2 Мамыр, 2019
Жаңа Жұбановты қайдан алған?

Күні кеше ғана қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, өнертану ғылымының докторы, Қазақстанның халық әртісі, профессор, дирижер, әйгілі композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туған күні болды


Осы орайда әуелі Жұбановты толық танымайтындарға, кейін таниын дейтіндерге сөз арнасақ деп едік. Қарағанды қаласына қарасты Долинка кентінде «КарЛаг» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы барын қалың көпшілік біледі. Аталмыш мұражайдың (бөлім атауын ұмыттым) бір бөлімінде қазақтың біртуар тұлғалары тізілген. Ішінде Ахмет Жұбанов та бар. Анығында Ахмет Жұбановтың аты бар да, заты (фотосы) жоқ. Оның орнына белгісіз біреудің суретін қойып қойған.



Мұражайдың гидтары КарЛагқа жылына кем дегенде 3 мың адам келіп, кететінін айтады. КарЛаг мұражайы 2001 жылы құрылды. Демек 18 жылда 50 мыңнан астам адам келген. Келген адамның барлығына мұражай қызметкерлері «мынау қазақтың белгілі композиторы, академик Ахмет Жұбанов», деп басқа біреуді таныстырып келеді. Осы олқылықты мұражай қызметкерлеріне жыл бұрын ескерткенбіз. Бірақ, мойын бұрып, сөзімізге құлақ асқан ешкім болмады.



Көзінің кемдігін жасыру мақсатында фотоға бір қырымен ғана түсетін академиктің суретін интернеттен қарап алса болмайтын ба еді? «Осыдан 18 жыл бұрын құрылды. Ол кезде интернет жоқ еді», дерсіз. Мақұл. Қазір ше? Интернеттің абр заманында, ақпарат көздерінің жетіп артылар уағында да осындай қате жіберуге, онымен қоймай дүйім жұртқа сол ақпаратты таратуға бола ма?





Осакаров орталықтандырылған кітапханалық жүйесінің ресми сайтында ( cbs-osakarovka.kz сайттың сілтемесі ред.) Ахмет Жұбановтың өмірбаянымен басқа адамның фотосы тұр. Бұл не масқара? Кітапханашылар кітап оқымайтын ба еді?! Кітапханашылар тұлғаларды танымайтын ба еді?!



 



Фонограф аңызы



Абыз даланың қобыз кеуделі перзенті турасында кеше ғана арамыздан өткен халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, күйші Жарқын Шәкәрім ағамыз былай еске алған еді:



Әлқисса,  Ахмет Жұбанов бұдан екі ғасыр бұрын Томас Эдиссон ойлап тапқан дыбыс жазу аппаратының ең көне түрі фонографқа жазылыпты.  Әңгімені әріден бастайық.



Өткен ХХ ғасырдың бастауында тұрған халқымыздың кәсіби музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірден-бір көрнекті тұлға, зерттеуші, композитор, дирижер, академик Ахмет Жұбанов  екені белгілі. Музыкалық өнеріміздің қай саласы болмасын Ахмет Жұбановтың тындырған еңбектері ұшан теңіз. Бүгінгі әңгіме арқауы  ол зерттеген еңбектердің бүгінгі ұрпаққа жетуі жайлы және фонограф таспасына жазылған ол орындаған күйлердің 1974 жылы  Санкт-Петербург архивінен табылуы жайлы қысқаша да болса тоқталып өту болмақ.



Басында атап өткенімдей Ахмет Жұбанов ғасырлардан жалғасқан музыкалық мұрамызды бүгінгі ұрпаққа жеткізген бірден-бір  бірегей адам. Мәселен ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде алғашқы роман жазған, алғашқы поэзиялық шығармалар жазған немесе алғаш рет пьеса жазып сахнаға шығарған өз тұлғалары, өз жазушылары болды. Осы тұрғыдан алғанда сол кезде халқымыздың музыкалқ өнері қалайша дами бастап еді деген заңды сұрақ туындалады.





Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында алғашқы «Музыкалық әліппе» кітабын кім жазды? Осы күндердегі Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның негізін қаласуға атсалысқан кім, алғашқы директоры кім болды?, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің негізін кім қалады? Қазақтың Ұлттық Ғылым академиясының музыка тану, зерттеу бөлімін кім ұйымдастырды. Жамбыл атындағы Қазақтың Мемлекеттік филармониянсын ұйымдастырып алғашқы директоры болған кім? Бұған бір ғана жауап – Ахмет Жұбанов дейміз. Әрине мұны бәріміз білеміз. Айтуға оңай. Әйткенмен де бүгінгі жас ұрпақ, етек жеңін түре қоймаған балғын шәкірттер көкейіне қондыру үшін Ахмет Жұбановтың қазақ музыка мәдениетін дамытудағы керемет қайраткерлігін үзбей насихаттап отыруымыз қажет. Тіпті музыкалық оқу орындарына арнай сабақ ретінде оқытылуы қажет.



Ал зерттеу мәселесіне келсек ХІХ ғасырда өмір сүрген Тәттімбет, Құрмағазы, Біржан, Мұхит, Ақансері тәрізді және тағы басқадай да халық композиторлары жайлы ХХ ғасырда музыкалық көркемдікпен қалам тартып, кітап етіп шығарған,  шындығын айту керек жалғыз Ахмет Жұбанов. Әрине композиторлар мен әйгілі орындаушылар жайлы жазған жазушылар, тарихшылар болды. Оларды жоққа шығармаймыз. Біз тек қана Ахмет Жұбановтың жазу шеберлігіндегі музыкалық бағытты ғана айтқымыз келеді. Ахмет Жұбанов олардың музыкалық мұраларындағы музыкалық ерекшеліктерін айшықтаған. Міне сол зерттеулері бүгінгі музыкалық оқу орындары шәкірттері үшін таптырмайтын, өте қажетті оқулық құралдары болып отыр. Оның қаламынан «Құрманғазы», «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы», «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» деп аталатын  ғылыми еңбектері, басқадай да кітаптары  дүниеге келді. Жүзден астам зерттеу мақалалары тағы бар.



Ахмет Жұбановтың композитор ретіндегі шығармаларын да қысқаша тізбелеп өтуге болады. Олар:  «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Ария», «Вокальдық сюитасы», «Абай сюитасы» тәрізді музыкалық шығармалары, сондай ақ көрнекті композитор Латиф Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» және «Төлеген Тоқтаров» опералары, «Отан», «Ақ Шолпан», «Біздің қала», «Лирикалық ән», «Қарлығаш», «Майданнан хат», «Ант» әндері мен хорлардың, «Тәжік биі», «Қазақ биі», «Ария» тәрізді аспаптық шығармалардың және «Құрманғазы» радиооперасының авторы. Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» пьесасына және «Амангелді» фильміне музыка жазды.



Енді, Ахмет Жұбановтың Фонограф аппаратымен орындаушылардан әндер мен күйлерді жазғаны жайлы айтылмай келген дәйіктемені ортаға салайын.



Негізі  фонограф аппараты  1877 жылдың  21 қарашасы күні Америка ғалымы Томас Эдисон ойлап тапқан дыбыс жазудың ең алғашқы құралы, ең алғашқы атасы саналады. Ахмат Жұбанов бұл өнермен    Санкт-Петербургта жүргенде айналысты.



Ахмет Жұбанов 1929-1932 жылдары Санкт-Петербургтың  Глинка атындағы музыка техникумында және Римский-Корсаков атындағы консерваторияда оқығаны белгілі. Одан соң 1932-1933 жылдары  өнертану академиясының аспирантурасында оқиды.



Міне, дәл сол тұста ол әншілер мен күйшілерді фонограф аппаратына жазып алу тәсілін үйренеді. Бұл туралы ол А.В. Затаевич жайлы жазғанында  анық аңғартады.



Ахмет Жұбанов: «Александр Викторович алдын ала таныстырусыз ақ құшағына алып, менің Жұбанов екенімді біліп қойды. Әкелік бір нұр төккен қамқорлық көңілмен оқумен қол жеткен табыстарды сұрап, менің 1930 – 1931 жылдары қоса қабат алып жүрген ЛИЛИ – дің тарихи социологиялық факультетін тастағанымды естіп, балаша қуанды. Әсіресе мен Қазан вокзалында СССР Ғылым академиясының жаңадан жазу архивінің фонографы отызшақты валигімен (таспасымен) жатқандығын, оған архивтың осы жөніндегі іс жүргізетін ғылыми қызметкері  Евгений Владимирович Гиппустың тапсырмасымен Ақтөбе губерниясының  әндерін жазатындығымды айтқанда ол ерекше қызыға тыңдады.  Ал Александр Викторович Республикалық  Халық ағарту комиссариаты арқылы бастырамын деп үміттеніп жүрген қазақ тіліндегі «Музыкалық сауаты» әліппесінің қолжазбасын көрсеткенімде ол баладай қуанып, бетімнен қайта-қайта сүйді.



Сонымен бірге ол кісіге кейін 1933 жылы Алматыда жарық көрген бұл кітапқа сол кездері Е.В.Гиппустың, Зинаида Викторовна Эвальдің және Әзірбайжанның талантты композиторы Зейнала Асафтарттың көрсеткен жетістіктері мен кемшіліктері туралы пікірлерін баяндадым»,  дейді де одан әрі «Александр Виеторович менің оқудағы табыстарым жайлы, сондай-ақ түрлі пәндерден беретін профессорлар туралы ұзақ уақыт сұраумен болды. Бұлармен бірге, жақсы оқуыма кеңес берді. Ол тағы да творчестволық музыкасын  Фонографқа түсірудің маңызы туралы айтты. Әсіресе орындаушыларға өз дауысын қайта естірткенде, олар қызығып өз репертуарларындағы барды түбіне дейін сарқып береді деп түсіндірді. Мұндай пікірлер маған халық әндерін жазу кездерінде көмегін тигізгені сөзсіз», дейді.



А.В.Затаевичтің осы ақыл кеңесінен соң Ахмет Жұбанов ел ішіндегі әншілер мен күйшілерді фонограф аппаратына жазып алуды бастайды. Ол жазбалары Санкт-Петербургтағы архивте сақталған.  1931 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданына барып, 20–21-ші ауылдың әнші-күйшілерін фонографқа жазған екен. Орындаған адамдардың қатарында: Қажығара Байтілеуов, Нұрилә Тәмбетова, Төралы  Бейсенов, Мырзағали Әділов, Ырыс Нұрмағамбетовтар бар.  Осылармен қоса 1927 жылдың наурыз айында жазылған Әмірбек Жанғалиев, Жақыпбек Рүстембековтардың да есімдері  кезіті. Оларды фонографқа кім түсіргені белгісіз.  Әйгілі әнші Манарбек Ержановтың 1927 жылы орындаған бір әні де сол архивте сақталған. Алдағы уақытта осы фонограф таспаларын магниттік лентаға аударып, халқымыздың өткендегі дыбысқа жазу дәстүрін, орындаушылық ерекшеліктерін егжей-тегжейлі біле отырып, өнеріміз туралы деректерді одан да ары барлау жасап, Омбы, Ташкент, Орынбор, Қазан, Париж, Берлин қалаларындағы архифтерден іздестіріп кеңінен зерттеу қажет деп білеміз. Қазақтың ән-күйлері тарихын, олардың ұлттық ерекшелігінің жанрлық сыр-сипатын танып, бағалауымыз қажет. Архивте шаң басып жатқан алтын қазына табандылықпен ғана халық байлығына, жұрт игілігіне аспақ.



Енді, осы орайда академик Ахмет Жұбановтың шығармашылығына байланысты өзіме қатысты бір жағдайды баяндай кетейін. 1974 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық «Мелодия» фирамсы деп аталатын мекеменің  Алматы бөлімшесінің директоры Сейілхан Құсайыновтың тікелей тапсырмасымен Қырғыз халқының музыкалық антологиясын шығару мақсатында, жұмыс сапарымен мені Қырғыз еліне жіберген болатын. Қырғыз елінің ол кездегі астанасы Фрунзе қаласында айлап жатып, жұмысымызды бітірген соң қырғыз әріптестерімізбен бірге одан әрі Мәскеуге сапар шегіп жалғастырдық. Мускеудегі Ресей Федерациясының Мемлекеттік Орталық архивінің қырғыз бөлімінен Әміре Қашаубаевтың фонографқа жазылған «Балқадиша», «Дударай», «Бесқарагер», Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Смет» әндері табылып сол жылы оны халқымызға жеткізген болатынбыз.



Сол сапарымда Санкт-Петербург қаласына баруға тура келген. Ондағы СССР Ғылым академиясының Санкт-Петербургтағы орыс әдебиеті институтының (Пушкин үйі) фонограф валиктері сақталған архивінен  қазақ-қырғыз музыка тарихына байланысты бұрын зерттеушілер назарына түспеген, аса бағалы олжаларға жолықан болатынмын.  Солардың ішінде 1905 жылы қыркүйек айында неміс ғалымы доктор Каруц  Түркістан өлкесі, Қазалы қаласына келіп фонографқа жазып алған «Махаббат әуендері» деген атаумен жазылған әндер бар.  Біз осыған дейін қазақ жеріндегі дыбысқа жазу тарихын 1910 -1915 жылдардан басталады деп келген болатынбыз. Мына жаңалық оған түзету енгізетін болды. Сондай ақ осы архивте 1912 жылы қырғыз халқының әйгілі манасшысы  Кенжеқараның орындауында фонографқа жазылып  алынған  «Семетей жыры» сақтаулы екен.



 



Осы архивтен тапқан басты жәдігеріміз «Ақсақ құлан - Жошы хан», «Ақ желең», «Өтті дүние», «Тепең көк», «Ноғайлы», «Қаратөс», «Қарабас», «Кеңес», «Штат» тәрізді күйлердің фонографқа жазылған таспалары болды. Күйлердің латын әрпімен қазақ тілінде  жазылған анықтамасында: жазған адам Ахмет Жұбанов, жасы 27-де деп көрсетілген. 2  Яғни, бұл күйлерді фонограф аппаратына Ахмет Жұбанов 1933 жылы жазған болуы мүмкін. Осыны оқығанда әуелгі ойға келгені ғұлама  ғалымның  радиодан немесе теледидар эфирінен  күй орындағанын естіп көрмегендіктен, шындығында да ғажап екен десіп бас шайқағанбыз. Тіпті, күйлерді орындаған Ахмет Жұбановтың өзі ме екен, деген ой да келген. Уақыт өте келе архив фактілері дәлелдегендей осы күйлерді орындап, фонограф таспасына жазған адам еш күмән келтірмейтіндей, академик Ахмет Жұбановтың өзі болып шықты. Неге десеңіз бұған  алға тартар бірнеше дәлеліміз бар. Біріншіден  осы аталғандар ішіндегі «Штат» деген күйді Ахмет Жұбановтың өзі өнер зерттеуші Жиенбек Рсалдинге – 5 жасымда үйрендім, деген. Жиенбек Рсалдин: «Талапкер бала Ахмет  мұнымен ғана тынбайды, сол маңдағы атақты домбырашы, өзінің ауылдасы Талым қарттан күй үйренеді. Талымнан тұңғыш рет «Штат» атты күйді үйренгенде Ахмет 5 жасата болатын. Ойын-той жиындарда, шілдеханаларда қаршадай қоңыр баланың домбырада күй төгілтіп ән салуы жұртшылықты таң қалдыратын. Жайшылықта көп сөйлемейтін, тіпті сырт көзге бұйығы, ұялшақтау сияқты көрінетін кішкене Ахмет көпшілік алдында күй тартқанда  дүниені түгел ұмытып, көңіл-күйі, қиял-ойы сол музыка үнімен ілесе кетеді», 3 дейді. Сол талпыныспен  болашақ академик ағамыз  жайнаған жастық жалынымен, жігіттік шаққа да жеткен ғой. Бұл кез Ахмет ағамыздың өнерге деген нағыз құлшыныс кезеңі. Ахмет Жұбанов осы кезде «Штаттан» да басқа да көптеген күйлерді орындағаны күмән туғызбайды. Ол домбырада да скрипкада да шығармалар орындаған. Өзі күйлер орындағандықтан, күй сырына қанық болғандықтан қаршадайынан бастап күйші – домбырашылардың жүрегіне үңіліп жан-тәнімен түсінуге тырысқан. Осы сүйіспеншілігінің арқасында Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін қаласқан Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Қамбар Медетов, Оқап Қабиғожин тәрізді алғашқы домбырашылары жайлы жақсы-жақсы пікірлер жазып кітаптарына енгізді. Домбыра аспабы жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізді.



Екіншіден, Ахмет Жұбанов 1964 жылы Мәскеудің Ломоносов атындағы Мемлекеттік универститетінің Антропология және этнография ғылымдарының халықаралық жетінші конгресіне қатысып баяндама жасады және домбырамен күй тартты.



Жинебек Рсалдин: «Баяндамашы (Ахмет Жұбанов )  домбыраны теріс бұрауға түсіріп алып, сұқ қолының ұшымен қос шекті бір-екі рет қағып, құлақ күйінің дұрыстығына көзі жеткен соң «Ақсақ құланды» тарта жөнелді. «Ақсақ құлан» күйін профессионалдық шеберлікпен орындауы, күйдегі неше алуан музыкалық образдардың күрес тартысы, дамуы тілмен алып жеткізбестей әсер қалдырды. Олар қолдарындағы қойын дәптерлеріне әлде нені асыға жазып, ғалым күйшінің өнерпаздығына, білімдарлығына ризалық білдіріп бас изесіп жатты.» 4 деп жазды. «Ақсақ құлан» күйін Ахмет Жұбанов Мәскеу қаласында  1964 жылы 58 жасында орындады. Басында аталған «Штат» тәрізді «Ақсақ құлан» күйі де Ахмет Жұбановтың табылған Фонограф таспасында бар күй. Олай болса Фонографтағы күйлерді  орындаған Ахмет Жұбановтың өзі, деп нақтылы айтуымызға болады..



Оның үстіне 1974 жылы Ахаңның қызы Ғазиза Жұбанова әкесі орындаған күйлердің табылғаны жайлы «Жұлдыз» журналында жарыққа шыққан мақалама сай рахметін айтып, «мені композитор болуыма талпындырған әкемнің домбырасының үні, әкем орындаған күйлермен қанаттандым» дегені бар.



Бір сөзінде Нұрғиса Тілендиев: «Менің қаршадайымнан музыка жолына түсіп, әуес болғаным  Ахмет Жұбановтың арқасы. Ахаң орындаған күйлердің үні көкейімде әлі күнге  сайрап тұр, ол маған күйлерді үйретіп, түсіндіріп  қана қоймай өзінің төрде тұрған домбырасын сыйлады. Ал мен болсам Ахаңды әкемдей сыйлап өттім» дегені бар. Осы ойымызды тобықтай түйіндей келе Фонограф таспасындағы 9 күйді орындаған нақтылы Ахмет Жұбановтың өзі екені шығар күндей шындық.



Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, жастық шағында ол скрипкада ғана емес домбырада да керемет күйлер орындаған.  Осы өнерімен ол студент кезінде Санкт-Петербург қаласының жұртшылығын таңдандырған. Алайда Ахмет Жұбановтың шығармашылық жолы қазақ музыка мәдениетін көтеруде, ғылымын дамытуда телегей-теңіз жұмыс атқаруына байланысты, оның домбырада жеке орындаушылық өнері екінші қатарға ауысқан. Тіпті бірте-бірте, жасы кемелдене келе, жас кезінде  домбырашы болғанын, күйлерді фонографқа жаздырғанын айналасына айтпаған. Ал шындығына келсек орындаған күйлерін қолында тұрған радио мен теледидар таспаларына жаздырмай, отызыншы жылдарда, соноу ХІХ ғасырдағы 1877 жылдың  21 қараша күні Америка ғалымы Томас Эдисон ойлап тапқан Фонограф аппаратына  жазғаны бүгінгі ұрпақ үшін  сыры тұнған жұмбақ әрі баға жеткісіз таңданарлық жәдігер болып отыр.  Менің осы жайлы жазудағы басты себебім  Ахмет Жұбанов орындаған күйлердің фонограф таспасы табылғанына  40 жыл өтсе де,  әлі күнге дейін бірде-бір пікір жазылған мақаланы оқымағандығым. 1974 жылы Жарқын Шәкәрім тауыпты, ар жағы не болды? Осындай ой мазалайды әрқашан. Ахмет Жұбанов орындаған күйлерді неге радио эфирлерінен жиі бермеске? Неге дәстүрлі күй орындаушылар конкурстарында Ахаң орындаған күйлерді шалқытып, қолтаңбалық ерекшелігін аспандатып, айшықтамасқа, мерейін асырмасқа? Сондықтан өткеніме өзімнің қайта  үңілуіме тура келді және бұрынғы жазғанымды бекіте түсу мақсатында ойдан ой туғызып, осы жайларға қайта оралуыма  себепкер болды.



1974 жылы табылған Ахмет Жұбановтың орындауындағы 9 күйдің фонограф таспасы, 2006 жылы Ахаңның 100 жыл толуына арналған мерейтойы қарсаңында Санкт-Петербургтен Алматыға әкелінді. Бұл күндерде Қазақ радиосында сақтаулы тұр.



 



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh. kz


Ruh.kz
Ғаламтор желісінен