26 Маусым, 2019
Зейін ӘЛІПБЕК: Журналистика жолын қайта таңдар едім!

Журналист болу жауапты іс. Себебі халық пен билікті қашанда бір жолда біріктіретін, халықтың қалауын билікке жеткізетін және де биліктің жаңалықтарын жеткізуші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тыныс-тіршілігі әр кез халық пен билік назарында.

Еліміздің журналистика саласының белді кәсіби өкілдері жас буын тілшілер қауымы үшін үлгі. Кәсіби журналист, телевизия саласының майталманы Зейін Әліпбекпен кездесіп, сұхбат алудың сәті түскен еді. Сол сәтті тиімді пайдалану үшін Зейін Амангелдіұлына, оқырман, сізді толғандырып жүрген сұрақтарды қойдық. Сұхбатқа назар аударыңыздар!

Ruh.kz: Зейін Амангелдіұлы, қайырлы күн! Сіздің журналистика факультетінің студенті атануыңыз қалай болды. Есіңізге түсірсеңіз...

Зейін Амангелдіұлы: Қайырлы күн! Тоқсаныншы жылдары мектеп бітіріп, сол кездегі бас қаламыз Алматыға арман қуып келген едік. Жоғарғы оқу орындарының тәртібі бойынша абитуриент тапсыратын емтихандар легінің алғашқысын үздік деген бағамен тапсырса немесе мектепті үздік тәмамдаса жас түлек студенттер қатарына бірден қабылданатын еді. Мектеп бітіру аттестатымда көп «бестің» арасында орыс тілі пәнінен алған бір ғана «төрттігім» болған еді. «Қызыл аттестаттардың» қатарына енбесем де, абитуриент ретінде университетте тапсырған алғашқы емтиханымнан «өте жақсы» деген бағаны алып, студенттер қатарына автоматты түрде қабылданған едім. «Өте жақсы» бағасын қазақ әдебиеті пәні емтиханынан шығарма жазып алдым. Алайда, бір емес, барлық емтихандарды тапсыратын жағдай болса да оқуға ілігер едім.

0Z9A6966.jpg

Ruh.kz: Журналистика факультетінің студенті атанып, біліміңізді шыңдадыңыз. Алғашқы мақалаңыз есіңізде ме?

Зейін Амангелдіұлы: Әрине есімде. «Газет ісі және мерзімдік басылым» кафедрасына қарасты бірінші курсты тәмамдаған соң Оңтүстік Қазақстан облысының «Отырар алқабы» аудандық газетіне тәжірибеден өтуге жолдама алған болатынмын («Отырар алқабы» газеті өзінің жұмысын әлі күнге дейін де тоқтатпаған). Алайда, алғашқы мақалаларым студенттік кезде емес, мектеп қабырғасында жүрген жылдары жарық көрген. Мектеп оқушысы болған жылдары да осы газет редакциясына өзімнің шағын ақпараттық мақалаларымды тапсырып отырған едім. Газеттің басылымдық жұмысын, ішкі «кухнясымен» танысу мектеп қабырғасынан басталды. Мектеп оқушысы болған соң мектеп қабырғасында өткізілетін іс-шаралары, қызықты мерекелік концерттері, мектеп оқушыларының түрлі жарыстардан алып келген сыйлары сияқты ақпараттық тақырыптар менің шығармашылығымның алғашқы мақалалары еді. Алғашқы мақаламның қатарына ауылымыздың пошта қызметкері болған Еркінбек ағай туралы жазған жолдарды да жатқызуға болады. Тақырыбын «Пошташы Еркінбек» деп қойып, ағайдың атқарып жүрген еңбегі, елгезектігі, ісіне мұқияттылығы, ауыл тұрғындарына газет-журналдарды уақытылы жеткізуі туралы сөз қозғаған болатынмын. Еркінбек ағай жазған мақалама риза болып, алғысын айтқан еді.

Ruh.kz: Зейін Амангелдіұлы, сонда сіз студенттік жылдары «Газет ісі» бағытын алға қойған болсаңыз телевизия саласына қалай келдіңіз?

Зейін Амангелдіұлы: 1996 жылы жиырма үш жасымда оқуымды аяқтап, жан-жақтан жұмыс іздей бастадым. Мерзімді басылым құралдары өз редакцияларына бірден қызметке шақырды. Сол екі арада жаңа телеарнаның ашылғандығы туралы хабар алғанмын. Жаңа телеарнаның аты - «Хабар» еді. Ол кезде арна тек қана жаңалықтарды таратушы болды. Бағымды сынап көру үшін телеарнаның ғимаратына аяқ бастым. Алдымнан сол мезетте шыққан Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыз мені Ақылбек Сансызбайұлы деген адамға жолықтырды. Ақылбек ағаймен сөйлесіп болған соң мені телеарнада «қалдыратын болды». «Сынақ мерзімімен» арна қызметкерлері қатарына қосылдым. Арнадағы жұмысым қатардағы тілші ретінде басталды және де әрі қарай да солай болады деп ойладым. Қатардағы тілші болудан басқа биік мақсаттар болмаған еді. «Полевой» журналист болып жарты жыл жүрдім. Сонда «Хабар» агенттігінде әр сюжет үшін төленетін қаламақы құны 500 теңге болатын (күлді). Сол жылдар үшін аз қаражат емес болатын. Тележурналист болудың қызықты сәттері түсірілімге шығып, сюжет жазу. Кейде қалада өткізілетін шаралар болмай қалады. Сондай уақытта өзіміз тақырып іздеп кететін едік. Соның барлығы да тәжірибе, қызыққа толы жас журналисттің уақыты... Жарты жылдан астам уақыт «сынақтан өтуші» болдым. Сынақ мерзімі аяқталған соң арнаның қатардағы заңды мүшесіне айналдым. Бір жылдай жаңалықтардың тілшісі болып жүрдім. Сол аралықта арнамыздың тікелей эфирде шығатын шағын бес минуттық «Бизнес хабар» атты бағдарламасы көрерменге жол тартты. Бағдарлама екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) шықты. Қазақ тілді нұсқасын білікті журналист Мұрат Қожамқұлов жүргізетін еді. Мұрат сол арада Ресейдің Мәскеу қаласына меншікті тілші болып ұзақ мерзімді іссапарға жол жүретін болды. «Бизнес хабарға» жаңа жүргізушіге іздеу салынды. Арна басшыларынан «осы хабарды жүргізесің бе?» деген ұсыныс түсті. Рас, басында тартыншақтандым. Себебі, оған дейін телеарнаның жүргізушісі, соның ішінде тікелей эфирдің жүргізушісі болып көрмеген адаммын. Ойлана келе, нартауекелге бел буып бағдарламаның тізгінін өз қолыма алдым. Сол сәтте бес минуттық бағдарламаның артында «қорытынды жаңалықтардың жүргізушісі позициясы туындайды» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. «Бизнес хабардың» эфирін бір жылдай жүргіздім, содан соң «Хабар» арнасының тікелей эфирдегі қортынды жаңалықтарын жүргізіп жүрдім. Алайда, осының барлығы да жетістік, тосыннан келген сый деп қараған емеспін. Бұны менің қызметім, атқарып отырған жұмысым деп қарадым. Телеэфир жүргізу журналисттің тікелей жұмысы.

0Z9A6994.jpg

Ruh.kz: 1996 жылдан 2015 жылға дейін телеарнаның қорытынды жаңалықтарының тізгінін ұстадыңыз. Өткен жылдың күзгі маусымында телевизия майталмандары қазақ эфиріне қайтып келді. Олардың қатарында сіз де болдыңыз. Бұл ақпарат ел ішінде көп айтылды…

Зейін Амангелдіұлы: Расында бұл «оралу» туралы көп айтылды. Хабар айтылған сайын қысылдым (күлді). Қайтып келдім дегенде, мені телеарна басшылығы қорытынды жаңалықтар эфирінің тізгінін ұстауға шақырғаннан кейін менің тарапымнан қарсылық болмады. Біріншіден мені жаңалықтардың жүргізушісі ретінде бағалап отырса, неге келіспеске. Екіншіден, іштей риза болдым. Себебі кәсіби журналист ретінде менің бағам бар екен ғой деп ойладым. Ол да бір көрсеткіш.

Ruh.kz: Зейін Амангелдіұлы, журналистика, соның ішінде медиажурналистика саласында жүргеніңізге жиырма жылдан асты. Өзіңіздің стиліңіз бар. Шәкірт тәрбиелеуге қалай қарайсыз? Мүмкін жоғары оқу орындарына шақырту алып жатқан шығарсыз?

Зейін Амангелдіұлы: Дұрыс айтасыз. Шәкірт тәрбиелеу және дәріс беру төңірегіндегі ұсыныстар мен сұрақтар жиі қойылып жүр. Сондай ұсыныстардан көп жағдайда бас тартып жүрмін. Оның себебі, алдымен болашақ ұстаз үшін екі шарт орындалуы керек. Біріншіден, медиажурналист телевизияның «майын ішкен» маман болу керек. Екіншіден, журналистің бойында шәкірттерге дәріс бере алытындай қабілет болу керек. Менің бойымнан дәріс беру қабілеті әзірше табыла қоймаған сияқты (күлді). Шәкірт тәрбиелей алатын журналистика майталмандары баршылық. Мысалы, Кеңестік телевизия саласында классикалық хабарлар жасаған Сұлтан Оразалы, Нұртілеу Иманғалиұлы, Дархан Әбдік ағаларымыз тұтас бір ұлтты тәрбиеледі, қазақ азаматының қандай болуы керектігін сөзімен, жүріс-тұрысымен, ісімен, идеяларымен көрсетті. Біздің буын сәл ұяңдау болса, төске шауып тұрмайтын тартыншақ болса, істеген ісін айтуды намыс көретін болса, осы секілді бүгінгі заманға тосын көрінетін "мінездерге" бай болса, мұнда сол ағаларымыздың "үлесі" үлкен.

Ruh.kz: Шәкірттерден туындайтын келесі сұрақ. Бүгінгі журналистиканың негізгі құрамы жас журналистер туралы не айта аласыз?

Зейін Амангелдіұлы: Кейінгі буын журналистер мен аға буын арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Біздің кезімізде сұраныс басқа болды. Телевизияның технологиясы, техникасы да басқа болды. Ең бастысы мүмкіндіктер мүлдем басқа болды. Барлығы кемдеу болды. Технологияларға тоқталатын болсақ, қазір әлеуметтік желілер дамыған уақыт. Кез келген жаңалық, ақпарат алдымен әлеуметтік желі арқылы, содан соң ғана теледидар арқылы тарап жатады. Кез келген адам журналист қызметін шама-шарпынша атқарып, алғашқы белгілерін орындай алады. Яғни, оқиға орнынан шұғыл видео жазып, бір-екі сөйлеммен әсемдей алады. Бірақ нағыз журналистиканың жолы ешқашан өзгермес. Оның өзінің талаптары бар. Кәсіби және әлеуметтік журналистика қатар жүргенімен, осының арасында нағыз кәсіби, өз ісін сүйетін жас журналистер айтарлықтай көп. Олар өте мықты әрі шебер. Оған жақында тағы да көзім жетті. Еуразия Ұлттық Университетіне журналистика кафедрасының студенттерімен кездесуге барған едім. Жастардың қойған сұрақтары, айтқан ойлары олардың көп ізденетінін, ағылшын тілін және заманауи технологияларды меңгергенін көрсетті. Студенттер өздерінің таңдаған болашақ мамандағына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Сондықтан, біз жастарға сенім арту керекпіз!

Ruh.kz: Болашақ жас әріптестеріңіз бірден экран алдына шығып, «жұлдыз» болғысы келеді. Осы орайда жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Зейін Амангелдіұлы: Жас буынға мықты журналист ретінде танымал болуға ұмтылу керек. Мұның рахаты танымал тележүргізушіден де көп. Мен үшін солай. Журналистерге айтарым, ең әуелі жақсы журналист жақсы, әрі сауатты жазуды үйрену керек. Мықты идеяларды және өзекті мәселелерді көтере білуді үйрену керек. Журналисттердің барлығы да экран алдында отырып, хабар жүргізе бермейді. Оның барлығы да сәтімен келетін дүние. Тележүргізушілер үшін қойылатын талаптар да мүлдем басқа. Егер жас маманның бойынан осы талаптарға сай мүмкіндіктер табылса, ол әрине кез келген бағдарламаның тізгінін ұстай алады.

Ruh.kz: Бағдарламаның тізгігін ұстау дейсіз. Отандық бағдарламалардың, соның ішінде танымдық бағдарламалардың жүргізушілері кәсіби мамандар емес, елге танымал әншілер, актерлер. Осы қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

Зейін Амангелдіұлы: Бұл енді бағдарлама рейтингін көтерудің төте жолы ретінде қолданылатын тәсіл деп ойлаймын. Яғни, қоғамда белгілі бір салмағы бар немесе танымалдылығы бар адамды жүргізуші ретінде белгілесе, ел оны көреді деген ниет қой. Менің ойымша, журналистика саласында таза кәсіби журналистер қызмет атқарғаны дұрыс. Олар – нағыз мамандар. Жақында ғана жұмыс бабымен АҚШ-қа іссапармен барған едім. Сол жерде телеарналардың қызметкерлерімен танысудың сәті түскен еді. Байқағаным, тележүргізушілерге қойылатын талап өте биік екен және бағдарламаларды жүргізетін жургізушілердің барлығы да кәсіби мамандар, әрі орта жастан асқандар. Мен бұрын да айтып жүретін едім, жалпы экран алдындағы әр жүргізушінің бір тартымдылығы болу керек. Мүмкін көзқарасы, жымиысы немесе дауысы. Сонда көрермен қандай да бір бағдарламаны тамашалағанда жүргізушіге «байланып» отырады. Америкалық телеарналардың әр жүргізушісінің өзіндік ерекше тартымдылықтары бар екен.

Ruh.kz: Зейін Амангелдіұлы, мамандықты қайта таңдау мүмкіндік болса, не істер едіңіз?

Зейін Амангелдіұлы: Өмірге қайта келіп, мамандықты қайта таңдау жолы алдымда тұрған күні, осы журналистика жолын қайта таңдар едім!

Ruh.kz: Рақмет сізге! Қашан да халықтың алдында жақсылықтың жаршысы болып жүре беріңіз!

0Z9A6913.jpg

P.S. Зейін Амангелдіұлымен сұхбаттасудың өзі ғанибет. Ол кісінің қарапайым мінезі мен сабырлы күйі тыңдаушының көңіліне тыныштық сыйлайды. Өзінің қызметіне деген адалдығы қатты қызықтырады. Ол қызмет жолында алған талай белестерді дәреже немесе жетістік деп санамайды. Қайта бұның барлығы да «журналисттік міндетім» - дейді Зейін Әліпбек. Осы қалыпыңыздан таймаңыз, Зейін аға! Сіздің телевизия жолында салып келе жатқан жолыңыз көп жастарға үлгі!

                                                                                                                              Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, Ruh.kz

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz