3 Мамыр, 2019
ҮШ КҮН НҰРЫН ТӨГЕДІ АСПАНЫМНАН...

Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің ұжымы Сыр өңірін үш күн бойы әнмен әлдилеп, бимен көмкерді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың "Үш бақытым" деген өлеңінде "Үш бірдей бақытым бар алақанда, (Мені мұндай бақытты жаратар ма?!). Үш күн нұрын төгеді аспанымнан, Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!" деген жолдарын көпшілік қауым білсе керек. Тура осы өлең жолдары Ұлттық ұланның өнер ұжымы мен Бас қолбасшылығындағы жетекші офицерлік құрамға негізгі бағыт-бағдар болғандай дерсің. Өйткені, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов бастаған Ұлттық ұланның үгіт-насихат тобы бірнеше күндік іссапарға шығып, оның алғашқы үш күнін Сыр өңірінен, Қызылорда облысының орталығы, Қызылорда қаласынан бастады. 


   Әскери қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне, қала және облыс тұрғындарына Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын түсіндіру, ел арасында Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне, олардың көрсеткен ерлік істеріне, атқаратын қызметтік-жауынгерлік жұмыстарына құрметпен қарау, әскерге шақырылу жасындағы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатымен «Біздің Елбасы» акциясы аясында Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат тобы және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ән-би ансамблі «Ұлы дала ұландары» тақырыбында концерттік бағдарламасын (тегін) қалың бұқараға ұсынуы Сыр өңірінде жалғасын табуда. 



Облыс орталығы Қызылордада орналасқан Нартай Бекежанов атындағы драма театрда кеше кешке концертпен бастаған игі шара бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында ұйымдастырылған дөңгелек үстелмен жалғасты. Алқалы басқосуға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов бастаған Ұлттық ұлан офицерлері мен сарбаздары және Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері, жергілікті билік өкілдері және өзге де мүдделес мемлекеттік мекеме мамандары қатысып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау жайы мен ұлттық құндылықтарды кейінгі буын өкілдеріне ұғынықты етіп жеткізе отырып, рухани жаңғырудың жолдарын жан-жақты талқылады.

Елбасы айқындап берген сара жолмен жүріп, әскери саланың ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, жауынгерлік рухты ояту бағытында қолға алынған бастамалар туралы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов өз баяндамасында кеңінен тоқталып айтты. Рухани жаңғыру тақырыбына қатысты әңгіме тиегін төл тарихымыздың тереңінен сыр тарқата бастаған генерал-майор Мұхаметқали Құсайынұлы бүгінгі таңда Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздардың жауынгерлік рухын оятып, насыын қайрап, жігерін жану бағытындағы елдің идеологиялық шараларын тізбектей түсті. Яғни, Ішкі істер министрлігінің қолдауымен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының және жергілікті жерлердегі атқарушы органдардың қолдап-демеуімен Отан сарбаздарының игілігіне айналатын айтулы дүниелер қолға алынып, жүзеге асып жатқаны белгілі. Соның бірі - Ұлттық ұлан ән-би ансамблі ұжымының бірнеше күндік сапармен арнайы бағдарлама аясында Сыр өңірі мен батыс аймақты аралай жүріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі деп айтуға болады. 



  "Бағдарламаның бір парасы Қызылорда облысындағы белді оқу орны болып табылатын Қорқыт Ата университетінің Студенттер сарайында бас қосқанды жөн санадық. Өйткені, бұл жерде біздің болашағымызды жарқын ететін жастар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған аға буын өкілдері бар. Осындай ортаға әскери саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарымыз келсе, өздері ғана келіп қоймай әскери салаға бейімделіп, төселіп жатқан жас сарбаздарымызды ерте келіп, қасымыздан орын беріп, сөз тыңдатсақ, пікір алмассақ оның несі айып екен?!. Керісінше, Елбасымыздың бағдарламалық мақалаларында айтылған рухани жаңғырудың озық үлгісі осы болады емес пе?! - деді М.Сатов. 



  Жиын барысында осындай оқшау ойларын ортаға салған генерал-майор М.Сатов шара аясында бірқатар қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерін марапаттады. Алғыс хат пен грамоталарды, және бағалы сыйлықтар мен "Қоғамдық қауіпсіздікке 25 жыл" (атауын нақтылау керек) кеуде белгілерін ұлттық құндылықтарды сақтап, насихаттау жолында аянбай еңбек етіп жүрген қоғам белсенділеріне табыс етті. Олардың қатарында 1997 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасын күзетіп жүріп жауынгерлік ерлігімен жан тапсырған сарбаз Ержан Әбдиевтің ата-анасы да болды. Оларға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан арнайы сыйлық табыс етілсе, сонымен қатар, әскери-патриоттық сыныптар ашу қажеттігіне қоғам арасында кеңінен насихаттап жүрген "Рухани жаңғырту" орталығының бөлім басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлима Әбдіхалықова, қоғам белсендісі, ұстаз, зерттеуші-журналист Бахтияр Оспанов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бақытхан Әбдікәрімов, Сыр өңіріндегі зиялы қауым өкілдерінің бірі жазушы ғалым, аңыз-әңгімелер зерттеушісі Сәпен Аңсатов елдің мұңын сөйлеп, жоғын түгендеп жүрген атпал азаматтар болды.



   Сондай-ақ, сөз сұрап ортақ тақырыпқа ой қосқандардың қатарында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес, Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Сайлаубай Жұбатыров пен Қызылорда облысы әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы, саяси ғылымдар кандидаты Сәулет Сахиев сынды сала мамандары болды. Еркін пікір алмасу үлгісінде өрбіген дөңгелек үстел аясында Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің үш күндік бағдарламасы қызылордалық отандастарымыздың көңілінен шығып жатқаны айтылып, ұйымдастырушылар тарапына риясыз пейілмен алғыс айтылды.

 



Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

 





 



 



 



 


ғаламтор