5 Шілде, 2019
ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ

Миллиондаған шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленген ұстаздың бұдан асқан басқа арманы бар ма екен?! Шетсіз-шексіз құрметке бөленген санаулы ғана шын ұстаздың бірегейі болып жүрген Әдебиет ағай туралы үшеудің лебізі.

Оның есім-сойының өзі – әдебиет. Қазақтың кіл марғасқаларының басы бір кісінің бойына үйлескен кейіпкеріміз оқырман жұртшылыққа етене таныс. Аты – Шоқан, ХІХ ғасырдағы қазақтың үлкен әдебиетші, әмбебап ғалымы болса, әкесінің есімі – Амангелді. Халық батыры атанған Иманов та сол ХІХ ғасырдың атойлы перзенті еді. Ал, ұлы атасы – Шортанбай екен. Зар заман болған сол ғасырда  «О, заман-ай!» деп налыған шайыр Шортанбай Қанайұлы болатын. Міне, бұл осындай үш ұлы қазақтың «тірі» ескерткіші болып, ортамызда алшаң басып, әзіл-қалжыңымен, парасат-пайымымен дараланып жүрген оқымысты, энциклопедист кәдімгі Шоқан Шортанбаев! Иә, сол қасиетті қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіндегі оқытушы. Кешегі әдебиеттану ғылымының алыптары Зейнолла аға Қабдолов пен Тұрсекең, аяулы Тұрсынбек Кәкішұлы «Шоқаным!» деп еркелетіп, бауырына басқан сол зерек, танымы биік ағамыз. 

Айнұр ТӨЛЕУ, ақын, әдебиеттанушы: Адам өмірі тым қысқа ғой. Осыдан бір ғасыр бұрын адамдардың ойлауы мен ойлану жүйесі қандай болғанын тап басып айту қиын. Бір білетініміз бір ғасыр бұрын Алаш ардақтылары дәуірдің дөңгелегін ояну, сауаттану үдерісіне бұрып жатқан еді. Қалай болғанда да адамзат жалғандықпен күресті бір сәтке тоқтатқан емес. Эсхил мен Эврипид, Софоклдардың шығармаларына өзек болған тақырыптар біз ғұмыр кешіп жатқан кезеңнің әдебиетін де айналып өтпеді. Сол баяғы жалғандықпен күрес. Жалғандықты аспаннан жаратып, адамдар арасына жіберіп жатқан жоқ. Өзіміз жасаймыз да, өзіміз ізгілік іздейміз. Өзіміз махаббатты жанымыздай жақсы көреміз де, өзгелердің махаббатына қайшы келеміз. Адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуы үшін алғашқы қауымдық кезеңнен бастап –ақ арнайы тәртіптер пайда болды. Ол тәртіпті бұзғандар қатаң жазалатанын еді. Қазір де сондай. Осылайша еркіндікке құлшыныс өнердің тууына жол ашты. Әдебиет те адам жанын еркіндік жырымен әлдилеп келе жатқан өнер.

083da4fe-2f74-4d87-8132-9a35f6029015.jpg

Шоқан Шортанбайұлының алдында шәкірт болдым. Әдебиет хақында пікір алмасатын едік. Расымен, ол жаста студенттік жаста ұстазбен пікір алмасу деген қиялда ғана болатын дүние ғой. Ал, Шоқан ағай алдына келген студенттің еркін болуына бар жағдайды жасайтын. Қателесіп жатқаныңды, пайымдауларыңның теріс екенін ол кезде түсініп болмайсың. Себебі Шоқан ұстаз «қателестің» деген ескерту айтпайды. Сөзімнің басында әдебиет және жалғандық туралы айтып, сосын Шоқан Шортанбайұлы көшуімде себеп бар. Әдебиетшілер қауымының бағасы артып, абыройы асқақтап тұрған заман емес қой. Сол ат кекіліндей аз ғана әдебиетшілер арасында Шоқан Шортанбайұлының орны білімімен ерекшеленіп тұрады. Бірақ білемін, білімдімін деп өзін көрсетуге, көрінуге талпынбайды. Кейде әдебиетке қатысты пікір білдіргенде , «осы әрекетім қалай болды, біз мектеп көрмеген жандар секілді ұстаздардың алдын орап кетіп жатқан жоқпыз ба? Менің орнымда болса, бұл жайға Шоқан Шортанбайұлы, Самал Дәрібаев ,Жолдасбек Мәмбетов, Алпысбай Тамев сынды ғалымдар қалай жауап қайыратын еді деп ойлаймын. Олар әдебиеттегі тенденцияларды, жаңа және жанама жанрларды, әдебиеттің тұтас теориясын жақсы біледі. Сол білгенін алдына келген шәкіртке дарытамын деп әбігерленеді. Сондықтан былайғы әдеби-мәдени орта бұл ғалымдар жайында аз біледі. Тіпті «әдебиет академиясы ашыла қалса, онда кімдер сабақ беруі мүмкін, бізде дайын кадрлер жоқ қой» деген пікірлердің пайда болуы да, әдебиеттану саласындағы ғалымдардан хабарсыз адамдардың көп екеніне айғақ.

Қалам ұстайтын адамда ең алдымен еркін ойлау қасиеті болуы керек. Әлеумет арасында қалыптасқан таптаурын ой ағысы қалам иесін өзәне иліктіріп алып кетпеуі тиіс. Шоқан Шортанбайұлы сынды ұстаздар осы қағиданы ерте бастан бойына сіңірген деп білемін. Оның сабақ беру әдісі, өзін шәкірттер арасында ұстауы осы пайымды дәлелдей түседі. Бар шығармашылық қуаты мен уақытын әдебиетші тәрбиелеуге тәрк етіп жатқан осындай мамандардың қадірін дер кезінде білсек екен. Рас, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген фраза бар. Бірақ біз саналылық пен сауаттылыққа талпынған, интеллект деген ұғымды адам түгілі құлтемірге енгізуді құп көретін дәуірде ғұмыр кешіп жатқан жоқпыз ба?

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы, драматург, әдебиеттанушы: Осыдан тұп-тура он төрт жыл бұрын ғой, яғни 2005 жылы асқақ Алатау құшағына қысқан ару Алматыдағы хакім Абайдың аты берілген №147 мектеп-гимназиясын ойдағыдай тәмамдай салысымен-ақ тәлейіме қарай қасиетті қарашаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне іліндік. Со кездегі қуанышым қойныма сыймай жүрген ішкі күйімді сөзбен айтып жеткізу қиын еді. Мүйізі қарағайдай академиктер, маңына кісі жақындауға сескенетін небір марғасқалар табанының табы қалған, алты аздау, атағы алпыс қыр асқан әлгі оқу орны бір есіктен кірсең адасып, екінші жағынан оңайшылықпен шыға алмай қиналатын Хеопс (Хнум-Хуфу) пирамидасындай сезілетін, маған.

Тағы бір қызық, көзіңді тас қып жұмсаң зал, фойе, коридор, кітапхананы елес кезіп жүргендей болатын, шын. Бұл – поэтикалық әсірелеу емес, расында да солай, себебі онда кие бар. Дәл сондай сәттегі темірқанат балапанға бағыт-бағдар сілтеп, игі іске бастар ұстаздың орны алабөтен деп білеміз. Мұқым жұртқа белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар: Өмірхан Әбдиманұлы, Жолдасбек Мәмбетов пен Шоқан Шортанбаевтар бірінші курстың екінші семестрінде «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша кезек-кезек дәріс оқыды. Өмірхан ағам – әңгіме шертсе шешендерше шешілетін ділмар, Жолдасбек ағам – барлығын байыппен түсіндіретін бейнеткер, ал Шоқан ағамыз – арғы-бергіні сапырғанда парасат-пайымымен тамсандыратын білімдар. Үшеуі үш түрлі, енді, табиғаты, көзқарасы, сабақ беру әдісі, сөйлеу мәнері, өзді-өзін ұстауы тұрғыдан бір-біріне мүлде ұқсамайды. Басқаны қайдам, өз басым өстіп ерекшеленетін, әрі қызғылықты өтетін пәнді тағатсыздана күтетінмін. Шоқан Шортанбаев – лектор есебінде де, адам есебінде де жақсы. Ол кісі сала-құлаш конспект жаздырғаннан гөрі, еркіндеу форматты, талғамды қалыптастыру үшін үздік туындылар талдатқанды жөн деп ұғатын. Шоқан ұстаз үйге берілген тапсырманы робот-құлтемір ұқсап сезімсіз судырататын емес, керісінше көп ішінен миының оң жақ бөлігіне еркіндік берер шығармашыл талапкерді іздейтін-ді. Әгәрәки, бір мәселе жайында білетініңді білдіре қойсаң, бітті, сені төс пен балға арасындағы темірше шыңдау мақсатында түрлі мазмұндағы, түрлі сипаттағы сан неше сауал қойып, өзі соған риза боп, жаздай жайдары қалпын бұзбайтыны – бұрынғыдан бергі ғадеті. Алайда, ағамыздың алғашындағы артық ауыз сөзге барыспай, қабағын қарс түйіп, қаталдығынан еш айнымай, студент делінген ерке елдің ауа жайылып кетпес үшін аудитория назарын мейлінше өзіне аудартуға белін бекем буған кескін-кеспірі көз алдымнан кетер емес. Содан соң, арада туған-туыстай жақындық, бауырдай жылылық пайда болғаны рас. Ұстазымыз не турасында сөйлесе де, оны бір-бірімен сарабдалдықпен сабақтастыра, «переходтарының» тігісін жатқызып, жік-жігін байқатпастан жалғастыра жөнелуші еді, шіркін.

