30 Қыркүйек, 2019
ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ҰЛАҒАТЫ



Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылының күні аясында теңге ілу мен аударыспақтан аудан біріншілігі өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұлттық ойынды ұлықтаған жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құттықтау сөз сөйледі.

– Бүгін біз ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар – теңге ілу мен аударыспақтан ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыстың куәсі болғалы тұрмыз.

Ұлттық ойындардың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтіні бәрімізге белгілі. Ұлттық спортты санасына сіңіріп өскен баладан елін, жерін шынайы сүйетін, салт-дәстүрін ұлықтайтын азамат өсіп шығады. Себебі компьютер мен ұялы телефонға үңіліп, дене қимылынан ада қалған баланың денсаулығы мен асық атып, ләңгі теуіп жүрген баланың денсаулығын салыстыруға келмейді, – деген Әлімжан Мұратбайұлы ұлттық ойындардан өтетін жарысты ашық деп жариялады.

Мұнан соң туған жердің өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып, ауыл мәдениеті мен спортын көтеруге лайықты үлесін қосқан азаматтардың бірқатары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ұлттық ойындардан алғашқы аудан біріншілігі тартысты болды. Бағы мен бабы келіскен мықтылар жеңімпаз атанды. Атап айтар болсақ, аударыспақтан 60 келіде Бекарыстан би ауылының тұрғыны Шархан Тілеуназаров, 70 келіде жалаңтөсбатырлық Болат Тұрабаев, 80 келіде Тасарық ауылынан келген Жеңісбек Мұсабаев, 90 келіде тағы бір бекарыстанбилік Сәкен Үмбетовтің мерейі үстем болып, үздік шықты.

Теңге ілуден Ғ.Мұратбаев ауылынан келген Алмат Көбейсін қарсыластарының барлығын шаң қаптырып кетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылардың тарапынан ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.

Қызылорда облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі