19 Қараша, 2019
Ұлы даланың жеті кереметі

Тарихымызды біліп, мәдениетімізді ұғынып, кеше мен бүгінгі болып жатқан тарихи құбылыстардан хабардар болып жүрейік


Біз өмір сүріп жатқан әлем, Жер планетасы ғажайыпқа толы. Он сегіз мың ғаламның қай бұрышы болмасын, өзіндік бір болмысымен ерекшеленеді. Адамзат осының барлығын әуелден-ақ қарап, тізбектеп кетті. Сөйтіп олардың тоқталған саны жеті болып, жеті кереметті атады. Не себепті деп ойлайсыз? Ғаламшардың кереметтерін санай берсең, сан алуан емес пе?! Неліктен тек жеті санына тірелді? Әлде оның бір айрықша мағынасы болды ма екен?! Біз бұл сұрақтардың жауабын сіздер үшін іздеп көрдік. «Білгенге – маржан» деген, сондықтан артықтық етпес?..

Сонымен шегі жоқ сандардың ішінде неліктен жеті саны алынып, жеті керемет делінді?

Жеті саны тек қана қазақ халқы үшін ғана емес, ол әлемнің басқа да елдері арасында әрдайым қасиетті болды. Оны қадірлеу сонау ықылым заманнан бері келе жатқан үрдіс және де ол жайдан-жай кереметке айнала салмады. Оның түрлі себептері бар. Бір себебі: ай күнтізбесіне орайластырылған, яғни бір апта жеті күннен тұрады. Сонымен қатар аңыздарға сүйенсек, ежелгі Македонияның патшасы Ескендір Зұлқарнайын саяхатшылардың назарын аудару ниетпен жеті орынды белгілеген көрінеді. Олардың тізімінде: Мысыр пирамидалары, Бабылдың аспалы бағы, Эфестегі Артемида ғимараты, Зевс мүсіні, Галикарнастағы табытхана, Гелиос мүсіні және Александрия шамшырағы. Яғни бұдан шығатын түйін: ежелгі гректер де жеті санын аса құрмет тұтқан.

Жеті кереметтің бұл нұсқасы 2007 жылға дейін аталып, одан кейін жаңа түрі ұсынылды. Олар: Қытай Ұлы Қорғаны, Колизей (Рим, Италия), Мачу-Пикчу (Оңтүстік Америка, Перу), Петра (Иордания), Тәж Махал (Үндістан), Иса Пайғамбар мүсіні (Бразилия), Чичен-Ица (Солтүстік Америка, Мексика).

Біз қазір ғана әлемнің осы күнгі жеті кереметін атап шықтық. Ал Қазақстанның жеті кереметіне не кіретінін білетін бе едіңіз?

Жеті санының қазақ арасында маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. «Жеті ата», «Жеті қазына», «Жеті нан» және т.б. да жеті санымен сабақтас атаулар халқымызда ежелден-ақ пайда болды. Енді көп ұзамай Қазақстанның жеті кереметін аталық:

Таңбалы тас суреттері.  

Таңбалы тас суреттері..jpg

Көшпелілер жерінен орын алған, қола дәуірінен қалған көне жәдігерлер бір Қазақстанды ғана емес, дүние жүзі елдерінің де таңдайын қақтырады. Сонымен қатар таңбалы тас суреттері әлемдік мәдени жәдігерлер қатарына кіреді. Қола дәуірі кезеңінде күнге күйген жылтыр тау жартастарына қашалып салынған суреттерден жануарларды, адамдарды, арбаларды, соғыс көріністері мен күнделікті тұрмыс-тіршілікте орын алатын қалыпты жағдайларды көруге болады. Таңбалы тасқа қашалып салынған бейнелер ежелгі дәуірдегі адамзаттың болмыс-бітімін көрсетеді. Суреттерден олардың ұстанған мәдениетін, дүниетанымын тани аламыз. Жетісудың ең көне жәдігерлерінің бірі – Тамғалы петроглифтерінде байырғы адамдардың өмірі, сол кездегі салт-санасы, діни наным-сенімі және де күнделікті ішіп-жемін қалай тапқандығы, аңшылық пен соғыс ісіне қатысты көріністер аңғарылады. Тамғалы петроглифтері әлемдегі ең бай жерлердің бірі болып саналады, сондай-ақ ол дүние жүзі мәдениетінің қазыналы қорына енген. 

Таңбалы тас суреттері.jpg

Алтын адам. 

алтын адам.jpg

Осы уақытқа дейін елімізде жүргізілген археологиялық зерттеулерден соң ғалымдар көптеген «Алтын адамдарды» тапты. Алғашқысы өткен ғасырда, 1970 жылдың басында Алматы облысы Есік қаласының солтүстігінен табылған еді. Зерттеулерге сүйенсек, ежелгі сақ тайпасының жас жауынгерінің алтынмен қапталған денесі осыдан 2500 жыл әріректе жерленген. Оның киімінде 4 мыңға жуық алтын әшекейлер безендірілген. Ал әшекейлердің әрбірі барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс кейіпінен көрініс беретін жан-жануарлар нақышында жасалған. Алтын адам табылған қорған да біздің заманымызға дейін өмір сүрген алғашқы тайпалардың ұстанған дінін, қолданған мәдениетін танытады. Қазақ жерінен табылған «Алтын адам» өзге халықтардың да қызығушылықтарын тудырады. Кир патшаны жеңіп шыққан сақтардың жас ханзадасының алтынмен көмілген зираты еліміздің азаттық символы тәріздес. Алтын адамның тұлғасы Алматы қаласының бас алаңына орнатылып, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлардың көрінісі елтаңбамызға енді. 

Есік қорғаны.jpg

Қазақтың киіз үйі. 

Қазақтың киіз үйі.jpg

Көшпенді қазақ халқының алғашқы сәулеттік құрылысы киіз үй болғандығы барлығына аян. Тарихи мәліметтерде қола дәуірінде Еуразия құрлығында дөңгелек үстіндегі алғашқы баспаналар пайда болғандығы айтылады. Ылғи да көші-қонның етегінде жүрген қалың қазақ үшін қараша үйлер қашанда өте қолайлы болған. Киіз үй тез тігіліп, тез жиылатындығымен ерекше. Көне заманда ата-бабамыздың басынан қиын-қыстау күндер өткенде, әсіресе, қан майданда қауіпсіздік шараларын алдын-ала ұйымдастыру үшін оңай көшіп, жүре беретін болған. Бір қазақтың ғана емес, Орта Азия елдерінің де орта ғасырларда басты баспанасы осы – киіз үй еді. Қақаған аязда да, шыжыған ыстықта да халқымыз қара үйді мекен етті. Сол үшін киіз үй үнемі киелі, жайлы орын болды. 

Қазақтың киіз үйі..jpg

Домбыра. 

Домбыра..jpg

Әр ұлттың өз ерекшеліктері бар: мәдениеті, руханияты, дүниетанымы, наным-сенімі. Сол секілді ұлттық аспаптары да болады. Қазақтың қазақтығын танытатын басты аспап – домбыра. Олай деуімізге себеп – домбыра үні шырқалған сәтте тыңдаушының көз алдына бірден өткен ғасылардағы кәдімгі жасыл жайлау, қыстаудан аман шығып, түйеменен жылқы мініп көктеуге көшіп бара жатқан қарапайым ел-жұрт елестей кететіні теріс емес, солай ғой?! Талай ақындарымыз бен күйшілеріміз көптеген күйлер мен термелер шығарып қалдырды. Оның әрқайсысында бір мағына түйюлі. Қазақ басынан кешкен мұңлы зарын да, аштыққа төтеп берген ауыр күндерін де, шаттыққа толы сәттерін де бір күйге сыйдыра білген. Домбыраның тарихы ұлтымыздың тарихымен тең деуге әбден болады. Зерттеушілер домбыра аспабын осыдан 2000 жыл бұрын пайдаланыла бастағанын айтады. Домбыра – ұлттық мәдениетімізді танытанытын аспаптардың бірегейі, дүние жүзі елдеріне қазақ секілді ұлт барын, оның осындай бай мәдениетке толы халық екендігін дәлелдейтін құнды аспап. Домбыраның арқасында қазақта қаншама Құрманғазы, Тәттімбеттер дүниеге келді. Енді осыдан кейін домбыраны қалайша керемет демеуге болады?!. 

Домбыра.jpg

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі..jpg

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы ең өзгеше архитектуралық құрылыс болып саналады. Оған шетелден келетін туристердің де шегі жоқ. 1500 жылдық тарихы бар киелі қалада орналасқан сәулет өнерінің айрықша көрінісі ХIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығы бойынша салынған. Шығысқа әйгілі көне түркі ақыны – Ахмет Ясауидің күмбезі 8 бөлмелер тобынан (Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт) тұрады. Кесененің орталық залының өзінде 35 бөлме салынған. Сондай-ақ оның бірнеше күмбезі бар. Тарих қойнауынан сыр шертетін ерекше құрылыс өнерінің ішінде орта замандағы халқымыздың мәдениеті, тіршілігі анық сақтаулы. Ондағы ыдыс-аяқ, құрал-сайман түрлері арқылы өткен ғасырлардағы ата-тегіміздің қазыналы мәдениетін білуге болады. Кесененің ішінде және жанында көптеген қазақ хандарының зираты бар. Мақтанарлық дереккөз: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2003 жылы Парижде «Мәдени мұра» тізіміне енді. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазан.jpg

Маңғыстау жерасты мешіті. 

Маңғыстау жерасты мешіті....jpg

Қазақстандығы сәулет өнерінің тағы бір ерекше-тарихи құрылысы саналатын Маңғыстау жерасты мешіті Маңғыстау облысындағы Үстіртте орналасқан. Бұл жерді ара-арасында Бекет ата жерасты мешіті деп те атайды. Мешітте киіз үйдің көлеміндей болатын үш бөлме бар. Ел ішінде таралып кеткен әңгімелер бойынша, Бекет ата XVIII ғасырда өмір сүрген. Ол емші, көріпкел ғана емес, физика, математика және т.б. да ғылымдарды меңгерген. Әулие атаның денесі де осы мешітінде орналасқан. Бекет атаның мазарын күллі қазақ елі біледі десек қателеспегеніміз. Халық оның басына түрлі себептермен барады: бірі дертіне шипа іздесе, енді бірі жолдарын ашуға. Мешіттің басты ерекшелігі оның жердің астында орналасуында. Кей деректерде мешітті Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті – Шопан ата салдырған дейді. 

Маңғыстау жерасты мешіті.jpg

Нұр-Сұлтан – Бәйтерек. 

Нұр-Сұлтан – Бәйтерек..jpg

Қазақстанның бас қаласы – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Бәйтерек» монументін бар қазақ біледі. Терек пішінінен көрініс беретін «Бәйтерек» кешені тәуелсіз Қазақстанның символы ретінде белгілі. Биіктігі 97 метр болатын жаңаша сәулет құрылысының ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Оған қолы тигенде шиыршық түрінде жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылады және Қазақстанның мемлекеттік әнұраны ойнайды. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы – 70 тонна, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 метрді құрайды. Елордамыздың қақ ортасында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» монументі егеменді Қазақстанның нышаны, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспеттес. «Бәйтерек» тұрғылықты халықтың көп баратын жерінің бірі. 

Нұр-Сұлтан – Бәйтерек.jpg

Осымен Қазақстанның жеті кереметімен таныстыруымыз аяқталды. Сәлде болса сіздерге көмегіміз тиді деп сенеміз.

P.S: Тарихымызды біліп, мәдениетімізді ұғынып, кеше мен бүгінгі болып жатқан тарихи құбылыстардан хабардар болып жүрейік.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден