15 Наурыз, 2019
ҮРКЕР АДАСТЫРМАЙТЫН ЖҰЛДЫЗ

Түркі тілдерін зерттеушілер де, әдебиетшілер де, тарихшылар да қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының өте жақын туыстар екенін мойындайды. Рухани жаңғыру туысымызды түгендеумен де толымды болса керек, деген оймен ноғай руханиятының көрнекті өкілі Сүйін Қапаев туралы бірер сөз айтуды жөн көрдік.


Ноғай халқының әдебиеті ерте замандардан басталады. Ноғайлы дәуірінің ауыз әдебиетіндегі батыр мен билер туралы жырлар – көптеген түркі халықтарының, соның ішінде ноғайдың да ортақ мұрасы. Қазір ноғайлар Ресей Федерациясының құрамында Дағыстан, Қарашай-Шеркеш Республикасы, Ставрополь өлкесі, Астрахан облыстарында т.б. жерлерде тұрады. Көбірек бөлігі Түркияда қоныстанған. Тағдыр талайымен әр аймаққа тарыдай шашырағанына қарамай, өр рухты халықтың ауыз әдебиетімен бірге жазба әдебиеті де қатар дамыған. Туған елінің мерейін асқақтатып, әдеби тілін дамытуға орасан зор үлес қосқан біртуар перзенттерінің шығармалары ағылшын және ТМД ұлттарының тіліне аударылып, соның арқасында ноғай тілі мен мәдениеті әлем елдеріне танымал болып отыр.



ХХ ғасырдағы ноғай әдебиетінің қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған тұлғалардың бірі жазушы, ақын, публицист ноғай халқының сүйікті перзенті Сүйін Имамәлиұлы Қапаев. Оның алғашқы шығармалары сонау отыз жасының өзінде-ақ, «Құрмет ордені» секілді мемлекеттік жоғары мараптқа ие болған. Әдебиет саласына сіңірген зор еңбегі үшін 1995 жылы оған Қарашай-Шеркеш Республикасының халық жазушысы деген атақ берілген, сонымен қатар 1997 жылы «Достық» орденімен марапатталған. Дағыстан Рспублиасының еңбек сіңірген қайраткері. «Бекболат», «Үркер», «Уақыт іздері» романдары мен «Ошақ», «Жусан», «Ақшоқырақ ауылында», «Жердің жылуы», «Мен ораламын, Қанитат», «Ноғайдың үйі» секілді повестері оқырмандардың сүйікті шығармаларына айналған. Бұлар ноғай халқы өмірінің әр кезеңіне арналған шығармалар. «Буырқып аққан Тазасу» жинағы қазақ, қарақалпақ тілдерінде жарық көрген.



Сүйін Қапаевтың поэзиясы халық даналығының мөлдір тұнығынан сусындаған нәзік лиризмге толы. Өлеңдері көптеген тілдерге аударылған – қазақ, уакраин, ағылшын, неміс, поляк тілдерінде әлем халықтарына ноғай рухы болып үн қатты. Ел арасына таралып кеткен көптеген өлеңдері халықтық сипатқа ие болып, тамырын тереңге жайды. Сүйін Қапаевтың шығармалары Қарашай-Шеркеш, Дағыстан және Астрахан облыстарының мектептерінде кеңінен оқытылады.



Ноғай халқының перзенті деген атқа лайық тұлға. Сүйін Қапаев бауырлас қазақ пен ноғай халықтарының арасын жақындатуға еңбек сіңірген тұлға, оқта-текте Қазақстанға өзі келіп немесе түрлі тақырыптарда хаттар алмасып, қазақ жазушыларымен, ғалымдарымен әдеби-мәдени байланыстарын үзбеген. «Белгілі әдебиеттанушы ғалым Рахманқұл Бердібаевпен ағайын-бауырдай болып кетіп еді», – дейді жазушының ұлы белгілі ақын, жазушы, публицист Иса Қапаев. Ал Рахманқұл Бердібаевтың «Байкалдан Балқанға дейін» деген еңбегінде екі ел әдебиетшілерінің арасындағы бұл байланыстың қалай басталғаны туралы айтылған екен: «Есентуки – Черкесск маршруты бойынша автобустың таңертеңгі алғашқы рейсімен тоқсан шақырым жердегі облыс орталығына әні-міне дегенше келіп жеттім, жұмыс күні бастала бере мен облыстық «Ленин йолы» газеті редакциясының табалдырығын атадым... Маған керегі ноғай редакциясы болғандықтан, бірден «Ленин йолына» бардым. Сол жерде газеттің редакторы Баубек Карасовпен, газеттің бөлім меңгерушілері жазушылар Фазыл Әбдіжалиловпен, Сүйін Қапаевпен таныстым» деп еске алады. Араға ғасырлар салып, екі халықтың арасында қайта орнаған алғашқы байланыс туралы болғандықтан, осы жолдардың жалғасына да қысқаша тоқтала кетелік: «Менің келуім ноғайлар мүлде күтпеген оқиға еді. Әдепкіде аң-таң болған әріптестерге: «Қазақ пен ноғайдың іргесі бөлініп, қонысы жырақтағалы бері бірнеше ғасыр өтті ғой, содан сіздерді ағайыным еді деп іздеп келген қазақ бар ма?» дедім мен әзілдеп. «Жоқ, бұған дейін ноғайды арнайы іздеп келген қазақ болғанын білмейміз», – деді жылы шырай білдіріп. Шын туыстар кездескендегідей еркін әңгімелесіп кеттік...». Міне осылай басталған зиялылар арсындағы әріптестік байланыс терең тамырлы бауырластық сезімді қайта жаңғыртса керек.



Сол жолғы кездесуден кейін арадағы қатынас үзіліссіз ұзақ жылдар бойы сақталған. Рахаңның ілгеріде аталған еңбегінің «Ноғайлы деген ел еді» дейтін тарауының алғашқы жолдары «Менің туысқан ноғай халқының тарихы мен тағдырына көңіл бөліп, азда-көпті ғылыми ізденістер жасай бастағыныма аттай жиырма үш жыл болыпты», – деп басталады. Сонымен қатар, ноғайдың көрнекті жазушысы Сүйін Қапаевтың әңгімелері мен повестер жинағының «Жазушы» баспасынан шығуына, Қазақстан туралы естелік әсерлерін «Алматы ақшамы» газеті арқылы таныстыруына да өзінің септескенін еске алады. Сүйін Қапаевтың ұлы Исаның еске алуындағы «ағайын-бауырдай» болып кетіп еді деген сөзіне осы айтылғандар толық дәлел бола алса керек.



Осы орайда тақырыпқа қатысты болғандықтан, туысқан ноғай халқын іздеу бақыты бізге де (осы жолдардың авторы) бұйырғанын қысқаша айта кеткенді жөн көріп отырмыз. 2009 жылы шілде айында Қарашай-Шеркеш Республикасының астанасы Черкесск қаласында тұратын Иса Қапаевтың үйінде болғанда, көп мәліметтерге қаныққан едім. Сол жолғы таныстығымыз, арада он жыл өтті үзілмей келеді. Ноғайларды іздеп келген адамды қонақ үйге түсіру әбестік болып саналады екен. «Минеральные Воды» деген жерде ұшақтан түсіп, Черкесскіге таң қараңғысында жеткен мені ұзақ уақыт көрмеген бауырындай құшағын жая қарсы алды. Қонақ үй туралы екі ауыз сөзге келтірмей, үйіне ала жөнелген. Апта бойы еркін көсіліп айтылған әңгімелерден кейін «Иса аға» деп кеттім де, нағыз ағаға тән болмысмен үнемі көз алдымда тұрады.



 



