22 Қараша, 2017
Жаңғырту бағдарламасының табысты болуы адамдарға байланысты — Ғ. Нығыметов

Соңғы үш айда Қазақстанның ірі қалаларында Еуразиялық интеграция институтының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылау бойынша бірқатар сараптамалық кездесулер өтті. Институт өкілдері республиканың жетекші сарапшыларымен рухани жаңғыртудың өзекті мәселелерін, Үшінші жаңғырту тұрғысынан әлеуметтік-саяси трендтерді, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру барысын талқылады, деп жазады primeminister.kz.



Бүгін біз ЕИИ директоры Ғани Нығыметовтен сарапшылар тобымен және Қазақстан ғалымдарымен өткен талқылаулардан кейін өзіне қандай жаңалық ашқаны туралы айтып беруін сұрадық.



 



— Сіздің ойыңызша, рухани жаңғыру деген не?



— Өзіңіз білетіндей, егер осы сөздерді мәнмәтіннен алып тастасақ, онда сананы жаңғырту тұжырымдамасы ақылға қонғысыз әрі түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Менің санамда не дұрыс емес, неліктен біреу оны жаңғыртқысы келеді? деген сұрақтар туындауы мүмкін.



Егер ғылыми тілмен айтар болсақ, рухани немесе ұжымдық сана дегеніміз – бұл ақиқатқа негізделген және оған ықпал ететін идеялардың, көзқарастардың, әлеуметтік сезімдердің, адамдардың дағдылары мен мінезінің жиынтығы. Қоғам жеке тұлғалардан тұрады, әр адамның дербес сана-сезімі бар, осының негізінде қоғамдық сана қалыптастырылады.



Бұл сұрақтарға мен осылайша жауап берер едім. Президент сананы жаңғырту туралы айта отырып, әрбір қазақстандықты қазіргі жылдам өзгеріске ұшырап жатқан заманда өзін-өзі дамытуға, жетілдіруге, өзін заманауи бәсекеге қабілетті адам ретінде қалыптастыруға шақырады.



Сананы жаңғырту ұғымын мен дәл осылай түсінемін. Әрбір іс өзімізден және бастағы ойымыздан басталады. Егер баста бейберекеттік, үнемі депрессия, жалқаулық, жаман әдеттер, төменгі құндылықтар болса, жарқын өмір алда деп ойлаудың қажеті жоқ. Мұнда ешкім сізге көмектеспейді. Әркім өзіне өзі ғана, өміріне жауапкершілікпен қарау арқылы ғана көмектесе алады. Жақсы пиғылмен, сеніммен, махаббатпен, арманмен өмір сүріп, өмірдегі өзгерістерге оңай бейімделіп, көкейкесті мақсатқа жетер жолда адасып қалмау керек.



Мен АҚШ-та оқыған кезде, америкалықтардың бойындағы өмірге деген сарқылмас оптимистік көзқарасқа сүйсіндім. Маған оптимист болған ұнайды әрі кей сәттерде мен идеалист болуды жөн санаймын. Бұлай өмір сүру, бір нәрсеге қол жеткізу жеңіл келеді. Әжемнің үнемі айтатын сөзі есімде: «Бәрі жақсы болады. Бастысы — соғыс болмасын». Сондықтан да, бізге асыра сілтеп шағымданудың қажеті шамалы, біз бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз. Бұдан да жақсы тырысып, еңбек етіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткіземіз, осылайша өмірде көптеген табыстарға жетуге болады.   



Заманауи өмірден өзіңді алшақ ұстап, біреуге дәмеленіп, босқа сандалып, діни секталарға кіріп, таптаурындармен, догмалармен өмір сүріп, ақиқатты ескіше қабылдап, ойланудың қажеті не? Бұл қоғамды ешқашан табысқа әрі ілгері дамуға әкелген емес. Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласының жолдарынан қоғамға осыны жеткізгісі келгенін байқаймын.  



 



— Қазақстандықтарды рухани жаңғырту қолдан келеді ме, қалай ойлайсыз?



— Рұқсат етсеңіз, бір болған оқиғадан бастайын. Биыл сәуір айында Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ұсынды, онда рухани жаңғырту туралы айтылған. Мемлекет басшысының қазақстандықтарды жаңа шынайылықтарға қарай бейімделіп, өз ой-пікірлерін өзгертуге алғаш рет шақырып отырмағанын айта кеткен жөн.



Н. Ә. Назарбаев 1993 жылы «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деп аталатын мағынасы жағынан осыған ұқсас мақала жазған еді. Ол кез еліміз үшін оңай кезең болды деп айта алмаймыз: Кеңес одағы құлап, экономикалық дағдарыс, құлдырау болып жатқан кез. Одан әрі не боларын ешкім білмеді. Тәуелсіз мемлекет жағдайында өз бетіңмен өмір сүріп үйреніп, біртіндеп кеңестік идеология мен экономикадан кету қажет болды. Қайта тұрып, жаңа саяси құрылымды дамытып, нарықтық экономиканы, заманауи азаматтық қоғам институттарын  құру керек болды.



Түбегейлі өзгерістер үшін барлығынан — мемлекет басшылығынан бастап, қарапайым халыққа дейін ойлаудың жаңа түрі талап етілді. Қоғамның ойлау жүйесін өзгертіп, дамудың жаңа бағдарларын анықтап, жаңа мемлекеттің заманауи құндылықтарын тәрбиелеп, қоғамның жіктеліп кетуіне жол бермеу қажет болды.



Президент аталған күрделі мәселелерге осы мақаласында жауаптар беруге тырысқан, бұл 90-жылдардың басында Қазақстанның идеологиялық платформасы болды деуге негіз бар. Биыл мен осы мақаланы оқып, оның қаншалықты көрегенді әрі іргелі болғанына таңқалдым. Мен барлығыңызға сол мақаланы интернеттен тауып, оқып шығуға кеңес беремін, себебі онда жазылған идеялар бүгінгі таңға дейін өзекті.



Биыл, шамамен 24 жыл өткен соң, Президент өзінің жаңа идеологиялық жұмысын ұсынды. Ол да өте мағыналы, онымен қоса әрбір адамға түсінуге жеңіл етіп жазылған. Мақала қазіргі уақыт туралы, бізді не күтіп тұрғаны, не нәрсеге дайындалып, қалай өзгеру жайында. Бұл мақала да көптеген жылдар өткеннен кейін өзектілігі мен мағынасының тереңдігі жағынан табысты болады деген сенімдемін.



Сондықтан да, сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып: таңдалған мақсаттың дұрыстығы мен мәселеге қараудың ұзақмерзімділігі тұрғысынан, Президент барлығын жүз пайызға белгілеп көрсеткенін айта аламын. Өзгеше айтқанда, табыстың жартысы қамтамасыз етілген. Рухани жаңғыру бағдарламасының екінші жартысының табысты болуы орындалу сапасына байланысты.



Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, 1970 жылдардан бастап бүгінгі таңға дейін ұйымдастырушылық өзгерістердің түрлі корпоративтік бағдарламалары 70% жағдайда жүзеге аспай, көздеген нәтижелерге жетпей қалады екен. Ал бізде ұйымдастырушылықтан да күрделі, елдік өзгерістерге қатысты, сәйкесінше сәтсіздік қауіптері де жоғары екенін ескерген жөн. 



Сол себепті де Президент бағдарламасының сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету өте маңызды, бұл орталықтағы мамандар мен жауапты орындаушыларға, жалпы қоғамға байланысты. 



 



— Бізде осындай мамандар бар ма?



— Рухани жаңғыру бағдарламасы — өзгерістерді басқару бойынша ауқымды ұлттық жоспар деуге болады.



Тарихи уақыт өте шапшаңдап кетті. Айналада барлығы жылдам өзгеруде. Тас ғасыры тастардың бітіп қалғанынан аяқталған жоқ дегендей, мұнай ғасыры да күндердің-күнінде аяқталады. Мұнайлы еліміз Қазақстанға бұндай жағдайда не істеу керек?



Егер өткен ғасырдың 30-жылдары компаниялар қор нарығына шығып, онда 90 жылдап өмір сүрсе, бүгінде олар нарықтан орта есеппен 10-15 жылда шығып қалады. Компанияларға және жалпы мемлекеттерге жойылып кетпеу үшін өзгеріп, бейімделіп, икемді болып, үнемі даму үстінде болу керек.



Егер осындай жаңа жаһандық шынайылықта еш әрекет жасамай, селқостық танытсақ, онда біздің күніміз санаулы. Сондықтан да әлемде болып жатқан өзгерістерге алдын ала бейімделіп, өзімізге ыңғайлы етіп басқаруымыз қажет.



«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы да осында. Бұл қоғамды өзгерістерге жұмылдырып, жаңа жағдайлардағы заманауи әлемде өмірдің қажетті қасиеттерін, құндылықтарын, дағдыларын дамытуға талпыныс.



Қуанышымызға орай, Қазақстан халқы жеке өзгерістерге даярлықты көрсетуде. Институтымыз жүргізген әлеуметтік сауалнаманың нәтижелері биыл сұрақ қойылған респонденттердің 82% өзгерістерге әзір екенін көрсетті.



Ендігі іс осы оң ниетті тәжірибе жүзінде іске асыру.



Бұл орайда, көптеген нәрсе мемлекеттік менеджменттің сапасына байланысты. Сіз жөнді сұрақ қойдыңыз: «Бізде бағдарламаны іске асыруға тиісті мамандар бар ма?» деп. Мамандар бар деп сенімді түрде айта аламын, олар орталықта да, өңірлерде де бар. Бағдарламаны іске асыруға жобалық басқару тәсілі пайдаланылады.



Дегенмен, кәсіби мамандар аз. Мемлекеттік қызметке даярланған жас мамандары көбірек тарту қажет. Көбірек үйретіп, заман талаптарына сай мемлекеттік менеджерлердің дамуына және адам капиталына көбірек инвестиция салу керек.



Жаңғырту бағдарламасының табыстылығы оған жауапты адамдардың сапасына байланысты болады. Бізге ерекше дарынды, көшбасшылық қасиеті бар, басқарушылық ойлаудың жаңа парадигмасы бар, заманауи техникалар мен стратегияларды пайдаланатын, халықты түсініп, олармен сөйлесе алатын, халықтың сеніміне кіре алатын мемлекеттік менеджерлер қажет.



Мемлекеттік менеджерлер ұдайы оқып, жетіліп, басқаша айтқанда, өздерін жаңғыртулары керек. Өз мақсатын белгілі-бір бекітілген процестер, ережелерді сақтау аясында ғана көретін менеджер болмау керек. Заманауи менеджерлердің мақсаты — ұйымға, салаға, жалпы елге оң өзгерітер енгізу. 



 



— Сіз ЖОО-ларда өзгерістерді басқарудан сабақ бересіз, осы курс туралы толығырақ айтып берсеңіз?



— Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Астананың екі ЖОО-да: ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және ҚазМЗУ-де сабақ беріп, қосымша жұмыс істей бастадым. Менеджмент және Көшбасшылық пәндерінен бастадым. Биыл мемлекеттік басқару академиясының магистрант-мемлекеттік қызметкерлеріне өзгерістерді басқару бойынша курсымды ұсындым. Шыны керек, «Рухани жаңғыру» мақаласынан кейін бұл пәнді оқытуға ниет еттім.



Өзгерістерді басқару — заманауи білімнің жаңа саласы. Шетелде бұл пән кеңінен таралған, аталған тақырыпта 80 000-нан астам кітап жазылған, тәжірибелік стратегиялар мен өзгерістер құралдары әзірленген. Менің міндетім біздің мемлекеттік қызметкерлерді осы тақырыппен танстыру деп білемін, себебі олардың жұмысына тигізер пайдасы мол.



Оқыту — өзгерістер енгізудің тиімді тәсілдерінің бірі, сол себепті де Институттағы негізгі жұмысымда да, оқытушылық қызметімде де «Рухани жаңғыруға» үлесімді күнделікті қосып жүрмін деп айта аламын.



Жоғарыда атап өткенімдей, айналамызда өзгерістер тым жылдам орын алуда. Мәселен, бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде бізде жобалық менеджмент белсенді түрде енгізілуде. Бұл өте қажет әрі пайдалы. Алайда, көптеген дамыған елдер мемлекеттік қызметке Agile басқару технологиясын енгізіп жатыр. Бұл біздің артта қалып жатқанымызды білдіреді, әлем қарқынды түрде ілгері дамуда. Бір сөзбен айтқанда, алдымызда одан әрі жаңғыру жұмыстары тұр.



 



 — Біздің тарихи дәстүрлеріміз, діліміз секілді факторлар жаңғыруға кедергі бола алады ма?



— Маған Елбасы өз мақаласында жаңғырудың екі аспектісін ерекше атап көрсеткені ұнайды. Біріншісі – ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Сол себепті де дәстүрлер маңызды, олар ілгері дамуға кедергі келтірмеуі тиіс.



Жаңғырудың өзі көнерген әрі өркениетті дамыған әлемге тиісті емес дағдылардан айырылудан тұрады. 



Ысырапшылдық, боямашылық, жеңіл олжаны іздеу, бір-бірін сыйламаушылық, трайбализм, өңірге бөліну, тамыр-таныстық, әділетсіздік, діни бірбеткейлік — қоғам дамуына кедергі келтіруі мүмкін әрекеттер, осыған орай бізге барлық деңгейде осымен күресу керек.



Бұндай әрекеттерге біздің өзгеше қазақ ділінен сылтау іздеудің қажеті жоқ. Прагматизм, білімге талпыну, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық сананың ашықтығы секілді біздің қоғамның жаңа құндылықтары өткеннің дағдыларынан қайтудың күшті иммунитетіне айналуы тиіс.



Халқымыз дана дәстүрлер мен рухани мәдениетке бай. Бізге осы байлыққа қайта оралып, оны қанымызға сіңіріп, әлемдегі өзге халықтардан ең үздігін алып, өзгеріп, жарқын өмірді қалыптастыру керек.



— Сұхбатыңызға рақмет!


primeminister.kz
ашық дереккөзден