылады. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайдың нағашы жұрты сонау Хиуадағы қазақ хандарының тұқымынан тараған. Ол кісі ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін өте жетік меңгерген.



Сәби шағынан білім нәріне сусындап, алғырлығымен қатар, ойшылдығымен көзге түскен жас Мұстафа бастауыш білімді ата-анасының қасында жүріп, ауыл молдасынан алады. Кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер  гимназиясына оқуға қабылданады. Ал 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін үздік бағамен тәмамдап шығады.



1910-1917 жылдары Ресей жерінде революциялық ахуал орын алған кез туады да, аталмыш жайт алғыр жасқа өзіндік әсер етеді. Көп нәрсені түсініп-білуге, ой қорытуға түрткі болады. 1916 жылы Мұстафа Шоқай Мұсылман фракциясының хатшысы лауазымын атқара бастайды.



Осылайша билік басында жүргізіліп жатқан саяси жұмыстарға белсене араласа бастаған Мұстафа Шоқай 1917 жылдың аяғына қарай беделді саясаткерге айналады. Өз еліңе деген ыстық сүйіспеншілігі мен жігерлі жүрегі лаулап тұрған Алаш арысы қазақ елінің тағдырына қатысты түрлі іс-шараларға, жиындарға қатысып, төрағалық ете бастайды. Кейін Түркістан жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы лауазымына сайланады.  Осы тұста Мұстафа Шоқай барша түркі халықтарының басын біріктіруге негізделетін Түркістан автономиясын құру туралы ұсыныс жасайды.



«Бірлік түбі - береке» демекші, Мұстафа Шоқай түркі халықтарының басын біріктіру арқылы ғана аңсап жүрген тәуелсіздікке қолжеткізуге болатындығын білген. «Бiз, әрине, өзiмiздiң атамекеніміз Түркiстанды кеңестiк Ресейден де, басқа Ресейден де бiржола бөлiп алуды мақсат етемiз. Бұл - бiздiң ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддемiз. Бiз тек осы идея үшiн қызмет етемiз. Атамекенiмiздiң iшiндегi және сыртындағы барлық ұлттық күштерiмiздi осы идея төңiрегiнде топтастыруға барынша тырысамыз.



Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы - ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi», - дейді өз сөзінде азаттық жолында күрескен батыр.



1917 жылғы 22 қарашада Қоқанда саяси партиялар мен қозғалыстардың қатысуымен Бүкілтүркістандық конгрес ұйымдастырылады. Аталмыш жиында Қоқан автономиясының құрылғандығы туралы айтылады. Автономия президенті ретінде Мұстафа Шоқай сайланып, осы жылы Алаш Орда үкіметінің құрамына кіреді.



Кейін 1918 жылдың басында қарулы жұмысшы отрядтары мен қызылгвардияшылар Қоқанды шабуылдаған кезде Мұстафа Шоқай Грузия еліне аттанады да, сол жақтан Түркия мемлекетіне қоныс аударады, кейін  Францияда тұрақтайды.



Негізінде, Мұстафа Шоқай түркі халықтарының өкілдерімен қатар, өзге де ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынас жүргізу арқылы халықаралық байланыс орната білген. Ол Украина, Кавказ елдерінің Еуропадағы өкілдері құрған Прометей одағына мүше болып кіреді. Сонымен қатар, Парижде Кавказ, Түркістан және Украина халықтары достық комитетін ұйымдастырып, басшының орынбасары болып сайланады. Осы тұста халқым деп қабырғасы қайысқан, ұлтым деп ұран көтерген азамат ердің «Кеңестер билеген Түркістан» және «Қазақ жеріндегі ашаршылық» атты мақалалары жарық көріп, елдің сол кездегі әл-ауқаты боямасыз ащы шындық түрінде көрсетіледі. «Мен большевик Сафаровтың айғақтарына сүйенемін. Ол - ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі. Сафаров былай деп жазады («Правда», №133, 20 маусым 1920 жыл»): «Перовскіде (Сырдария облысы) патша жендеті Гержот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты – қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен бір миллиондай қазақ аштан өлді», - деп көрсетті Мұстафа Шоқай.



Өзге елде жүрсе де Мұстафа Шоқай өзінің бастапқы мақсатын ұмытпайды. Осы жолда бірқатар жұмыстарды қолға алып, Түркістан халқының өмірінің бейнесі ретінде журналдар мен газет басылымдарын шығара бастайды. Өз тарапынан аталмыш басылымдардың жарық көруіне және мазмұнына белсенді түрде атсалысады. Мұстафа Шоқайдың ұйымдастыруымен жарық көрген  «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдары Стамбұл мен Берлин қалаларының баспаханаларында басылып отырған.



Мұстафа Шоқай 1941 жылғы 27 желтоқсанда дүниеден озды.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz