11 Қаңтар, 2020
Жарыс қазан қай кезде асылған?


«Жақсы сөз жанды жылытар», - демекші қазақ халқы ырым-тыйымға қатты сеніп, ерекше назар аударған. Әсіресе, екіқабат әйел мен үйге келген қонаққа жасалатын жағдай тым бөлек. Шаңырақтың иесі атанып, ұрпағын жалғастыратындықтан нәрестенің денсаулығына көп алаңдаған. Әрине сәбиді дүниеге әкелетін ана. Әйелдің бойына бала біткен күннен бастап құрсағындағы бала екеуінің күтіміне өзгеше көңіл бөлінеді. Сәби туылмай тұрып оған қатысты жөн-жоралғыларды орындай бастайды. Мұндайда жүретін салттардың бірі – жарыс қазан. Жарыс қазан дегеніміз не немесе бұрынғы уақытта дүние есігін ашқалы тұрған шақалаққа дайындық қалай жүргізілген?

Жүкті әйел ішіндегі нәрестені тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, босанатын мерзімі таяғанда толғағы қысады. Сонда ауылдың ең пысық әйелі арнайы сақтап жүрген сүр етті ошаққа асып, қуырдақ қуырады. Жарыс қазанды толғағы жиілей бастаған әйелмен жарыса асады. Бұл аяғы ауыр келіншек қазандағы ас піспей тұрып босансын дегенді білдіреді. Сәби тезірек туылмай, әйел қатты қиналып кететін кездер жиі кездеседі. Ондайда жарыс қазан асып отырған әйел қолына қара пышақ алып: «Алдымен қара қазан пісе ме жоқ әлде қара қатын туа ма?», - деп қолындағы пышақты ошақтағы қазанға жанып-жанып айқайлайтын болған. 

hellohtml7fba22f9.jpg

Неліктен «Жарыс қазан» деп аталады?

Бұл дәстүр орындалған сәтте ешқандай ірку, мөлшерлеу, аяу сезілмей, ет қатты қайнап жатуы қажет. Жарыс қазанды асқанда үйдегі қалдық етті аса салмаған. Жарық дүниеге енді келетін бөбектің игілігі үшін қой не басқа да мал сойылады. Толғақ жиілегенде жарыса әзірленетін еттен жиылған қонақтарға ас беріледі. Сөйтіп көптен күткен балақай өмірге келеді. Сонда ең бірінші естіген бала үлкендерге қуанышты хабарды жеткізуге асығады. Сүйінші сұрап келген желаяқтан: «Жылқышы туылды ма, кестеші ме?», - деп сұралады.

Жарыс қазан үшін сойылған етті босанған әйелдің күтіміне де жаратқан. Қырық күн бойы келіншектің жағдайы жаңадан туған шақалақпен тең деседі. Сол үшін оған үнемі ыстық сорпа қайнатып беріледі. Балдырғанның дүниеге келгендегі ең алғашқы тойы – шілдехананың дастарқанында да сол ет ортақ болуы тиіс.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден