2 Ақпан, 2019
Жалағаштың бір көркі – көше кітапханасы

Біз білетін Жалағашта көше кітапханасы ашыл­ғанын естігенбіз. Тақырыпқа арқау болған осы бір қызық дүниені іздеп бардық.



 


Жалағаштық ағайын ән-жырдан кенде емес. Оның үстіне өнердің көзі – халықта екенін ескерсек, ел ішіндегі мәдениет саласы бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылды. Соңғы жылдары елді мекендердегі мәдени ошақтар қомақты қаржы нәтижесінде күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы нығайды. Өнер ұжымдары қолдау тауып, түрлі байқауда топ жарғандар көп болды. Мұнда ел құлағын елең еткізер дарын иелері де, жаңа толқын жас өнерпаздар да жетерлік. Ең басты жетістік ретінде облыс орталығында был­тыр өткен аудандар онкүндігінде Жалағаш­тың бірінші орынды жеңіп алғанын айтуға болады. Мәдениет саласындағы мұнан да өзге толайым табыстары көп. 



Біз білетін Жалағашта көше кітапханасы ашыл­ғанын естігенбіз. Тақырыпқа арқау болған осы бір қызық дүниені іздеп бардық. Әріптес фототілші Махамбет Ахметов екеуміз аудан орталығындағы басты нысандардың алдында орналасқан кітапхананы шыр айнала қызықтап жүрміз. Мұндағы шағын үйшікте қазақ және орыс тіліндегі көрнекті әдебиет өкілдерінің шығармаларын кездестіресіз. Сонымен бірге «Жұлдыз» әдеби журналының сандары да бар. Үйшікте арнайы пайдалану ережесі де жазылыпты. Бейнебақылау тұрақты жұмыс істеуде. Бір сөзбен айтқанда, сапалы кітаптар самсап тұр мұнда. Тұрғындардың оқуға құмарлығын сөредегі кітап қорының аз қалғандығынан байқау да қиын емес.



– Еуропа елдерінде бірнеше жыл бойы көше кітапханалары жұмыс істеп келеді. Ол жерден кез келген азамат ұнатқан кітабын алып кете алады. Ол үшін оқырман билеті керек емес. Осыған ұқсас жоба Жалағаш ауданында қолға алынып, «Көше кітапханасы» ашылды.  Кітап сөресін ауданның «Халыққа қызмет көрсету орталығы»  мен аудандық аурухананың  ауласына орналастырдық. Халық ұнатқан кітапты алып кете береді, тіпті, өз кітап қорын әкеліп қосып жатқандар да баршылық, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бө­лімінің басшысы Таңатар Доспанов.



Бүгінде цифрландыру ағыны қатты екені белгілі. Осыған сәйкес, ауданның кітапхана саласында атқарылған іс көп. Жалағашта ақпараттық технологияларды ендіру және дамыту бағытында РАБИС бағдарламасының электронды каталогына 110 339 дана кітап, 6 917 мақала  енгізілген. Санды форматқа көшірілген 800-ге жуық кітап бар. Биыл Жаңадария, Т.Жүргенов және М.Шәменов ауылдарындағы мәдени, рухани және ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханасы заман талабына сай жаңаша жаб­дық­талып, «Модельді ауылдық кітапханаға» айналған.



Тағы бір айта кететін жаңалық, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданда коворкинг орталығы ашылыпты. Мұнда келушілер көп. Қазір кітапханалар енді тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, қала, ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналған. 



Жалпы, ауданда мемлекеттік мәдениет және өнер мекемелерінің желісін 6 аудандық және 31 ауылдық мәдениет ұйымдары құрайды. Соның ішінде 7 мәдениет үйі, 9  клуб,  18 кітапхана,  тарихи-өлкетану мұражайы мен мәдениет және өнерді дамыту орталығы, Бұқарбай батыр атындағы тарихи үй аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, «Алтын-арай», «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамбльдері, Халық театры, «Арай» мәдени үгіт тобы және жылжымалы  мәдени-демалыс  кешендері жұмыс жасайды. Былтыр ғана мемлекеттік бағдарламалар бойынша Мәдениет ауылындағы 150 орындық клубтың құрылысы аяқталып, пайдалануға  беріліп, өнер ордасы өз жұмысын бастап кетті. 



Ержан ҚОЖАСОВ


автордан