23 Сәуір, 2019
«Ұшқын» кинофестивалі «жаңа» есімдерді танытады

Екінші  халықаралық «Ұшқын» студенттер кинофестивалі басталды. Фестиваль бағдарламасында конкурстық көрсетілімдер, дөңгелек үстелдер, сондай-ақ  мастер-класстар жоспарланған.


Жас кинематографистерге қолдау көрсетіп әрі көшін алға сүйреуді мақсат еткен «Ұшқын» кино додасы бұл саланың талаптанған жас буындары үшін есімдерінің биіктеу алаңына айналарына еш күмән жоқ. Себебі «Ұшқын» сөзінің түпкі мағынасы да, әрбір қатысушы үшін  жүрегінде кино әлеміне деген үміт отын жағып, көшін алға бастырар жетекші жұлдыз іспетті.



Осыған орай аталмыш шараның қатысушыларымен, бірінші кезең жеңімпазымен және ұйымдастырушыларымен кездесіп, кино аламаны туралы сөйлесіп көрген едік...





Талғат Тайшанов, кинооператор, продюсер, режиссер, «Ұшқын» ІІ  халықаралық студенттік кинофестивалінің атқарушы директоры: Биылғы фестивальға қатысушылардың саны елуден асты. Байқауға 12 киномектептен елуге тарта жұмыс жіберілді. Кинофестивальге Ресейден, Франциядан, Польшадан, Америкадан және Қырғызстаннан келген қатысушылар бар. Бұл «Жастар жылына» арналған шараның бірі. Байқауға жіберілген туындыларға қойылатын негізгі талаптар: фильмнің 10 минуттан кем болмауы, 30 минуттан артық болмауы. Байқауға еркін тақырыптағы көркемсуретті, деректі, анимациялық фильмдер қатыса алады. Арнайы құрылған халықаралық қазылар алқасы «Үздік режиссер», «Үздік фильм», «Үздік деректі фильм», «Үздік анимациялық фильм», «Үздік актерлар» номинациясы бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Халықаралық кинофестивальдің қазылар құрамына




        
  • Еуропалық киноакадемия мүшесі, профессор, режиссер, сценарист Giovanni Robbiano (Генуа, Италия).

  •     
  • Профессор, сценарист, продюсер, кинорежиссер Эрнест Абдыжапаров (Бішкек, Қырғызстан);

  •     
  • Санкт-Петербург мемлекеттік институты «Кино және телеарна, оператор шеберлігі» кафедрасының профессоры Сергей Ландо (Санк-Петербург, Ресей);

  •     
  • «Астана Фильм Академия» орталығының басшысы. Кино және ТВ саласындағы  «Мемлекет мақтанышы» премиясының негізін қалаушы, режиссер, сценарист  Жандос Құсайынов;

  •     
  • Кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстанның Кинематографистер Одағының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университеті, «Өнертану» кафедрасының профессоры Назира Мұқышева;




        
  • Қазақ ұлттық өнер университетінің «Кино және телеарна» кафедрасының меңгерушісі, режиссер, сценарист Ерлан Нұрмұхамбетов;

  •     
  • ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоюшы суретші, актер Өмірзақ Шманов.



 





Аян Базылбек, студенттік әділқазылар алқасының мүшесі: Фестиваль биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Былтыр тек Қазақ ұлттық өнер университеттерінің студенттері қатысқан бұл шараға биыл жан-жақтан, алыс-жақын шетелден келіп қатысып жатқандар бар. Қуанатын жағдай. Қазақ киноиндустриясы кенжелеп қалды деген сөзбен келіспейтін едім. Осы және өзге де байқауларға біздің студенттер, түлектер көптеген туындыларын жіберіп тұрады. Сондай шығармаларға қарап отырып, қазақ киноиндустриясының болашағы жарқын боларына кәміл сенемін!



 





 



Шұғыла Сержан, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Кино, театр және ТД» факультетінің «Көркем фильм режиссурасы» мамандығының ІІІ курс студенті, «Ұшқын – 2018» кинофестивалінің жеңімпазы, «Самал» фильмінің режиссері: Байқаудың маңыздылығын, қажеттілігін айтпаса да көріп тұрған боларсыздар. Шетелдерден қатысушылардың, қонақтардың келуі аталмыш байқаудың деңгейін көрсетіп тұр.



Кинофестивальге қатысушыларды ұстаздарымыз жан-жақты қолдап жатады. Жарықтың түсірілуі, монтаждың жасалуы, кейіпкерлермен жұмыс, бәрі-бәрі де кітапта басқа да, қолмен істегенге мүлде басқа. Жиған біліміңді практикада сынап көруге, үйренуге, өз туындыңды түсіріп, сәтті түскен тұстарын еселеп арттыруға, кемшілігімен жұмыс жасауға арналған жоба деп білемін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін.





Назира Мұкышева, қазылар алқасының мүшесі,  кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры: Былтыр алыс-жақын шетелдің кинотуындылары байқаудан тыс бағдарламада көрсетілген еді. Биыл шетелдік туындылар да кино байқауында сынға түсіп жатыр. Бізге бұндай фестивальдер қажет-ақ. Өйткені Астана киноның орталығына айналуы керек. Фестивальге бас-аяғы 38 кинотуынды қатысып отыр. Оның ішінде 20 көркемсуретті фильм, 9 деректі фильм және тура осындай сандағы анимациялық фильм бар. Бұл фестивальдің жастарға берері мол. Жастар тек өз шығармашылығымен тоқталып қалмайды, шетелдік замандастарының туындыларына қарап артықшылықтарын меңгеруге талпынады. Сондай-ақ өзге елдерден келген қатысушылар қазақ киноиндустриясының қыр-сырымен танысып жатады. Бұл мәдениеттер байланысы.



Айтқандай-ақ осындай шаралар қазақ мәдениетін шетелдіктерге, шетел мәдениетін қазақтарға танытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Байқауға қатысушы жастарға сәттілік тілейміз! Күні ертең-ақ, осындай замандастарымыздың ішінен Шәкен Аймановтай талантты киножұлдыздар шығарына сеніміміз мол.



 



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz