9 Қазан, 2019
Ұстаз мәртебесі - Ұлт мәртебесі


«Барлығымыздың мақсатымыз – білім саласының сапасын арттыру, ал оны жөндейтін ұстаздардың жағдайы әр мемлекетте әртүрлі. Әлемде болып жатқан табиғи апаттар, жергілікті соғыстар, тоқтаусыз орын алып жатқан қоныс аударулар, терроризм және т.б. секілді мәселелердің алдын алу. Біз әлемдік білім кеңістігіне кіреміз деп отырмыз. Ол үшін осы мәселелердің шешімін табу керек»

Майра Амантаева


Жыл сайын, қазан айының алғашқы демалыс күндері әлемде Халықаралық Ұстаздар күні тойланады. Биыл да бұл үрдіс қайталанып, өткен аптадан бері еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім – сарқылмас азық. Соны бізге сыйлайтын ардақты ұстаздарымыз.

Кеше Елордада «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-нің ірі шаралары өтті. Ұстаздар күніне және еліміздің ең ірі қоғамдық ұйымы болып табылатын Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға алыс-жақын шет елдердің кәсіподақ басшылары, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, салалық кәсіподақтардың және республиканың білім және ғылым Кәсіподағының мүшелік ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары жиналып, дөңгелек үстел басында ауқымды тақырыптарды талқылады.

Жиында қозғалған басты мәселе – Халықаралық білім беру кәсіподақтары бірлестіктерінің көшбасшылары қазіргі қоғамдағы ұстаз мәртебесі, білім және ғылым кәсіподақтарының мәселелері, оларды шешудің жолдары және кәсіподақ жұмысының тәжірибесімен бөлісу.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрайымы Майра Амантаева осы тақырыпқа тоқталып өтті және ол өз сөзінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» бір ғасырға таяу уақыттың ішінде көптеген қиын жолдардан өтіп, қазіргі жағдайға келіп отыр», - деп ерекше атап кетті. Оның айтуынша, жиынға қатысқан 22 елдің де (Ұлыбритания, Польша, Грузия, Белоруссия, Ресей, Румыния, Оңтүстік Африка, барлық ТМД елдері, Түркия және т.б.) мақсаты бір. Майра Амантаева: «Барлығымыздың мақсатымыз – білім саласының сапасын арттыру, ал оны жөндейтін ұстаздардың жағдайы әр мемлекетте әртүрлі. Әлемде болып жатқан табиғи апаттар, жергілікті соғыстар, тоқтаусыз орын алып жатқан қоныс аударулар, терроризм және т.б. секілді мәселелердің алдын алу. Біз әлемдік білім кеңістігіне кіреміз деп отырмыз. Ол үшін осы мәселелердің шешімін табу керек», - деді. Сондай-ақ Майра Амантаева үстел басында еліміздің тыныштығы мен бірлігіне нұқсан келтірмеудің қырлары мен сырларын қарастыра отырып, мұғалімдердің құқығын қорғау жолдары талқыланғандығын айтты. Қысқасы, тұтас бір ұлттың келешегін жасайтын ұстаздар қауымының құқығын қорғауды, білімнің сапасын арттыру отырыстың басты тақырыбы болып, әр мемлекеттен келген делегат мүшелері бір-бірімен пікір алмасты.

ппп.jpg 

Халықаралық білім ұйымының Еуропалық Комитетінің директоры, Ұлыбританиядан келген Сьюзан Флокеннен (Susan Floken) бұл туралы сұрағанымызда:

«Қазақстан Халықаралық білім ұйымының Еуропалық Комитетінің мүшесі болып табылады. Мен мұнда екінші рет келіп отырмын. Алғаш мен 2016 жылы келген болатынмын. Біз осында болғанымызға және кәсіподақта болып жатқан өзгерісті көргенімізге қуаныштымыз. Меніңше, ұстаздық маңызды мамандықтың бірі болып саналады. Сол себептен жастар осы мамандыққа келулері керек. Оларды бұған тарту үшін жақсы жалақы, еңбек жағдайы, ұстаздардың автономиясы болуы керек. Үкімет мұғалімдерге сенім білдіруі керек, яғни олар өздері шешім қабылдауы тиіс. Себебі ұстаздар білім жөніндегі барлық сауалдардың сарапшылары. Мен Қазақстан кәсіподағының бұл жолда көп нәрсені жасап жүргенін білемін», -деп деп жауап берді.

Ал Ресейден келген «Білім және ғылым» кәсіподақтары Халықаралық бірлестігінің президенті Галина Меркулованың бүгінгі болған шара жөнінде пікірі төмендегідей болды:

«Бүгін кәсіподақ қозғалысы тұрғысында, оның айналасындағы мәселелерді шешу жолдары туралы халықаралық маңызы өте жоғары конференция өтуде. Білім саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің басын біріктіретін жиын тәріздес. Бұл дөңгелек үстелде кәсіподақ қызметкерлерінің барлығы айналысатын кең ауқымдағы мәселелердің бірі талқыланып отыр. Бұл шамамен 180 елдің басын біріктіретін білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ішіндегі үлкен ұйым».

Шеттен келген қонақтардың барлығы кезегімен сөз сөйлеп, жиналған жұртқа білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын ұсынып, пікірлерімен бөлісті. Соның арасында Түркия мемлекеті де болды. Түркиялық делегат: «Қоғамның қарқынды дамуына ұстаздар ерекше әсер етеді. Кәсіподақ қоғам арасында маңызды рөл атқарады. Білім саласының ішінде Түркияда 20-ға жуық кәсіподақ бар. Мойындау керек, Түркияда кәсіподақтық қозғалыс жағдайы нашар деңгейде тұр. Барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Ал Қазақстанға келсек, 1990 жылдардың үстінде Түрксойда, Түрік кеңесінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевпен көптеген мәселелерді талқылаған болатынбыз», - деді.

Барлық спикерлердің сөздерін негізге ала отырып, шығаратын түйін мынау: бір елдің өркендеуі үшін ұстаз мәртебесі өте жоғары болуы шарт. Өйткені ұстаздар мемлекеттің болашағын қалыптастырушы, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуші бірден-бір тұлға.

Майра Амантаева өз сөзінде: «Барлық ақпарат көздерінде, кинофильмдерде біз ұстаздардың қоғамдағы алатын орнын көрсетуіміз керек. Оны мемлекет болып қолдасақ қана еліміз өркендей түспек», - деген болатын. Шынында, көпшілік қарап, қызығатын дүниелердің арасына ұстаздар туралы да қосып жүрсек басқаша болатын тәрізді. Мәселен, қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсарин туралы балаларға арнап мультфильм шығарып, сценарий ішіне өлеңдерін де қосатын болса ғажап болар ма еді?! Бұл идеяға Абайды қоссақ та тамаша болады. Қысқасы, қоғамның негізін қалаушы ұстазды қалай құрметтесек те жарасар еді.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
ашық дереккөздерден