4 Қыркүйек, 2018
Ұжымды басқарудың оңтайлы әдістері

 «Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді», - дейді дана халық мәтелі. Шынымен, білікті басшы өзі бастаған кәсіпті жемісті етуге, ұжымын жеңіске әкелуге қабілетті. Бүгінде басшы дегеніміз кім? Заманауи басшы қандай қасиеттерге ие болуы тиіс? Оның бойынан қандай жеке және кәсіби сипаттарды көргіңіз келеді? Ұжыммен қарым-қатынасы қалай жүзеге асырылады?


Басшыны бірнеше сипатта қарастыруға болады. Мәселен, кейбір басшылар қол астыңдағыларға барлық жұмысты тапсырып қойып, тек нәтижесін күтеді. Ал өзге басшы жұмыстың барлық сатысына бақылау жүргізіп, қызметкерлерін тексерумен болады. Кейбір басшылардың бойында нағыз жетекшіге тән қасиеттер мүлдем болмайды. Осының салдарынан қызметкерлерінің де қиындықтар мен түсінбеушіліктерге тап болуы жиілейді. Сонымен, білікті басшы дегеніміз кім?    



Шынайы басшы болу оңай жұмыс емес. Басшының міндеттерінің қатарына қарамағындағылардың әл-ауқатының тұрақты дамып отыруына жағдай жасау жатады. Бұл өз кезегінде ұжым алдына қойылған мақсаттардың уақытылы және сапалы жүзеге асуына жәрдемдеседі. Ұйымның алдында қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін басшы нақты жеке және кәсіби қасиеттерге ие болуы тиіс. 



Сіз өзіңіздің басшыңыздың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді? Не болмаса, сіз қандай басшысыз? Бұл сауалдардың шешімін анықтау қажет. Себебі, еңбек ұжымындағы психологиялық әл-ахуал басшыға тікелей байланысты болып табылады. Бірінші кезекте ол өзіне ғана тән ерекше дарынға ие тұлға ретінде нақты құрметке ие болу білуі тиіс. Ұйым басшысының өз күшіне деген сенімділігі ұжымды басқаруда жақсы рөл ойнайды. Ұжым басшының әр бағдарын бағады, оның қойған міндеттерін шешуге болатындығына сенімді болады және нақты нәтижеге қолжеткізуді қалайды. Басшының тағы бір басты қасиеті - өз көңіл-күйін бақылау, күрделі жағдайларда сабырлы және нық бола білу. Өзің-өзі ұстай алмайтын басшы ұжымда беделге ие болуы екіталай. Кез-келген мәселелерге шығармашылық көзқараспен қарау, тың ойлар мен идеяларды ойлау қабілеті басшының мәртебесін арттыра түсетіндігі хақ. Қызметкерлер басшысының ақылды да білікті маман екендігіне көз жеткізу арқылы сенетін болады. Барлық міндетті қызметкерлерге артып қойып, сонымен қатар бастапқы бағдарды ұсынбастан нақты нәтиже күтуге болмайды. Бұл өз кезегінде көптеген түсінбеушіліктерге алып келеді. Жұмыстың өнімділігіне және ақырғы нәтижесіне кері әсер етеді.



Сонымен қатар, басшының басты қасиеттеріне қуаттылығы, қауіптерге бойұсына білуі және жасампаздығы жатады. Өз уәделерін орындау, сенімділік пен жауапкершілік - басшыны тек жақсы жақтан сипаттайтын қасиеттер. Қызметкерлер басшыларының өздігінен және тәуелсіз шешім қабылдайтынын көрулері тиіс. Білікті басшы нағыз көшбасшылық қасиеттерін талап етеді. 



Сіз басшы ретінде ұйымның қызметіне жеке өзіңіз жауапты екендігіңізді түсінуіңіз тиіс. Барлық жағдайда қызметкерлерді кінәлауға болмайды. Әрине, жеке бір жағдайлар туындауы мүмкін. Бұл орайда басшы ретінде ұйымға және қызметкерлерге тиімді шешім қабылдайсыз.



Бірбеткейлік пен талпыныс, қойылған мақсаттарға қолжеткізуге негізделген сенім басшының бойынан табылуы тиіс қасиеттердің бірегейі болып табылады. Дегенмен, бірбеткейлікті қырсықтықпен шатастырып алмаңыз. Бұл сіздің беделіңізге кері әсерін тигізуі мүмкін. Сіз ресми және ұжым арасында қарым-қатынасты тез арада ұйымдастыра алатын, тез тіл табысуға икемді жан болсаңыз, бұл ұйымның жұмысына өзіндік үлес қосады. Қызметкерлеріңіздің еңбегін лайықты түрде бағалай алу арқылы оларды ынталандырып отыру қажет. Сонымен қатар, сіз ұжым арасындағы қарама-қайшылықтарға жол беріп, кері қылықты қызметкерлерді өзіңізге жақындатпауыңыз тиіс. Олардың сөзіне сеніп, басқа қызметкер жайында ой түюге болмайды. Тек өзіңіздің көздеріңізге сеніңіз және әр маманның нақты жұмысына баға беріңіз. Осылайша ұжым арасындағы беделіңіз бен мәртебеңіз аса түседі, ұйымның тұрақты жұмысы қамтамасыз етіледі.     



Сондай-ақ, білікті басшы алға қойылған мақсаттарға қолжеткізуге тырысуы тиіс. Бұл бағытта барлық шараларды жүзеге асыруға міндетті. Әрине, кейбір жағдайда күтілген нәтиже мүлдем басқа сипатқа ие. Дегенмен, өз ісінің маманы үшін мақсаты айқын, жоспары анық, қолданылатын шаралары түсінікті болады. Ұйымның алдында тұрған мақсат анықталғаннан кейін, оған қолжеткізу үшін орындалатын жоспар жасалады. Осы орайда басшы өзінің көшбасшылық қасиеттерін үнемі жетілдіріп, дамытып отыруы, кемшіліктерін байқап, түзеуге тырысуы тиіс. Жоспарды ұсақ-түйегіне дейін болжап, әр қадамын зерделеп, қызметкерлерге барлығын жілік-жілігімен түсіндіріп беруі қажет. Осылайша ол оқыстан туындаған кез-келген мәселені тез арада шешуге мүмкіндік алады.



Дегенмен де, басшы өзінің ғана емес, өз қарамағындағы жұмысшылардың, орынбасарларының тиімді жұмысын ұйымдастыра білуі тиіс. Бұл кез-келген мәселені оңтайлы реттеуге өзіндік көмек көрсетеді.        



Сонымен, ұжыммен қалай дұрыс қарым-қатынас орнатуға болады?



Басшының ұжыммен қалай қарым-қатынас орнатуына байланысты ұйым жұмысының тиімділігі не артады, не бәсеңдейді. Әріптестік пен сенімге негізделіп дұрыс құрылған өндірістік қатынастар өзара түсінушілікті қалыптастырады және мақсаттар мен міндеттерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басшы адамдар жайлы жаман ойламауы тиіс. Себебі, бұл жағдайда ұжыммен байланыс орнату қиын болады. Қызметкерлер басшылық тарапынан құрмет пен қамқорлықты сезінулері керек. Әрине, қызметкер ұжымды өзінің екінші отбасы ретінде санаса, бұл басшының адамдық қасиеттерінің жоғары болуын көрсетеді.  



Сіз өз қызметкерлеріңізді жауапкершілікке үйретуіңіз тиіс. Олардың  өз ойларын, бастамаларын ашық жеткізе білгендері жөн. Егер қызметкер қандай да бір қателікке жол берсе, оны оқытуға немесе тағылымдамадан өтуге жіберуге болады. Ал егер де ол қайтадан қателік жіберсе, сол кезде оны алмастыруға болады. Білікті басшы өз қызметкерлерінің білімі мен кәсібилігіне сай міндеттерді дұрыс бөлуге қабілетті болуы тиіс.   



Сондай-ақ, қызметкерлердің өкілдігіне кірмейтін жұмысты талап етуге болмайды. Бірақ, өзінің қызметтік міндеттеріне дұрыс қарамайтын қызметкерлерді уақытылы анықтай біліңіз. Себебі, бұл адамдар жұмыстың тиімділігін бәсеңдетеді және жанындағы адамдарға кері әсер етеді. Оларды жұмыстан шығаруға дейін баруға болады.



Басшы қызметкерлермен нақты бір аралықты сақтауы тиіс. Ұжымда басшы мінсіз беделге ие болуы қажет. Егер де сіз мәртебеңізге кері әсер ететін жағдайдың орын алуына жол берсеңіз, ұжымның алдындағы беделіңізге кір келеді. Ал бұл өз кезегінде қызметкерлердің бос сөзін және жұмыстың әлсіреуін туындатады. Сіз әр қызметкерге нақты міндеттер тізімін беруіңіз тиіс. Әр міндеттің нақты уақыты мен күтілетін нәтижесі түсінікті тілде жеткізілуі тиіс. 



Сонымен қатар, білікті басшы тиімді жұмыс үшін қызметкерлермен кері байланыс жүйесін ұйымдастыруы қажет. Мақұлдау немесе мақұлдамау арқылы қызметкерлердің жұмысын бағалай алады. Бұл ұжымды одан сайын ынталандыра түсетіндігі хақ.



Заманауи дәуір тез өзгереді. Басшы ұйымның табысты дамуын қамтамасыз ету үшін қызметкерлерді уақытылы оқуға жіберіп отыруды ұмытпауы қажет. Оқу үшін түрлі тренингтерді, семинарларды, шеберлік сағаттарын қолдануға болады. Бұл тек қана қызметкерлердің біліктілігінің артуына ғана әсер етпейді, сондай-ақ, ұйымның беделін де арттыра түседі. 



«Бірлік түбі - тірлік» демекші, нағыз басшы кәсібилерден құралған біріккен топты қалыптастыра алады. Осылайша, күрделі міндеттердің жедел және тиімді шешілуін қамтамасыз етеді. Ортақ тіл табыса білген ұжым мәселенің де шешімін тез табады. Адамдардың бір мақсатта жұмыс істейтіндерін сезінуі үшін ұжымдық кештер, табиғатқа бірігіп шығуды ұйымдастыруға болады. Бос орын болғанда, тез арада қызметкерді жұмысқа қабылдаудан алшақ болыңыз. Білікті басшы өзіне және ұжымға қандай маман қажет екендігін нақты біледі.



Сіз үшін көшбасшылық қасиеттер ажырамас бір бөлігіңіз болып табылатындығын ұмытпаңыз. Адамдарға жай ғана басшы емес, күрделі жағдайларда қолдай білетін, алға бастайтын жетекші, көшбасшы қажет. Сол кезде ғана олар бар ерік-жігерлерімен жұмыс істеуге бар. Ұйым басшысы ұжымды сендіре алуы, артынан ертіп әкетуі тиіс.



 


ruh.kz
piter-trening.ru