6 Тамыз, 2020
Жастарға психологиялық көмек көрсету алгоритмі

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) сарапшылары пандемия кезінде жастарға психологиялық қолдау көрсету, эмоционалдық күйзелісті алдын алу, көңіл күй жайлылығын жақсарту тақырыбында вебинар өткізді. 

«Рухани жаңғрыу» қазақстандық қоғамдық даму институтының» басқарма төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, коронавирустық жағдай жастардың психологиялық кері әсерін тигізіп жатыр.

«Жастар мен жасөспірімдердің психологиялық ахуалы әркез ерекше назарда болуды қажет етеді. Оның үстіне, пандемия кезінде миллиондаған адамдар өздерінің күнделікті тұрмысына өзгеріс енгізіп, қалыптасқан жұмыс барысын өзгертіп жатыр. Бұл да өз кесірін тигізбей қоймайды. Сондықтан, бүгінгі жаңа қалыптасқан жағдайда жастарға заманауи көмек жолдарын ұсыну үшін жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне білімдерін осы бағытта толықтыру қажет», - деді Данияр Есин.

Осы орайда ЮНИСЕФ сарапшылары Жұлдыз Махатова мен Лилия Куземко жастар ресурстық орталықтарына пандемия кезінде жастардың психологиялық күйзеліске ұшырауына жол бермеу туралы ұсыныстарын жеткізді. Олардың айтуынша, коронавирус жастарды «эмоционалды жануға» әкеліп соқтыруда.

«Америкалық ғалымдар Маслач пен Джексонның зерттеуінше, эмоционалдық жанудың үш басты құрамдас бөлігі бар екен. Яғни, эмоционалдық шаршау, деперсонализация және кәсіби жетістіктерінің құнсыздануы. Қазір карантин кезінде адамдар негізінен төрт қабырғада қамалып, үйден шықпауға мәжбүр. Бір жағынан бұл індеттің таралмауына жол бермеу үшін жасалған шара болғанымен адамдардың барлығы үйде отырғандықтан тұрмыстық ұрыс-керістер де көбейгені жасырын емес, - деді Жұлдыз Махатова.

Оның айтуынша, эмоционалдық жанудың белгілерін болдырмас үшін спортпен шұғылданудың пайдасы зор. Сондай-ақ, кешкі серуен және сүйікті хоббимен айналысу да адамды күйзелістен құтқарады. Бұдан бөлек, айналаңыздың жайдары, жақсы адамдардың қоршағаны маңызды.

Сонымен қатар, тренинг барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы сәуір айында ашылған https://covid-19.mentalcenter.kz сайтының аралық қорытындысы туралы есеп берді.

«Сайтқа кез келген адам өтініш білдіріп, сол жердегі психолог мамандарынан тегін онлайн консультация ала алады. Коронавирус кезінде халыққа психологиялық қолдау көрсету мақсатында ашылған бұл сайтқа төрт айдың ішінде 90 елден 30 мыңнан астам адам кірді. 300-ден астам тегін консультация көрсетілді», - деді Жұлдыз Махатова.

Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда сарапшылар «150» немесе +77081060810 (WhatsApp) тегін телефон нөмірлеріне, я болмаса www.telefon150.kz сайты арқылы балаларға, жастарға, зорлық-зомбылық көрген жандарға арналған тәулік бойы жұмыс жасайтын сенім телефонына хабарласуды ұсынады. Мұнда мамандар психологиялық және құқықтық қызмет көрсетіп, жергілікті бөлімшелік инспекторлардың, кризистік орталықтардың және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс нөмірлерін береді. Анонимділік және құпиялық сақталады.

Сондай-ақ, бүгінде еліміздің әр аймағында барлығы 209 жастар ресурстық орталықтары жұмыс жасайды. Олардың барлығында психологиялық көмек көрсететін білікті мамандар мен психологтар бар.

Ruh.kz