Сүйін Қапаевтың ұлы Иса Сүйінұлының үйінде



Әке жолын қуып жазушы болған ұлдың да басты арманы – ноғай халқының болашағы, туған елінің тағдыр-тарихы, тілі мен мәдениеті. Сол үшін түн ұйқысы төрт бөлінген жан. Көптеген кітаптардың авторы, Эркин-Халктағы «Ноғай мәдениеті мен тарихының халықтық музейін» негізін қалап, жасақтаушы (жалпы таныстық үшін қысқаша беріп отырмыз). Айтайын дегеніміз біраз еңбектері қазақ тіліне аударылып, біздегі баспалардан жарық көрген. Екі халықтың арасындағы байланысқа қосқаны үлесі және басқа да еңбектері үшін жазушыға 2009 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атағы берілді. Сол жылы Егемен Қазақстан газетіне жазған хатында «Мен өзімінің шығармашылық ғұмырымда қос халықтың әдебиетін бір-бірінен ажыратып қарап көрген жоқпын, алдағы уақытта да бір-бірімізге жақындай түсу бағытында күш-жігер аямайтынымды айта отырып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаметке, қазақ халқының шығармашылық интеллигенциясына, көп санды оқырмандарыма үлкен ризалығымды білдіремін және барша жақсылықтарды тілеймін», – деген болатын. 2011 жылы Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен халықаралық конференцияда баяндама жасады, арнайы біздің өтінішімізбен студенттерге ноғай тілінде ноғай әдебиеті бойынша дәріс оқыды. Үйлерімізде қонақта болды. Еліне жеткеннен кейін жазған хатында «Жүрегімнің бір кесегі Қазақстанда қалды», – деп ағынан жарылғаны есімізде. Текті әкеде туған текті ұл кешегі Рахманқұл Бердібай, Сүйін Қапаевтар бастап салып кеткен қазақ пен ноғай арасындағы сол байланыстың кеңеюіне мол үлес қосып келеді.



Ісімен де, сөзімен де өзінің туған еліне, тіліне деген сүйіспеншілігін дәлелдеп өткен Сүйін Қапаевтың ілгеріде еңбектері мен атақтарына қысқаша тоқталдық. Ал шығармаларындағы терең толғаныстармен шертілетін сырлар өзінше бөлек. Туған тілдің тұнығына құныққан сөз зергерлерінің басынан кешкен сүйіспеншілік сезімі оның да жанын шарпымай қалмаған секілді: «Тіліміздің әлемінде мен білмеген сөзлері көп, соларды бір қарап шығайын деп, мен йаңы йазып баслағанымда Ашықұлақ Дагестан ноғайларды қыдырып шықтым. Оннан Астрахан ноғайларыман да йолықтым. Бізде мұтылған көп сөзлерді мен олар бетте таптым. Оларды көріп мен бізім тіліміздің айлақ бай екенін білдім. Сөзді білер үшін халқыңды әрүу етіп танымаға керек екен. Өйткені халықтың арасында йүрмеге, онымен бірге йаның-қаның бір болмаға тиіслі. Өз тілі әдемге анасының сүтімен, атасының қанымен сіңеді.



Өзімде – көзім, көзімде – сөзім, сөзімде – тілім. Тіліміздің деңіздей тереңлігін, дәриядай кеңлігін, йанымдай тәтлілігін, деніңе қаныңдай кереклігін сезіп, мен бұлай деп йаздым:



... Ана тілім, ана сүтпен



Қанға сіңдің, жанға сіңдің,



Дұныия көріп, сені біліп,



Соқпақ сайлап, йолға міндім...



Ана тілім – ноғай тілім



Мен тірімен сеніменен,



Сенсіз болған бір күнімді



Тең етермін өлімменен...», деп жазыпты «Құранның нұры» атты кітабында. Кейбір сөздер мен дыбыстардағы ерекшеліктер, екі тіл арасындағы дербестікті емес, диалектілік, тіпті говорлық дәрежедегі бір тілдің екі бұтағын елестетеді. Егер тарих тегершігі басқаша айналса, ноғай тілінің жергілікті ерешелігі болып отырар ма едік. Тіпті біртұтас ноғай тілді халық болуымыз да мүмкін еді ғой. Сырт қарағанға осылай көрінеді, дегенмен қазірге туыстас екі тілдің арақатысы туралы нақты мәлімет беруді, болашақта жазылатын «қазақ-ноғай тілдерінің салыстырмалы грамматикасының» еншісіне қалдыра тұруға тура келеді. Екінші бір ескерерлігі – тіл туралы қазақ ақындарының да өлең жолдары осыған өте жақын. Тарихи тамыры ортақ жүректерде төл руханиятына шөліркеуден туған махаббаттың сарыны да ортақ болады екен.



Туған халқына өлмес мұра, артына тәрбиелі ұл қалдырған, түркі және ТМД елдерінің әдебиеті әлеміндегі бірегей тұлға Сүйін Қапаев өмір бойы туған халқына қызмет етіп өтті. Ол өзінің бір романын «Уьлкер», яғни «Үркер» деп атады. Табиғатын танығаннан болса керек. «Үркер Күн мен Айдың аспандағы жүретін жолына жақын тұрады... Үркер күннің шығысынан шығады, оңтүстікпен жүреді, күнбатыстан батады. Үркер адастырмайтын жұлдыз», – деп жазады зерттеуші ғалым Хасен Әбішев (Әбішев Х. Аспан сыры. Алматы: «Жазушы», 2009. – 264 бет.). Ұлы адамдар да ұлы жолмен жүреді. Биіктен жарқырап, халқының адастырмас жұлдызына айналады. Сүйін Қапаевтың ноғай халқының үстінен жарқыраған жұлдызы да Үркер секілді.



Жазды күндері кеші батса артынан таңы сығалап тұратын Арқаның біртұтам түніне үйренген жұрттың көбі сағат он екіні өткізбей жастыққа бас қоймайды. Астанадағы Еуразия универитетінің екі қызыл үйінде тұратын шығармашыл тұрғындардың көбіне бұл жылдағы әдет. Шамамен сағат бірден кеткен кез. Қол телефон шыр ете қалды. «Серік Негимов» деген жазу шығып тұр екен.




        
  • Ассалаумағалейкүм!

  •     
  • Бекжан жатып қалған жоқсың ба? – деді, сәлемімді алудан бұрын «мазаламадым ба?» деген сыңаймен.

  •     
  • Жоқ, ояумын.

  •     
  • Сен ноғай жазушысы Сүйік Қапаевты білесің бе?

  •     
  • Сүйін шығар, Иса Қапаевтың әкесі ме?

  •     
  • Сүйік деп жазып қойыппын. Ұйықтамасаң сыртқа шық. Мен бір сурет таптым.



... Кілең көршілер (сыртта жүрген Кенжеғали Мыржықбаев, Дихан Қамзабекұлы, Мақсат Алпысбес т.б.) қол телефонның жарығымен суретті қарап жатырмыз. Ортада Серік ағаның өзі суреттегілерді таныстырып, әрқайсысы туралы тамылжыта естеліктер айтып отыр. «Бекжан, сен мына суретті Иса ағаңа жібер, қуанып қалсын», – деді сәлден соң. Ойланып қалдым: биыл Сүйін Қапаев 90 жасқа толу керек еді. «Тарихи сурет екен, мүмкін газетке береміз», – деп едім, тұрғандар да қостай кетті.



Секең суреттегілердің ішінде бірнеше адамды жыға тани алмады. «Бұларды бір білсе Бауыржан Омаров біледі. Соған хабарласып көрші», – деді, маған тапсырып. ...Баукең қолына тие салысымен, бізге белгісіз болған төрт-бес адамды сол күні-ақ анықтап шықты, аттарын ғана емес, өздерін де (қашан, қайда оқыды, қандай тақырыпта еңбек жазды, қазір қайда? т.б. туралы телефонмен айтылған әңгіме-деректер жеке мақалаға арқау боларлық). Сонымен бәрі түгел болды – әрқайсысы қазақ руханиятының тарихында өзіндік орны бар тұлғалар.



...Сурет қазақ зиялыларының ноғай ағайынға деген сол кездегі құрметінің белігісі болса керек. Бүгін де бәсеңдемепті.



 



М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері.



Солдан оңға қарай отырғандар:Жарылқасын Әбішев, Серік Негимов, Әзімхан Алманов, Айтжан Айдашев. Ортаңғы қатарда тұрғандар: Көбей Сейдеханов, Қабиболла Сыдиқов, Мардан Байділдаев, Әнуар Дербісәлин, СҮЙІН ҚАПАЕВ, Рахманқұл Бердібаев, Күлән Ұзақбаева, Қайролла Иманғалиев, Әбділхамит Нарымбетов, Едіге Тұрсынов, Яхуда Амандықов, Шәкизада Құттыаяқов. Артқы қатарда тұрғандар: Мырзабек Дүйсенов, Есенгелді Жақыпов, Әбділхамит Райымбергенов, Көпбосын Панзабеков, Өтеген Күмісбаев, Мұхамедрахым Жармұхамедов, Төлеубек Алпысбаев.



1986 жыл 16 сәуір



Сурет профессор Серік Негимовтың архивінен алынды.  



Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ



Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы



 


автордан