20 Тамыз, 2019
Z KZ

Тобырлық сана демекші, тәуелсіз сана қандай болады? Ол қалай қалыптасады? «Z KZ» дегендер кімдер? Осы жөнінде психологпен өрбіген сұқбаттан біле аласыз.


Адам қызық жаратылыс қой... Мынадай эксперимент бар. Темір қоршауға төрт маймылды қамап қояды. Ортасында саты. Сатының ең биігінде банан. Әлгі төрт маймылдың ең ширақтауы сатыға міне қояды да, жоғары көтеріле бастайды. Бірінші саты, екінші, үшінші... Осы кезде манадан дайын тұрған құбырлардан қатты лекпен су бүрке жөнеледі. Маймыл сатыдан құлайды. Қалған маймылдар да (жазығы жоқ болса да) темір құбырдан «таяқ» жейді. Жарты сағаттан соң екінші маймыл да биіктегіден ауыз тимек ниет танытады. Ол жа үшінші сатыдан қайтады. Анығында оны да сол сатыдан су бүркіт қайтарады. Үшінші маймылды да, қарны ашқан төртінші маймылды да. Бір күн бойы нәр татпаған маймылдар саты үстіндегі бананнан үміт үзеді. Саты атаулыдан да жүрегі шайылып қалған шығар?!.

Келесі күні маймылдың біреуін шығарып орнына басқасын кіргізеді. Оған су тиген жоқ. Біршама уақтан соң «жаңа» маймыл сатыға шыға бастайды. Сонда сатыға шыққаны үшін жазаланған үш маймыл әлгіге жабыла кетеді. Тағы бір күннен соң қалған үш маймылдың біреуін шығарып жіберіп, орнына басқа маймыл кіргізеді. Ол да сатыға жалтақтай-жалтақтай ұмтыла қояды. Сол сол-ақ екен үшеуі тағы жабыла кетеді (сатыға біреуі шықса бәрі таяқ жейтіні бар ғой). Тағы бір күн. Қалған екі маймылдың бірін шығарып, орнына басқасын кіргізеді. Тағы да сол жағдай. Тағы ұмтылады. Тағы ұрады.

Осындай ізбен бес күн өтеді. Торда төрт маймыл. Төртеуі де аш. Сатыға ешқайсысы ұмтылмайды. Ұмтылса қалғаны жабыла кетеді. Бірақ бұл төртеуі де сатыға шыққаны үшін неге таяқ жейтінін білмейді. Бар білетіні болмайды. Бұларға дейінгілер солай деген. Бұлар сұрақ қоймаған. Шықса қалғандары жабылып ұрып тастайды. Олар неге ұрады? Тағы да сұрақ.

Тобырлық сана деген осы да шығар?!. Кім білсін?!.

Тобырлық сана демекші, тәуелсіз сана қандай болады? Ол қалай қалыптасады? «Z KZ» дегендер кімдер? Осы жөнінде психолог Ақгүл Бектібайқызымен өрбіген сұқбаттан біле аласыз. 

96.jpg

Ruh.kz: Еркіндік адамға қалай әсер етеді?

Психолог: Еркіндік бар деп, әсіресе балалардың өз еркі өзінде деп айта алмаймын. Бәрібір қақпалау, айтып отыру, нұсқау, сілтеу болады. Бұл еркіндік емес. Ресейде (авторын есімнен шығардым) бір эксперимент жасалды. Баланы тым еркіндікте 20 жыл тәрбиелейді. Тура солай құқығын жан-жақты шектеп келесі бір баланы да 20 жыл тәрбиелейді. Зерттеу нәтижесінің көрсеткіші бойынша, бүкіл өткізілген сынақтардың көрсеткіші бойынша тым қатал тәрбие алған бала мен тым бос тәрбие алған баланың көрсеткіштері бірдей. Сол себепті тым еркін тәрбие дұрыс әсер береді деп те, тым еркін тәрбие түрі бар деп те айта алмаймыз.

Ruh.kz: Баланың белгілі бір жасқа дейін жүрегі таза болады ғой?

Психолог: Әрине. Санасында ауытқу болуы мүмкін, қабылдау деңгейі өзгеруі мүмкін, жүрегі ауыруы мүмкін бірақ ол таза болады.

Ruh.kz: Эксперимент демекші...

Үш жасар бес балаға жасалған қысқамерзімді сынақ бар. Бесеуін бір жерге отырғызады-дағы, төртеуіне тәтті, біреуіне дәмсіз ботқа береді. Содан соң балалардан ботқаның дәмін сұрайды. Бірінші бала: «тәтті»,– дейді. Екіншісі де, үшінші мен төртінші де сол сөзді қайталайды. Себебі төртеуінде де тәтті ботқа болатын. Ал бесінші баланың ботқасы дәмсіз болса да ол да осылай жауап береді. Неге?

Психолог: Ақпараттың қалай берілгені маңызды ғой. Саясаттан хабары болмаса да, кей әділетсіздікті көрмесе де, жүрегі қаншалықты таза болса да бала берілген ақпаратқа тәуелді. Ақты – ақ, қараны – қара демеуі де содан. Орта не дейді бала да соны айтады. Ата-ана қалай десе, үш жасар бала да солай дейді. Бұл тағы да еркіндіктің жоқтығын дәлелдейді. Шектеу бар. Осы жағынан біздің ата-аналар мен тәрбиешілердің олқылығы бар екені өкінішті.

Ruh.kz: «Z» – ұрпағы не ұрпақ?

Психолог: Біз айтқан еркіндікті бойына сіңірген, өз ойын жасқанбай айта алатын, көшбасшылық қабілеті бар, жауапкершілігі бар балаларды «Z» – ұрпағы деп атап жүрміз. 

Ruh.kz: Бір үйде 3 тарихи кезеңнің өкілдері өмір сүреді. Кеңес үкіметін көрген ата-әже, тоқырау кезеңінің өкілі – әке-шеше, тәуелсіз Қазақстаның ұрпағы – бала. Үш буынның өмірге деген көзқарасы үш түрлі. «Z» – ұрпағын алдыңғы екі кезеңнің пікір қайшылығы, сана қайшылығы қалыптастырды ма?

Психолог: Әрине. Әсер етпейтін дүние болмайды. Тіпті мәнсіз де мағынасыз кей болмашы элементтер де бала бойынан байқалып жатады. Ал, екі әртүрлі кезеңнің өкілі бір үйде тұрса, олар бала санасына айтарлықтай әсер етеді. Дәл осы жағдайда, тіпті сол екі буын «Z» – ұрпағын қалыптастырды деп те айтуға болады. Себебі: бала адамына қарап кезеңін анықтай алады, пікір еркіндігі бар екенін біледі де қолданады, заман мүмкіндіктерін, өркениетті толықтай пайдалана алады.

Отбасында пікір қайшылығы үнемі орын алып тұрады. Бұл дұрыс та әсер ете алады. Тек осы «Z» – ұрпағына қысым жасалмаса екен. Олардың ойлауы да, сөйлеуі де, қабылдауы мен түйсігі де ерек. Бұл бізге жат. Сондықтан біздің «пайым» бойынша бұл менталитетке жатпайды, тәрбиеге жатпайды, сөзге жатпайды. Баланың қажеттіліктерін ескеру керек. Баланың пікіріне құлақ асу керек.

Ruh.kz: Шектеу адамды шыңдай ма?

Психолог: Ерих Фромм атты зерттеуші «адам тағдыры неғұрлым қиын болса соғұрлым оның өсер жері биік» болатынын айтады. Көшбасшылардың, классиктердің, саясаткерлердің, ауқатты адамдардың дені тағдырлы адамдар. Материалдық шектеу болсын, физикалық шектеу болсын, моральдық шектеу болсын адамды не сындырады, не шыңдайды. Не тым биікке, не тұңғиыққа апарады. Ортасы жоқ. Сынып кеткен күнде біз қылмыскерді, шыңдалған күнде қоғамға оң әсер ете алатын үлкен тұлғаны қалыптастырамыз. Бұл үлкен тәуекел. Қай жерінде шектеу бар екенін, қай жерінде тоқтау керек екенін де айта алмаймыз. Себебі дене тұрқы бірдей болғанымен, әр адамның қабылдауы мен санасы әртүрлі. Ұқсастық болуы да, болмауы да мүмкін.

Олег Глубоцкийдің 17 жасқа дейінгі балаларды зерттеу жұмыстарын жүргізетіні бар. Жеті жасқа дейін қандай тәрбие берілсе, сол тәрбие іргетас болып қалыптасады. Жеті жасқа дейін қатты қысымда тәрбиеленген бала сол қысымды ғұмыр бойы сезініп өтеді. Жеті жасқа дейін баланы ортаға бейімдеу керек. Ғылымның аты ғылым. Ғылым нәсілге бөлінбейді. Демек бұл тұрғыда ұлттық болмыс аса маңызды рөл ойнамайды.

Ruh.kz: «Z» – ұрпағы бір кезеңде туған балалар ма, жоқ сана-сезімі бірдей деңгейдегі балалар ма?

Психолог: Бұл сұраққа толық жауап бере алмаймын. Бірақ, бір жылда туды екен деп оны ерекше адамға жатқызуға болмайды. Әрине олар қатты ерекшеленеді. «Z» – ұрпағы туа қалыптаспайды, олар жүре келе сол атқа сай болады. Бірдей деңгейдегі индиго да бола бермейді. Әр адам өз саласында дарынды. Ал бірнеше салада да ерекше дарынды адам мінсіз индиго. Тура солай «Z» – ұрпағы да бірдей емес. Ұқсастықтары мен айырмашылықтары шашетектен. Барлық адам бірдей дарынды, бірдей білімді бола алмайды.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Белгілі бір кезең белгілі бір деңгейдегі қайраткерлерді, ел тізгінін ұстар азаматтарды қалыптастырады. Идея 60 жыл ғана өмір сүреді. Кешегіге көп қарай беретініміз де содан. Санасы бар, түйсігі таза, көкірегі ояу адамдар легі келе жатқаны баршаға аян. Ұлт болашағы сол буынның қолында.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық» делінеді. Сондықтан да өткенмен санасып, тарихтан тәлім алып, артық қоспасыз шындықтың туын желбіретер жаһанданған жаңа заманға лайық буынның болашағы – тұтас ұлттың болашағы.



Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Анель Қанатқызы