13 Ақпан, 2019
ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАР ШАРА

      13 ақпан күні «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен Астанадағы № 5 балалар кітапханасында Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары негізінде «RYH time» тұлға-танымдық жобасы өтті. Жоба аясында қала тұрғындары елімізге белгілі Ербол Тілешов, Омар Жәлел сынды ел ағаларымен кездесті.


      Кездесу барысында қоғам қайраткері, үлкен алаштанушы-ғалым Ербол Ерденбекұлы ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлтшылдығы, қиын-қыстау замандарда қара бастарының қамын емес, бодан ұлтының бақыты үшін, азаттығы үшін арпалысқандарын айтып, ұлтты сүю, ұлттық мінез, ұлттық намыс хақындағы өзінің көзқарасын ортаға салды. Қайраткер ғалым: «Адамның ұлттық мінезінің қалыптасуы – географиялық-климаттық жағдайына байланысты. Мінез арқылы адамның шаруашылығы, болмысы қалыптасады», - деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған қазақ ұлтының гені, болмысы мен ұлттық коды, этникалық сипаты туралы жан-жақты қамтып, әдеби-тарихи кітаптардан мысал келтіре отырып, ойын әсерлі жеткізді.



       Көпшілік қауымға «Харекет», «Жақсы» кітаптары арқылы танылған абайтанушы-ғалым, философ Омар Жәлелұлы ХХІ ғасырдағы қазақ жастарының қандай тұлға болып қалыптасу керектігі, отбасы тәрбиесі, қазақылық ұстаным мен болмыс, қыз баланың тәрбиесі, ұл баланың тәрбиесі жайында тағылымды әңгіме айтты. Омар ғалымның әрбір сөзінен Бұқар, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім сынды ұлы даланың ұлы есімдері атанған данышпандардың дана сөзімен сабақтасып, тыңдарманын ұйып тыңдатты.  



        Жиынды ұйымдастырушы, «Руханият» орталығының басшысы, қоғам белсендісі Ержан Еңсебайдың айтуынша, «Қашанда болсын ел ағаларының елдік дәрістері – жасөспірімдер мен жастардың қоғамға пайдасы тиер азамат болып қалыптасуына, елдік һәм ерлік ұстанымдарын айқындауға, туған елі мен жерін сүюге қызмет етері сөзсіз ақиқат». Мекеме басшысы алдағы күндері де «RYH time» тұлға-танымдық жобасы өзінің жалғасын табатынын айтып өтті. Әр кездесуге қоғамда өзіндік орны бар, талғамы биік, танымы терең ел ағалары шақырылып, жастарға мотивация, бағыт-бағдар беретін болады екен.



        Ине шаншар орын болмаған, нөпір халық жиналған тағылымды шараның модераторы Ержан Серікболұлы үш жарым сағатқа созылған диалогты кездесуді тәмамдай отырып, ел ағаларына ықылас білдіріп, естелікке орталық атынан, көрермен қауым атынан кітап сыйлады.



 



Елдос ТОҚТАРБАЙ, RUH.KZ


Ruh.kz
"Руханият" орталығы