4 Қазан, 2019
Ұстазым, арманымның белесі едің...

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға

Абай


Ұстаз... Естуші құлаққа жағымды әсер қалдыратын қандай жылы ұғым! Ол өмірлік бағытқа жол сілтеуші, адамдардың компосы тәріздес. Сонау атам заманнан адамзаттың барлығы ұстазды құрметтеп, одан тәлім алған. Тіпті жан-жануарлардың да соңдарынан сүйретіп жүретін көшбасшысы болады. Әлемнің алғашқы ұстазы дегеннен адам ойына бірден Аристотель түседі. Аристотель – біздің заманымызға дейінгі ғасырда өмір сүрген данышпан, «адамзаттың бірінші ұстазы» деген атқа ие ғұлама-ойшыл. Ол ежелгі грек философы Платонның шәкірті, Ескендір Зұлқарнайынның ұстазы. Аристотельтельмен есімдері қатар жүретін Сократ, Платон секілді ғалымдар бар. Бұл үштік пәлсапаның шыңы ретінде ерекше  құрметпен аталады. Он сегіз мың ғаламның алғашқы ұстазы саналатын Аристотельден кейінгі жер жаһанның екінші ұстазы – Әл-Фараби біздің қазақ жерінде, соның ішінде Түркістан облысындағы ежелгі қала – Отырарда дүниеге келген. Ол 870-950 жылдар аралығында өмір сүрген.  Әл-Фараби түркі ойшылдарының ішінде ең атақтысы. Бірнеше мамандықты қатар меңгерген ол 150-ге  тарта трактат жазып қалдырған. 

Әл-Фарабиден кейін көптеген ғалымдар шыға бастайды. Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Әл-Хорезми, Омар һайям, Галилео Галилей, Исаак Ньютон, Николай Коперник және басқалары. Олардың әрбірі жаңа ғылым ашып, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып кетті. Бұл аты аталған ғұламалар ежелгі дәуір мен орта ғасырлар аралығында өмір кешті. Олардан кейін, өткен ғасырларда Шохан, Абай, Ыбырай, өзге ұлттардың арасында Л.Н. Толстой, А.С. Пушкин, Ф.М. Достоевский даналардың ізін жалғап кетеді. Бүгінгі біздің мектеп табалдырығы мен жоғары оқу орындарында алып жүрген біліміміз сол ежелгі ұстаздар мен зерттеуші ғалымдардың тірнектеп қазған еңбектері. Көнеден қалған азықты сарқылмас қазына – кітаптан бізге үйретіп жүрген – біздің бүгінгі ұстаздарымыз. Осының барлығын жүйелеп қарағанда тәлімгерліктің қай заманда да мәні жоғалмайтынын көреміз. Ұстаз ол қай кезде де ұстаз болып қала береді. Оларға:

«Ғалым да, шахтер да бас иетін,

Ұстазым бар сенің қасиетің,

Білім берген, ой берген, ақыл берген,

Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең», -  

деп бекер ән арналмаған. Барлық жаратылыс ұстаздың алдынан өтпей, үлкен өмір алаңына шығып, сан алуан сынақтарға төтеп бере алмайды.

Қазақ халқы ұстазды құдайындай сыйлаған. Халқымыз әрдайым балаларына:

«Оқысаңдар, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!»,- 

деп Ыбырай атамыздың көрсеткен жолын сілтеп жүрген.

Алдағы уақытта бір ұлттың негізін қалаушы деген атауға әбден лайық – ардақты ұстаздарымыздың мерекесі жақындап келеді. Соған орай біз Елордадағы №76 мектеп-лицейіне арнайы барып, бірнеше шәкіртті білім нәрімен сусындатып жүрген аяулы ұстаздардан сұқбат алып, олардан көпшілікті толғандырып жүрген біраз сұрақтың жауабын біліп қайтқан болатынбыз. Олардың бірі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,  ұстаздық қызметте жүргеніне 34 жыл болған Светлана Токпаева болса, ал екіншісі бастауыш сынып оқытушысы, еңбек өтіліне 6 жыл толған жас тәлімгер Гүлзат Мейірбекқызы. Алғашқы сауалымызды мамандық таңдаудан бастаған болатынбыз. Ендеше, мархабат!

орыс.JPG

Ұстаздық жолына қалай келдіңіз? 

Светлана Токпаева: «Мектепте оқып жүрген кезімде мұғалім боламын деп шешкенмін. Оған себеп үйдегі үлкен кісі болды. Ол маған: «Балам, сен патриот боласың» деп айтатын.  Ол кезде «патриот» деген сөз бір  керемет мағына берді. Ол ұғымды елдің бәрі мұғалімдікпен байланыстырып, оларды қатты құрметтейтін. Содан «мен мұғалім боламын», деп ойлап бастадым. 10-сынып оқып жүргенімде орыс тілі мен әдебиетінен Людмила Валентиновна деген жақсы мұғалім сабақ берді. Сол маған қатты әсер етті. Сол кісінің ықпалымен орыс тілдің маманы боламын деп нақты шешім қабылдадым».

Гүлзат Мейірбекқызының бұл сұраққа жауабы басқаша болды:

«Отбасымызда анамыз мұғалім. Ол кісі тарих пәнінен сабақ береді. Мен үйдегі үлкендердің ықпалымен осы мамандыққа келдім. Олардың ықпалы өзіме қарағанда көбірек болды. Алғашқыда қатты белсенділік танытпадым. 4-курс оқып жүргенде сұраныспен Алматы қаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектепке тәжірбеден өтуге бардым. Ол жерде әрі диплом алдындағы тәжірибе,  әрі мұғалімдік қызметті қатар алып,  балалармен тығыз байланыста жүрдім. Содан кейін менде мұғалімдік мамандыққа деген ынта ояна бастады. Тәжірибеден өтіп болғалы осы салада жұмыс істеп келемін».

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген. Шәкірттеріңізге  қаншалықты құлшыныспен дәріс бересіз? Сірә, өзіңіз  қалап түскен мамандыққа ерекше ықыласпен қарайтын боларсыз?

Светлана Токпаева: «Мен шәкірттеріме өзімнің балаларымдай қараймын. Біз балалармен жақсы қарым-қатынастамыз. Балалармен дос болуға көбірек  көңіл бөлемін. Қатты қатал емеспін. Балалар кейде: «Апай, сіз қатал емессіз, айқайлаңызшы, қатал болыңызшы», - деп айтады. Енді ол маған табиғаттан берілген қасиет шығар. 10-15 минут қатал болсам, содан өзім шаршап қаламын. Сабақ өткізгенде балаларға мүкіп емес, сабырмен түсіндіріп, оларға тең дәрежеде қарау керек деп ойлаймын».

баст.jpg

Ал бұл сұрақты жас оқытушыға қойып, оның сабақ беруге деген қызығушылығы қаншалықты жоғары деңгейде екендігін сұрағанда, ол: «Менің алдымда отырған әр бала – менің жауапкершілігімде. Мен олардың әрқайсысы үшін жауаптымын. Алдымен оларға менің махаббатым көрінетін шығар. Менің  жылулығымды сезінген бала менің сабағыма да ерекше ықыласпен қарап, жақсы белсенділік танытады деп ойлаймын», - деп жауап қайырды.

Ұстаз сөздерінен нені байқадыңыз? Тәуелсіздік алғаннан кейінгі мектеп іші мүлдем бөлек екені айтылмаса да белгілі болып тұрады.  Егемендік алаңында оқушылар мен мұғалімдердің еркін қарым-қатынаста болып жүргендігі сезіледі. Қазіргі кезде оқушылар ұстаздарға өздерінің ойларын ашық жеткізе алады. Шәкірттер ғана емес, елдегі барлық адам бір-бірімен адами-құқықтық нормаларын сақтай отырып, дербес байланыс жүргізе алады. Оның ішінде түрлі қызыққа толы сәттер болуы мүмкін. Ардақты ұстазымызбен осы турасында да әңгімелескен болатынбыз. Бұл жайында 34 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз Светлана Токпаевадан сұрағанды жөн көрдік.

«Өмірдің қызығы да, шыжығы қатар жүреді». Соның ішінде әр мамандықтың адамға өз берері болады. Нақтырақ айтсақ, ұстаздық жолға түскелі  көптеген қызықты жайттарға кезігіп жүрген боларсыз? Солардан бір үзінді келтіре кетсеңіз...

«Ақмола облысы Атбасар ауданында орналасқан А. Гайдар атындағы №8 орта мектебінде жұмыс істеп жүргенімде сыныбыммен А.П. Гайдардың «Тимур и его команда» тақырыбы аясында бір қайырымды шара өткізгенбіз. Яғни түнде аялдаманы, дүкеннің маңайын сырладық. Бір үлкен кісілер тұратын үйдің  қасында жиналмаған, бірақ жарып қойған ағаштар жатыр екен. Соларды жақсылап реттеп қойдық та, үйге қайттық. Келесі күні келсем, бір бастауыш сыныптың мұғалімі: «Білесіңдер ме, не сұмдық екенін білмеймін, түнде біреу біздің ағаштарды жинап кетіпті» дейді. Біз оны жасаған деп  айта алмаймын ғой. Үндемей отыра бердім. «Оны біреу жинап кетсе жақсы емес пе?!» десем, ол кісі айтады: «Қалай ол сонда? Ол адамға рақметімді айтуым керек қой» деп. Сол кезде бір мұғалім: «Бағана дүкен жақта да айтып жатыр бүкіл қоқыстарды тазалап, есігін жуып, аялдаманы әктеп қойған көрінеді. Не болып жатыр өзі біздің ауылда, елестер келген бе?», - дейді. Мектеп директорының қызы менде оқыған. Ол анасына барлығын айтып қойыпты. Келесі күні дүкенге барсам, бүкілі қол шапалақтап жібермесі бар ма?! Содан кейін балалар мен тұратын үйге барып, «Осы кісі Тимуровец, осы кісі бәрін бастаған» деп дуалға  жұлдызшалар салып қойыпты. Басқа сынып оқушылары да біздің сыныпқа сұранып: «Біз де оқиықшы, біздің де Тимуровец болғымыз келеді» деген. Сондай бір қызық оқиға болған».

орыс тил п.jpg

Егер тереңнен бойлап қараған болсаңыз, тәлімгердің жасаған бұл ісінің жастарға берер үлгі-өнегесі мол екендігін көресіз. Бұл қайырымды істің астарында қаншама тәрбие көмулі тұр. Өзгеге жәрдемдесу ешқашан артық етпейтіндігін аяулы ұстаз бейнелі сөздердермен жеткізе білген. Ол біреуге көмектесуден қашпауға шақырады. Адамдардың ықыласына бөленіп, үлкендердің батасын алудың жолын көрсетеді. Бұның барлығы сайып келгенде рухани жаңғырумен тікелей сабақтасатын дүниелер. Олай дейтінімізге себеп – көпжылдық еңбек өтілі бар ұстаз бүгінгі жастарды қайырымды, ақжарқын, мейірбан болуға шақыратыны. Өйткені қазақ атам заманнан ағайынмен де, көршімен де татулықты тең көрген халық. Қазіргі кезде кеңпейілділік жойылып бара жатқандай. Ұстаз өзінің бір ғана мысалы арқылы келешектің кілті – жастарға ата-баба қолданған ұстанымды ұсынды, есіне салды.

Келесі сауалымызда бүгінгі мектеп өміріне тоқталып, қазіргі оқу бағдарламасына, оқушылардың білім алуға деген талпынысына, бұрынғы мектеп пен қазіргі білім ордаларының айырмашылығына арнап, кеңінен сараға салған едік. 

бастауыш.jpg

Бүгінгі білім жүйесі жайында не айтасыз? Яғни оның сапасына қаншалықты көңіліңіз толады? Алып қосарыңыз бар ма?

Гүлзат Мейірбекқызы: «Алғашқы кезде жаңа бағдарламаны қабылдау, ата-аналардан бөлек, бізге де қатты әсер етті. Өйткені мұғалімдерге осыған дейінгі дәстүрлі сабақтардан бірден жаңа бағдарламаға көшу кішкене қиындық туғызды. Сол себептен ол үлкен күш талап етті. Алғашқы курстардан кейін біз оған бейімделдік. Қазіргі білім жүйесі бағалық емес. Онда баллдық негіз бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау арқылы қойылады. Оның тиімді жақтарын ата-аналар да жақсы қабылдауда. Бүгінде алғашқы жылға қарағанда бірінші сыныптың ата-аналары бағдарлама туралы көп мағлұмат біледі».

орыс мугалим.JPG

Қазіргі кездегі оқушылар туралы не дер едіңіз? Бірнеше шәкіртті білім нәрімен сусындатып жүрсіз. Олардың келешекке деген көзқарастары қандай? Балалардың оқуға деген құлшыныстары қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?

Светлана Токпаева: «Қазіргі буын,  қазіргі тәрбие дұрыс емес» дегенді көп естиміз. Мен онымен онша  келісе қоймаймын. Өйткені қазіргі балалар бұрынғыға қарағанда ақылды. Олар болашақтарын  ойлап, жоспар құрып отырады. Ойлары ұшқыр. 11-сыныпқа сабақ беріп жатқанымда бір  оқушы: «Осы бастан жұмыс істеп, ақша жинап, балаларыма үй қалдырғым келеді. Мен не үшін ата-ана боламын, егер өз балаларыма үй алып бере алмасам» деген сияқты әңгімелер айтып отыр. Көп балалар: «Шетелден білім алып, сосын Қазақстанға келіп, Қазақстанды дамытамын» деп талпынады. Әсіресе сол жақтары ұнайды. Сосын балалар өзіне керек емес пәнді ажыратып, болашағы үшін пайдалы болатын жағына қарай ұмтылады».

бастау.jpg

Бұрын мектепте қолданылатын әдістер қазір актуалды емес. Осы орайда сіз қандай әдістерді тиімді деп санайсыз? Болмаса сіздің оқу үйретудегі өзіндік ұстаным-ережелеріңіз бар ма?

Гүлзат Мейірбекқызы: «Біздің кезімізде тәртіп қатал болды. Ата-анамыз да, мұғаліміміз де талап ететін. Мұғалімімізден ата-анамызға бізден артық шағым түссе, бізге жаза қолданылатын. Ал қазіргі балалар еркін, ешқандай бүкпесіз ойларын ашып жеткізе алады. Досың сияқты барлығын айтып отырады. Өзім оларға ұрсатын кезде ұрсып аламын, алайда көңілдеріне тиетін сөздер айтпаймын. Тең көремін. Олармен сондай қарым-қатынас орнату керек деп ойлаймын. Цифрланған жүйенің дамыған заманы ғой. Қазіргі балалардың барлығы дерлік соны пайдаланады. Мысалы, кеше бір бала сабақтың үстінде қағазға жапонша әріптер мен олардың қандай мағына білдіретінін жазып отыр. Сосын мен таңқалып: «Сен осыны меңгересің бе?» десем, ол: «Иә, мен барлығын білемін, оқи аламын», - дейді. Бірақ сөздің мағынасын білмейді, тек оқи алады. Бүгін біреуі шахмат алып келіпті. Үзілісте жүгіріп кетпей, қозғалмастан соны ойнап отырды. Қызығушылықтары әр саланы қамтиды. Біреуі ғылымды, екіншісі өнерді ойлайды. Ойлары шексіз ғой. Мүмкін болашақта осылар ғылымға үлес қосатын азаматтар болып шығады?! Мен ондай қиялда жүретін балалардан көп нәрсе шығады деп сенемін. Ал өзіндік ережелеріме келсем, мен қаталдықпен сабақ үйретпеймін. Қаталдық балаға әсер етеді. Ұрсып, жекіп айта бергеннен гөрі оған жай сөзбен түсіндірген жөн. Мен бір тапсырманы аяқтамай, келесі тақырыпқа көшпеймін. Бала қырық бес минуттың ішінде тым құрыса бір тапсырманың қалай орындалатынын біліп шығуы керек. Түсінбей тұрып басқа тақырыпқа көшіп кету дұрыс емес.  Қырық бес минутта бір тақырыпты біліп кеттің бе, ол сенің жеңісің деп санаймын. Бірдеңені түсінген балаға да жақсы, өзіме де жеңіл».

орыс т.jpg

Светлана Токпаева: «Мен  ең бірінші балаларды  өзіме қызықтырғым келеді. Мұғалім күліп қараса, бір қызық оқиға  айтса, балалардың мұғалімге деген көзқарасы басқаша болады. Сосын тақырыпты түсіндіргенде бәрін айтып беруге тырыспаймын. Бір қиын сұрақ қойып, соны өздеріне шешуге беремін. Сол кезде  олар кішкене қызығады.  Содан кейін түсіндіргенде олар өздері айтып  отырады. Көбіне  сабақ үстінде ойындар ойнатамын».

Әр бала алғашқы білімін мектептен бастағандықтан ол оның өміріне үлкен ықпалын тигізеді. Келешекте сол жастар шетелге шыққанда еліміздің сол жақтағы ресми емес елшісіне айналады. Олардың туған жерге деген патриоттық сезімін көрсете алуы осы мектептегі алған білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Осы жайында ойыңызды білсек?

Светлана Токпаева: 10-сыныптың орыс тілі оқулығында «Казахстанкий компонент» деген тақырып бар. Оқушылар содан Қазақстанның ақын-жазушылары, халқымыздың салт-дәстүрлері, еліміздің географиясы сияқты көптеген мағлұматтармен танысады. Ол балалардың ана тілін құрметтеп, мәдениеті мен тарихын ұмытпауға баулиды. Кейін сол балалар шетке шығып жатса, туған жердің құндылығын кеңінен  насихаттайды деп ойлаймын. Мысалы менің Нұржан есімді шәкіртім қазір АҚШ-та жұмыс жасап жүр. Ол мектепте жүргенде өте тәрбиелі, білімді болды. Қазір ол мұхиттың арғы жағында жүріп бір компанияны басқарып отыр. Тұрақты түрде онда кетіп қалған жоқ. Оқып болған соң келісім бойынша сол жақта жұмыс жасауға уақыт беріледі. Содан елге қайтады. Қысқасы елімізде шетелге барып білімін жетілдіріп келетін балалар саны күн санап артып келеді. Бұл Қазақстанның дамуына зор ықпал етеді дегім келеді.

0Z9A3225.jpg

Гүлзат Мейірбекқызы: Сабақта «Менің отаным Қазақстан» деген тақырыпта сынып сағаттары, жұмыстары өткізіледі. Балаларға еліміздің әлемде жер көлемі бойынша 9-шы орында екендігін, біздің елімізде халық санының қанша екендігін өзге елмен салыстыра отырып, мүмкіндіктерімізді толық пайдалануға тәрбиелейміз. Олардың отанды қаншалықты жақсы көретіндігі жайлы, отан үшін не  істеуге болатыны туралы, оны қалай көркейтуге болатынын жан-жақты талдап отырамыз. Мен сабақта отан тақырыбын қозғаған кезде олардың бойынан ұлтжандылықты байқаймын. Болашақта осы кішкентайлардан көп үміт күтуге болады деп санаймын.

Егер артқа қайтып, мектептегі шаққа оралу мүмкіндігі болатын болса, онда өзіңізді қандай маман иесі ретінде көрер едіңіз немесе осы ұстаздық жолын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

Светлана Токпаева: «Жоқ, мен оған өкінбеймін. Бірде, қыстыгүні автобуспен көпірден өтіп бара жатқанда жұмыскерлерді көріп қалдым. Күннің аязына қарамастан жолды тазалап жатыр. Мен өзім тоңа беретін адаммын. Сонда өзіме: «Біздікі дұрыс емес. Балалалармен жылы жерде жүріп, өмірі қартаймаймыз, күліп жүреміз. Ешқандай аязда жүрген жоқпыз. Біздің жұмысымыз жақсы. Ал мына кісілер сияқты далада тоңып, аяздың астында қарды күреп жүрсем онда не етер едім?!» дедім. Кейде бәріміздің жұмыстан шаршайтын кездеріміз болады. Әр жұмыстың жақсылығы, жамандығы да бар. Бәріне көну керек, жеңе білу керек. Жұмысым ұнамайды дейтін болсақ, онда ұнамай кетеді. Ал, керісінше, осы жұмысты жақсы көремін, істеймін десек, онда саған да бәрі оңайға соғады».

Гүлзат Мейірбекқызы: «Қазіргі балаларға қарап, олардың мүмкіндіктеріне қарап отырсам, осы мамандықы қайта таңдайтын шығармын деп ойлаймын. Өйткені балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Бәріміз бір-бірімізді жақсы түсінеміз».

Көріп отырғандарыңыздай, қазіргі білім сапасы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғарылап, бірнеше сатыға көтерілген. Жастарымыздың дені өмірлік ұстанымдарын «Кітап – білім бұлағы» деп кітапқа арнаған. Балдырған кезінен бастап бүгінгі ұрпақ ақылды, зерек, алғыр болып өсіп келеді. Келешек үшін маңызы айрықша әжептеуір жоспарлар құра біледі. Тәуелсіздік жылдарына дейінгі мектепте қолданылған оқу ережелері толығымен дерлік өзгеріске ұшырап, балалар күрделі бағдарламалар бойынша білім алып,  соны игеріп жатыр. Ең мақтанарлығы – қазір еліміздің барлық азаматының бойында отанына деген  патриоттық сезім бар. Дәл осы қасиет – отансүйгіштік, елінің мәдениеті мен тарихын сүю, ана тілін қастерлеп, сақтау Қазақстанды әлемге танытады. 

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz