18 Мамыр, 2018
Жамбыл облысындағы киелі жерлер туралы көп томды энциклопедия жазылмақ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлері» бөлімі аясында көптеген тындырымды істер атқарылуда. Соның бір дәлелі ретінде, Жамбыл облысында жалпы құны 817 миллион теңге болатын 23 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бұл өңірдегі киелі жерлер туралы көп томды энциклопедия жазылу қолға алынуда.


Мұндай игілікті шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен сексенге жуық жергілікті кәсіпкер азаматтар қол ұшын беруге әзір. Туған жерін аялаған, ел ертеңіне шын алаңдаған азаматтар осылайша Әулиета өңірінің әлеуметтік-рухани жаңғыруына атсалысып отыр.



Сонымен қатар, биыл тағы бір жарым млрд теңгені қамтыған 29 әлеуметтік ғимарат ел игілігіне беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов Астанада журналистермен жүздесуінде мәлімдеп:




 – «Жаңғырған ауыл» жобасы аясында жыл сайын 10 ауданнан, 10 елді мекеннен жергілікті меценаттарды тарта отырып, тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар, жол салу, инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аясында аудан, ауыл әкімдері мен демеушілер арасында жалпы құны 770 миллион теңге болатын меморандумға қол қойылды. Бүгінгі күнде оның 332 миллион теңгесі игерілді, – деген болатын. 




Елбасының «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деген салмақты сөзінің айғағы ретінде, Көне Тараз шаһарының бай тарихын насихаттау мақсатында «Рухани қазына», «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» атты 4 кіші бағдарлама жүзеге асырылуда. Өз кезегінде бұл жобалар жамбылдықтар тарапынан тілшілерге көрсетілді.



Мәселен, «Рухани қазына» бойынша аймақта қолға алынған жобалар мен киелі жерлер интерактивтік жүйеде таныстырылса, «Тәрбие және білім» жобасында  келушілерге латын әліпбиі оқытылады. Ал «Атамекен», «Ақпарат толқыны» алаңдарында да қыруар жұмыстар атқарылуда.



Осы ретте Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева да өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті: 




– Біздің 100 жаңа есімге құрылған алаңымыз бар. Бізде коуоркинг орталығы да жұмыс істейді. Әр алаңда арнаулы бағыттар бойынша облыста қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр, жалпы осы алаңа келуші қонақтар мен Жамбыл облысының тұрғындары осы бағыттар бойынша кез келген жобалардың мультимедиялық таныстырылымын көруге мүмкіндігі бар.  




Сонымен қатар, алдағы уақытта Әулиеатаның киелі жерлері картасы әзірленіп, өңірдің көп томдық энциклопедиясы дайындалады. Тараз өңірінен шыққан атақты адамдар туралы да арнайы жобалар қолға алынған. Бұл өңірде санаға серпін, дәтке қуат беретін «Рухани жаңғыру» жобасының жекелеген тармақтары білім саласында да көрініс тауып жатыр.  Мәселен, облыстағы орта білім беретін мектеп бағдарламасына «Туған өлке тарихы», «Өлкетану»  курстары енгізілген. Тіпті апта сайын «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы», «География» сабақтары музейлер мен тарихи ғимараттарда өткізіледі.   


ruh.kz
vlast.kz