13 Ақпан, 2020
Non-stop. 75 күй

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы 75 шығарма орындап, Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр. 

Шара ұлттық өнерді насихаттау мақсатында және Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіледі. Өнер ұжымы 17 ақпанда «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында өнер көрсетеді. «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек осындай концерттің ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалыққа лайық екендігіне сенімді: музыканттар Қазақстанда алғаш рет non-stop режімінде музыкалық шығармаларды кідіріссіз, бір деммен жатқа ойнайды. Сонымен қатар, басылымның өзі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін ұрпаққа насихаттауды көзделген.

«Қорқыт» дәстүрлі саз тобының құрамына қазақтың халық аспаптарында (қобыз, қылқобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, саз сырнай, бас домбыра, сыбызғы, су ағаш, толқылдақ және т.б.) ойнайтын талантты өнерпаздар жиналған. Ұжымның бірегейлігі – ондағы әрбір әртістің бірнеше аспаптарды игеруі.

Жастарды дәстүрлі ән өнеріне баулу әртістердің жеке музыкалық стилін қалыптастыруға, іздеуге талпындырады. Ұжым репертуарының негізін Шолпан Қорғанбектің авторлық өңдеуінен өткен қазақ фольклорының жанрлары, яғни күй, жыр, терме құрайды. Шеберлікпен өнделген халық музыкасы ондағы бейнелер мен сұлулықты барынша суреттеп, жаңаша үн береді.

«Қорқыт» дәстүрлі саз тобы өз шеберлігін үздіксіз арттыруға деген ұмтылысымен ерекшеленеді, ұжым – айтулы республикалық және халықаралық музыкалық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары. Топтың ұжымдық шығармашылығы «Ғасырлар үні» II Өңіраралық фольклорлық-этнографиялық фестивалінде, «Шабыт» ХХ халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде, сондай-ақ «Көне Тараз күмбірі» І Республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер фестивалінде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Жақында ғана «Қорқыт» Катардың Доха қаласында өткен «Cultural Diversity» халықаралық фестиваліне қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы,

Мемлекеттік академиялық филармониясының баспасөз бөлімінен