Кейіндеу әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология факультетінің магистратурасына оқуға түскенімде де жазған-сызғанымды зор ыждаһаттылықпен оқып, ой бөлісетін мінезі бөлек ағамызбен байланыс үзілген жоқ (ол тұста Қазақстан Жазушылар одағына қарасты Республикалық «Қазақ әдебиеті» әдеби, мәдени апталығында қызмет ететінмін). Ш.Шортанбаев – өңгелерден ерекшеленбеуге тырысатындығымен ерекше кісі, айқын артықшылығы, шын мәніндегі ғалымға тән, һәм ел үйренуге тиіс ең қажетті қасиеті – ізденімпаздығы, кітапты былай қойғанда, басылым бетінде жарияланған әрқилы жанрдағы мақалаларды да ұмыт қалдырмайды.

Қайбір кезде қатардағы оқырман ретінде түнімен кітапқа көз сүзіп бірінші сабақ-«парға» кешігіп қалғаным есімде. Жүгіре-жүгіре ентігіп екінші қабатқа көтерілгеніммен, кабинетке кіруге жүрек құрғыр дауалар емес. Сөйтіп, не керек, топсасы майланбаған ескілеу сұр есік «айқайлап» барып ашылды-дағы, алдымен оқытушымыздың қайратты қара шашпен қапталған, адамды қайран қалдырар идеялардың ордасына айналған, дөңгелене біткен басы, содан барып сақал-мұрты ұқыпты қырылған мүбарак жүзі көрінді:   

– Қайда жүрсің, Байболып <ов>?!

– Кітап оқып... және...

– Кір, тез.

Орныма орныққаннан соң, Шоқан Шортанбаев менен сабақ сұрасын кеп. Бірінен кейін бірі балалай беретін миллион сұрақ қойылды, жауап бердік, әйтеуір. Мойнымды созып қарап ем, тысы жып-жылтыр қоңыр жорналға жоғарылау баллдың қонжия кеткенін байқадым, семинар аяқталғаннан соң Біз әдебиет турасындағы әңгімені әрмен қарай дәлізде жалғастырдық. Әр әдеби, мәдени құбылысқа асқан ұстамдылықпен қарайтын ұстазымыз «Ахиллес өкшесіндей» өте әлсіз жеріңді көрсе, оны басқалар секілді бетіңе басуға асықпайды, қайта жеке шақырып алып бәрін әдеппен, сабырмен түсіндіретін-ді. Ең кереметі, қай ақынның атын ата, мейлі, өлеңдерін жатқа соғады, ағып тұр. Қауырсын қаламды күзгі жапырақ сықылды сап-сары сағынышқа толы сия сауытқа малып-малып алып жазылған бұ жолдар, жадымның бір бұрышында жатқан осынау естелік кімге қалай әсер етерін білмеймін, бірақ мен үшін құнды, қымбат, бағалы...

1669556d-6c0d-420a-8d88-0db4cb578bb4.jpg

Нағында, қазақы дүниетанымға сәйкес, «ердің жасы – елу» емес пе?! «Көп тілегі – көл» деген. Аллаға шүкір, ұстазымыз аман-есен елуді еңсеріп, ел ағасы атанып, ендігі бір елуге бұйда түзепті, жүз жасасын!.. Өмір дегеніңіз, бұл – құдырет-күші шексіз Құдай-тағаланың сыр-құпиясы мол, шеберлікпен, мінсіз, классикалық үлгіден де тым жоғары деңгейде жазылған ұлы сценарийі. Өмір дегеніңіз, бұл – бұралаң-бұлтарысы көп, терезе бетіне қатқан қыраудағы сексен кристалл торынша үйлесіммен жаратылған ғажап жол. Сол себептен бе екен, о жолда өрдің де, ылдидың да, ақтың да, қараның да, жақсының да, жаманның да болуы заңдылық. Алдын көрген шәкірті есебінде ағамыздың деніне саулық, отбасына, тұтас әулетіне амандық, ісіне береке тілей отыра, белгіленген мәре-межеге шаршамай-шалдықпай, сүрінбей-қабынбай, аптықпай-алқынбай абыроймен жетуіне шын жүректен тілектеспіз!..  

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, әдебиеттанушы: Менің маңдайыма ҚазҰУ-дың филфагында оқу бақыты жазылмапты. Бірақ осы университеттің шығармашыл студенттерімен өте жақсы қарым-қатынаста болған едім. Қарап отырсам, сонау жер түбі Арқалықта жатып-ақ ҚазҰУ-дағы Жанғара Дәдебаев, Темірғали Есембеков, Зуфар Сейітжанов, Жұмат Тілепов, Зинол-Ғабден Бисенғали, Өмірхан Әбдиманов, Күләш Ахмет, Қанипаш Мәдібаева, Раушан Әбдіқұлова, Сәлима Қалқабаева, Ләйлә Мұсалы сынды белгілі әдебиеттанушылардың еңбегін күні-түні жата-жастана оқыппыз. Өзімді сол Арқалықта жатып-ақ ҚазҰУ-дың Торғайдағы бөлімшесінде білім алған сияқты сезінемін. Сол Арқалықтан Алматыға, аяулы арман – ҚазҰУ-ға жиі-жиі келгіштеп, филфакты аралап, алыптардың ізі қалған қазақ әдебиеті кафедрасының есігінен сығалап, осында оқып жатқан достарыма қызығып жүруші едім. М.Әуезов атындағы аудиторияны көріп, тамсанып, түпсіз терең ойға шомып едім. Рас, Шоқан ұстаздың алдын көріп, дәрісін алмасам да, оның мерзімді басылымдарға, әдебиеттану мәселелерінің жинақтарына басылған оймақтай ойларымен, тұжырымы қисынды теориялық мақалаларымен танысып, конспектілеп қоятынмын. Арқалықтағы оқуымды тәмамдап, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасына түскеннен кейін Шоқан ағамен танысып, әдебиеттану мәселелеріне арналған ғылыми конференцияларды кездесіп, қауқылдасып тұратын болдық.

 Әлі есімде... Шоқан Амангелдіұлын алғаш рет Т. Кәкішұлының тоқсан жылдық мерейтойына арналған конференция кезінде көрдім. Бұл біздің жүзбе-жүз кездесуіміз, емен-жарқын сөйлесуіміз еді. Бұрыннан таныс ескі достардай бір-бірімізге тез бауыр басып, шекарасыз байланысқа өттік. Содан кейін Шоқан аға Астанаға іс-сапармен келгенде, Ұлттық академиялық кітапхананы бірге аралап, Т. Кәкішұлы атындағы «Ғылым» залында риясыз бір сұхбат құрып едік.  Бозөкпе студент шағымнан «сырттай» жақсы білетін, жазғандарын құлшыныспен оқып жүргендіктен, бұл кісіні өзімнің туған ағамдай әрі өмір жолындағы ақылшы досымдай бағалап, құрметтеймін.

 Шоқанның жазуы, әдеби пайымы, сөйлеу мәнері мүлде бөлек. Әдебиет тарихының жылнамасын жіліктегенде алдына жан салдырмайды. Маған оның әдеби шығарманы талдаудағы еркіндігі, эрудиттігі ұнайды. Ал, оқыған кітабын, кейіпкерін, шығарманың мазмұны мен сюжетін айтып, оқиғасы мен тіпті түйдек-түйдегімен тұтас сөйлемдерді жатқа соғатыны студент жастар арасында аңыз сияқты айтылады. Бала күнінен әдебиетті өмірлік мұратына, кітапты сенімді серігіне айналдырғаны бірден байқалады.

  Шоқан студент болып, университет табалдырығын аттап, 102-әдебиетшілер тобына келгенінде филфакта кілең маңдайы жарқыраған сайыпқыран ұлағатты ұстаздар дәріс беретін. Тағылымы зор әйдіктердің шапағатын көріп, тәлімін алған соңғылардың сапынан болуы мүмкін. Бүгінгі танымал лингвист-ғалым Шерубай Құрманбайұлы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Түрксойдың өкілі Асқар Тұрғанбай, ғылым докторы Сарқыт Әлісжанов, ғылым кандидаттары Бижомарт Қапалбек, Жарқынбек Жақсымбетов, Серікбай Қосан сынды тағы басқа елімізге белгілі азаматтармен бір топта оқыған Шоқанды 1991 жылы әдебиетшілер ұстаханасын үздік бітіргенінде-ақ, мэтр ғалымдарымыз елгезек бозбаланы аттай қалап, кафедраға конкурссыз жұмысқа қабылдаған екен. Содан бері сырғып жылдар, зулап айлар өтті. Жиырма сегіз жыл бойы бір университет, баяғы сол әйгілі кафедрада жемісті, абыройлы қызмет етіп келе жатыр.  Негізінде біздің ағай – ғылыми дәрежесі жоқ атақты ұстаз! Абыз ғалым ағаларымыз табанымен жер тіреп, диссертациялық кеңестің қамшысын ұстап тұрған сол кездері-ақ еңбегін қорғап, ғылыми дәреже иеленуіне мүмкіндігі болған, бірақ ғылыми дәреже мен атақты шартты нәрсе деп ұқса керек... Бүгінде кешегі корифей зерттеушілердің еңбегі сіңген қасиетті шеберханада ғылыми дәрежесі бар  небір докторлар мен кандидаттар дәріс беріп жүр, алайда сол көптің арасынан ғылыми атағы жоқ, қарапайым оқытушы Пазылбек Бисенбаев пен Шоқан Шортанбаев айрықшаланып-ақ тұрады.

f6deba17-e197-4791-bcc2-a96c1e221412.jpg

 Әдебиетші Шоқан Шортанбаевтың қаламынан тақырыбы мен мазмұны өзгеше сипаттағы көптеген дүниелер туды. Соның ішінде «Қазақ романындағы тұлға әлеуеті болмысын қалыптастырудағы дәстүр мен жаңашылдық», «Қан мен тер» адам – тағдыры, жаңа көркемдік өріс», «Құланның ажалы» романы және тұлға әлеуеті», «Роман арқауы – ұлт тағдыры», «Сапарнама сабақтары», «Шәкәрімнің әдеби мұрасын зерттеудің мәселелері», «Қазақ романындағы кейіпкер болмысын зерделеу тәсілдері», «Роман және кейіпкер болмысы», «Сәкен жүрген ізбенен...», «Қалихан Ысқақовтың «Тұйық» романы және тұлға әлеуеті» мақалаларының тұрпаты бөлек-ті. Оның ізденгіштігі, роман мәселесін талдаудағы методикасы ешкімнің қолтаңбасына ұқсамайды. Бірақ та, иә сол «бірақ та...» дегізетін зор өкініш бар. Осы аталған мазмұндық сипаты, мәні өзгеше дүниелер ешқашан кітап болып шыққан емес. Автордан өтініп сұрарымыз да – осы. Болашақ студенттерге, ізденушілерге ауадай қажет, пайдасы мол мақалаларыңызды жинақтап, кітап ретінде оқырман назарына ұсынсаңыз.

   Сөз өнері саласының өкілі болып жүрген азаматтың Мағжан, Мирас деген қос ұлы бар. Екеуі де өзі сияқты кітап десе, футбол десе, спорттық ойындар десе, ішер асын жерге қоюға әзір екен. Шоқанның үйін шырайын кіргізіп отырған Әсия жеңгей де филолог. Өнегелі отбасын құрған ағамыз қаншама жас әдебиетшілердің жұптарын жарастырып, шаңырақ көтеруіне себепкер болып, құрметіне бөленді.

 Есім-сойы да, өмірі де әдебиетке, әсемдік пен эстетикаға айналған жазу-ғұмыр иесі – үш тоғысты арқан сияқты көрінеді. Олай дегенімнің мәні: ол – болашақ әдебиетшілерге ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы мен қазіргі қазақ әдебиеті пәндерінен дәріс беріп, үш ғасырды жалғап, білімгерлерге академик З.Қабдолов, профессор Т.Кәкішұлы, профессор  С.Садырбаевтардың өнегесін үйретіп, асылдардың сарқытындай жарқылдап жүргені. Кемел ойлы, зерек зерттеушінің қаламынан әлі талай сүбелі ойлар туатынына кәміл сенеміз. Алла Тағала елуге аман-есен, асқақ абыроймен жеткен азаматқа тек жақсылығын берсін!


Әнел Қанатқызы