5 Шілде, 2019
ВОЛОНТЕРЛІК ІС ОҚУҒА КЕДЕРГІ ЕМЕС

Мектеп табалдырығынан тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан түлектердің биылғы саны 143 089 құрады. Бұл дегеніміз – 143 089 адам өзінің болашақ өмірінің келесі аялдамасына қадам басып, үлкен таңдау жасағалы тұр. Жүз мыңнан аса жасөспірім бір мезетте Ұлттық бірыңғай тестті (ҰБТ) тапсырып, болашақ өмірінің тірегіне айналатын мамандықты таңдайды.

22 (1).jpg

Жас түлектер – олардың бойында жалындаған от бар, ертеңгі күнге деген сенімділік бар. Олардың армандары асқақ. Мүмкін жастардың тілін кейбір аға буын түсінбесе керек. Бірақ сол үшін түлектердің қанатын қиюға біздің құқығымыз жоқ. Біздің міндет оларға қолдау көрсету, олардың әрқайсысы таңдаған жолды түсіністікпен қабылдау. Өткен жылғы көрсеткіштерге қарағанда ҰБТ-ның межелік деңгейінен 75% мектеп түлектері өтті. Қазақстан Республикасының Білім министрлігі ҰБТ-ның қортындыларын шығарып, гранттарды үздіктердің арасында бөлу процесі үстінде. Бөлінген гранттардан хабар келіп жеткенге дейін редакциямыз күні кеше ғана мектеп бітіріп, өз бағын ҰБТ-да сынаған талапкерлермен кездесіп, олардың ұлттық тест туралы естеліктерін және қандай мамандық иесі болуға дайындығы туралы сұрақтарға жауап алды. Кездесуге келген ару түлектердің басқаларынан бір ерекшелік бар. Қандай дейсіз бе? Қыздарымыз жалпы білім беру мектептік оқу бағдарламасын игерумен қатар, өздерінің бос уақыттарын қоғамдық өмірге арнай білуі. Біздің бойжеткендер – еріктілер.

27 (1).jpg

1.     ҰБТ-ға қалай және қанша уақыт дайындалдыңыз?

2.     Өзіңіздің болашағыңызды қандай мамандықпен байланыстырасыз?

3.     Ерікті болу (волонтер) жан қалауыңыз ба? Еріктілер жолына қалай келдіңіз және қашан?

4.     Еріктілер әлемді өзгерте ала ма?

 

Ділназ Ғабдуллакызы:

«Бастауыш сыныптан бастап оқу озаттарының қатарынан табылдым. Бірінші сыныптан бастап әр жылда алған білімнің нәтижесі көңіл қуантарлық, 11 сыныпты «өте жақсы» деген бағамен тәмамдадым. Осы жылдардағы қажырлы еңбегімнің нәтижесі – Алтын белгім. ҰБТ-ға дайындалу кезеңі оныншы сыныптың табалдырығынан жүйелі түрде басталды. Әрине, оқушыда бастауыш сыныптарда алған білімінің фундаменті болса, ол тест сұрақтарына қиналмай жауап бере алады. Алайда кез-келген сынаққа психологиялық тұрғыдан дайындалып келу керек. Мен оқу жылдың соңғы жарты жылында ұлттық тестке дайындайтын арнайы оқу орталығына бара бастадым. Тесттен сүрінбей өттім. Ендігі кезек болашақ мамандығымды таңдауда тұр. Еліміз «тоғыз жолдың торабында» тұрғандықтан таңдауым менеджмент-логистика мамандығына түсіп отыр. Болашақта отандық өнімдерімізді шет елдерге тасымалдау, оларды әлем назарына біздің шикізаттармен қатар танымал етуге өз үлесімді қоссам деген ой бар.

Еріктілер. Менің құрдастарымның көп бөлігі әлеуметтің дамуына өз үлесін қосуға ат салысып жүргендер. Ерікті болу өзімнің жан калауым, еріктілер жұмысына кызығып, өзім де солардың қатарына қосылдым. Елордалық ерікті жастарды бір ортаға біріктіретін «Астана жастары» штабы бар. Сол штабтың бастамасымен біз көптеген игі істердің басы-қасында жүрміз. Алдағы уақытта да университеттегі оқуыммен қатар қоғамдық жұмысымды да жалғастырамын деген ой бар. Жалпы, қазіргі күні белсенді жастар өте жан-жақты. Олар оқуды да, жеке қызығушылықты да және адамзатқа жәрдем беруді де қатар алып жүре алатын жандар. Қуантатын жағдай. Дәл қазір, дәл осы уақытта және осы елде өмір сүріп жатқаныма мақтан етемін. Біздің қолымызда көп мүмкіндіктер бар. Соларды дұрыс пайдалана білу біздің мақсат».

 

Гауһар Талғатқызы:

«Мен мектепті Алтын белгімен, яғни үздік аяқтадым. ҰБТ-ға дайындық жұмыстарына келер болсақ оқу жылы басталғанда қарқынды дайындықтың үстінде қалдым. Сонымен қатар, мектеп бітіріп Назарбаев Университетіне түсу жоспары алдымда тұрған соң, NUFYP атты емтиханына да қатар дайындалдым. Дайындығым жақсы өтті, себебі оның жемісі - Назарбаев Университетіне жолдама. Алдыма мақсат қойып, оған жету менің бойымнан табылған жақсы қасиеттердің бірі. Сол себепті тестке дайындалу кезеңі тамаша болды. Салдарынан байқау сынақтарында жоғары ұпайлар жинап жүргендіктен ҰБТ-ны тапсырмау бағы маған бұйырды. Өмірімнің шешуші сәттерінің бірі – мамандық таңдауы алдыма келген сәтте көп ойландым, өзімді болашақта экономика және бизнес саласында көргім келеді. Қанша жерден қолым бос болмаса да, уақытым тығыз болса да, өзімнің жаныма жақын дүниелерге уақыт табуға тырысамын. Ерікті болу менің жан қалауым. Еріктілер қатарына қосылуға мені шабыттандырған - сыныптастарым. Менің сыныбымнан 3 оқушы еріктілер қатарында жүргенде, оларға қарап қатты қызығатынмын. Достарыммен ерікті болу туралы ойыммен бөліскен едім, менің идеямыды бірден құптап шықты. Астанамыздың жас еріктілері қатарынан табылғаныма тура бір жыл болды. Бір жылым бірнеше жылға созылатын қызықты уақыт боларына кәміл сенемін. Жалпы, еріктілердің барлығы да қоғамда өзіндік күшке ие. Себебі, еріктілер қоршаған ортаға, адамдарға өзінің септігін тигізуде. Ерікті дегенде ең алғаш ойға келетін ой - көмек. Ол жерде мен бірлікке, коммуникативтілікке, ұйымшылдыққа үйрендім және де әрбір ерікті өз бойына осыған тәрізді жақсы қасиеттер дарытуда. Астана жас еріктілердің қатары әр күн сайын толығып жатқанына өте қуаныштымын. Себебі, жастар еліміздің ертеңі».

Ажар Мұратқызы:

«Өзімді мектеп бітіруші үздіктердің қатарынан көру мен үшін қуанышты сәттердің бірі. Әрине бұл мектептегі үздік жолдардың алдында жүру үлкен еңбекті талап етеді. Алған біліміңді өз бойыңа дұрыс сіңіру алдымен ұстазға байланысты. Он бір жыл бойы өз күшін аямай оқушыға бар білгенін үйрететін ұстаздар қауымына мың алғыс білдіргім келеді. Оларсыз біз қоғамның дамуына қажет білімді дұрыс деңгейде алмас едік. Мұғалімдеріме көп рақмет! ҰБТ-дан еш сүрінбей өттім. Мамандық таңдау дейсіз. Әрине ол менің болашақ өмірімнің одан әрі дамуына әсер ететінін білемін. Сол себепті көп ойландым. Соңғы жылы ойымды бірнеше рет өзгерттім. Бірақ, шешімім технологиялар заманының легіне ілесуде. Болашақта өзімді IT-саласында көремін. Әр заманның өз трендтері болады. Біздің бүгінгі күннің ең жақсы, гуманды трендтерінің бірі – волонтер болу. Қуантатын жағдай. Себебі жастардың дені өз қуаттары мен бос уақыттарын игілікке жұмсайды. Жақындарына, артынан ілесіп келе жатқан іні-қарындастарына үлгі болады. Менің еріктілердің қатарына қосылғаныма бір жылдан астам уақыт болды. Оқудан бос уақытты басқа адамдарға көмектесумен өткізу жақсы нәрсе деп ойлаймын. Өйткені әр жақсы істің артында әлемді құтқару, ауаны ластамау, адамзатқа жәрдем беру сияқты глобалды проблемалар тұр. Сондықтан әр адам әлемді құтқарамын деп күшін босқа шашпай, қайта өзінің айналасындағы күнделікті мәселелерді шешіп, жақындарына қол ұшын беріп тұрса, жаһандық катастрофалардың алдын алуға болады деп сенемім».

24.jpg

 P.S. Бойында ертеңгі күнге үлкен сенімі бар жас ұрпақпен танысудың өзі бойға сенім ұялатады. Сұлу бойжеткендердің арман-мақсаттарын білген кезде, олардың тұлғасында барша қазақстандық жастардың қандай екенін ұғындық. Олар білімді, әлемді тануға санасы ашық, елдің ертеңіне алаңдайды және адамзатты ұлтқа, нәсілге бөлмейді. Мақала жазылу барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінен болашақ студенттер мен студенттер қауымына қатысты жағымды жаңалық жетті. Енді қазақстандық студенттер өз оқуақысын волонтерлік қызметі арқылы төлей алады. Бұл туралы министрліктің баспасөз конференциясында департамент директоры Әділет Тойбаев айтты.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында ашылатын сайт арқылы жекеменшік және мемлекеттік жоғары оқу орындарының студенттері оқуақысын қоғамдық қызметімен төлей алатын болады. Бұл сайтта сенімді волонтерлік ұйымдар тіркеліп, қоғамдық белсенділікке студенттерді шақыратын болады. Студент өз тарапынан өзінің мүмкіндігіне қарай қоғамдық жұмыстың көлемін таңдай алады. Министрлік өкілінің айтуынша, барлық қоғамдық жұмыстар әлеуметтік сипатта болады. Бұл қызмет түрлеріне аула клубтары мен қосымша білім беру мекемелеріндегі жұмыстар, интеллектуалды және спорттық бағыттағы жұмыстар, шет тілдерін үйрету курстарын жүргізу жатады. Аталмыш қоғамдық жұмыстар бес категория бойынша бөлінеді. Өз тарапынан ерікті студент өзіне жақын саланы таңдап, қосымша кредиттерді (баллдарды) жинай бастайды. Ал жергілікті орындаушы орган – әкімшілік осы жұмыстардың орындалу барысын қадағалауды өз мойнына алатын болды. Бағдарлама үш жылға есептелген. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап елу мың студент еріктілердің жұмысымен қамтылатын болады деп жоспарланып отыр.

                                                                                                                                   

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz