18 Қыркүйек, 2020
Ұйымдастырушы: «Челлендждің мұндай ауқымды боларын білмеп ек»

Шығыс Қазақстан облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Өлең – сөздің патшасы» атты челлендж ұйымдастырды. 

Бұл шараға қалалық және аудандық штаб мамандары қатысып, Ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, терең мазмұнын көрерменге жеткізді.  

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзі Абайды танудан бастау алады. Абайдай кемеңгерді кеңірек тану, оның әр сөзіне терең үңілу – рухани тәрбиенің негізгі қайнар көзі болып табылады. Біз Абайды ұлықтау арқылы жастарды тәрбиелейміз. Олардың бойына ұлттық рухты сіңіреміз. Ақынның рухани мұраларымен ішкі жан дүниемізді сусындата білсек, өмірде қолдана білсек, рухымызда да серпіліс болатыны анық. Челлендж барысында қатысушылар Абай өлеңдерін әлемнің 20-дан астам тілінде оқыды. Мақсатымыз «Рухани жаңғыру» Бағдарламасының тұжырымдамалық бағыттары аясында қазақстандықтардың тұлғалық дамуы үшін Абайдың ақындық мұрасының маңыздылығын көрсету, - дейді өңірлік орталық басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Шерьязданова.

Облыстағы барлық 19 жобалық штаб мамандары мен қызметкерлері қатысып, Абай өлеңдерінің мазмұнын ашатын бейне баяндар әзірледі.

Абай Құнанбаевтың ақындық өнері тұнып тұрған философия. Яғни әрбір азамат оның терең мәнін түсіне білсе, үлкен тұжырымдама жасай алады. Біз, жастар, ақын өлеңдерін оқу арқылы сырын айшықтап, өзімізге қажет ақпарат алдық, - дейді орталықтың жас маманы Алтынай Жақсылықова.

Жалпы, биыл Ақын мерейтойына орай облыста жүздеген іс-шаралар өткізіліп, әдеби және мәдени мазмұнға ие болды.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz