5 Қыркүйек, 2019
Жаңа қоныс құтты болсын, іші бақ пен берекеге толсын!

Сүйінші, ағайын! Шілде айында «Әр қазақ – менің жалғызым» ұранымен басталған қайырымдылық акциясы өз мәресіне жетті.

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде өткен Конституция күніне арналған салтанатты шарада төрт отбасыға пәтер кілті табысталып, көпке үлгі боларлық іс жасалды.

Сол күні аудандық мәдениет үйінің акт залына жиналғандардың жүрек толқынысы ерекше еді. Төрт бірдей отбасыға аудан азаматтарының асарлатыуымен салынған пәтер кілті табысталады деген хабарды естіген көпшілік, «бәрекелді» десіп жатты. Әсіресе, мені жаңа қонысқа кіргелі жатқан үй иелерінің қуанышын көру, олардың сол сәттегі тебіренісін байқау тіптен ерекше сезімге бөледі. Ал, міне шара басталды дегеннен-ақ, орындарына жайғасқан қалың көрерменнің қошеметі жүрек дүрсілімен бірге соғып жатты. Осындай көңіл күймен сахна төріне көтерілген аудан әкімі Т.Көшмағанбетов тәуекелге бел буып, мүжәлсіз төрт бірдей отбасына арналған тұрғын үйдің салынуына бастамашы болған екі келіншек Жанна Аманқұлова мен Бибігүл Жакупованың мейірімділігі мен қайсарлығын көпке үлгі етті, оларға шын жүректен алғыс арнады. Сондай-ақ, тұрғын үйді салуға қаржылай көмек көрсеткен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Лю Цзинчэн, «КазАзот» АҚ «Шағырлы-Шөмішті» филиалы ЖШС директоры А.Меңдібаев, «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС директоры Ж.Өскінбайұлына, «БозашыТрансҚұрылыс» ЖШС директоры Е.Есболатұлына, құрылысты салған Н.Дүйсенбиевке алғыс хат берді.   Мұнан соң құттықтау сөз сөйлеп, біткен іске өздерінің ықылас-ілтипатын білдірген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ордабаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов, Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшесі Ж.Қожық құрылысқа атсалысушыларға жылы лебізін айтты.

-Бұл игі іске ауыл азаматтары, жастар, көршілер, тіпті мектеп оқушылары да ат салысты. Бірі баспананың іргетасын құйса, екіншісі қабырғасын қалады. Ал, енді бірі шатырын жауып, сылағын жүргізгенінің арқасында бұл баспана небәрі 45 күнде салынып бітті. Жаздың аптап ыстығына қарамастан құрылысы қарқынды жүрген үйдің кілтін алған пәтер иелерінің жүздеріне қуаныштың көз жасы ұялады. Осы сауапты іс арқылы ауыл азаматтарына ерекше ризашылығымды білдіремін, құрылыстың аяқталуына ат салысқан ауыл азаматтары аудан тұрғындарының ұйымшыл екендіктерін тағы бір дәлелдеді – шараның бастамашысы, «Айтыман» қоғамдық қорының директоры Ж.Әлімбайқызы құрылысқа қол көмегін көрсеткендерді марапаттады.

п_тер к_лт_ табысталды (1).JPG

Салтанатты сөз сөйлеушілерден соң тарихи сәт те келіп жетті. Тарихи сәт деуімізге толық негіз бар, өйткені жаны нәзік болса да қайсар мінезі бар, тәуекелге бел буған екі әйел азаматының бастамасымен сол күні төрт отбасы үйлі болды. Бұл жетімін жылатпаған, жесірін құлатпаған қазақ үшін тарихи сәт болмақ. Аттары аталып сахнаға тебірініспен көтерілген отбасы мүшелерінің көңіл күйі қалың көпшілікке әсер етіп, сол жерде отырғандардың дені көзіне жас алды. «Бір адамдай қуана білді» деген осы шығар дедім.

IMG_9679-04-09-19-03-53.JPG

-Баспана тауқыметін тартып, жылы төсек, жайлы баспанада тұруды арман еткен отбасымның, кішкентай бүлдіршіндерімнің қуанышында шек жоқ. Мереке қарсаңында және жаңа оқу жылында жағымды жаңалықпен қуантып, жылы, жарық үйде тұруды нәсіп еткен, осы үйдің салынуына себепші болған екі сіңліме Алла разы болсын, сонымен қатар осы үйдің құрылысына ат салысқан барша ауылдастарыма шексіз алғысымды білдіремін!» - дейді қуаныш иесі Жұлдыз Оңайбаева.

Қазақ халқы қашанда қайырымдылыққа жаны құмар халық екенін осындай игі істерімен тағы бір айқындады. Ауданымыздың атын республика көлеміне танытқан, ұйымшылдық айқын көрініс тапқан дәл осындай қайырымды іс Мұнайлы ауданында да жалғаспақ. Ел болып, билік болып кесімді шара қабылдасақ ертеңгі ұлт болашағы нұрлана түсетініне толықтай сенімдіміз.

Маңғыстау облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі