14 Қараша, 2017
Жастар әкелеріміздің Отан үшін жасаған ерлігін ұмытпауы керек– еңбек ардагері

Маңғыстау облысының Құрық ауылында орта мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі және әлеуметтік педагог Гүлшат Меңдікуловалар  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша мектеп оқушыларының патриоттық сезімін ояту мақсатында ауыл ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесуді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аяпберген Бишенов жүргізді.



Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болған еңбек ардагері А.Бишенов алғашқы сөзін бастамас бұрын осы күнге дейін халқы үшін аянбай еңбек еткен ауыл ақсақалдарына алғысын білдірді.



«Ардагерлеріміздің қоғам өміріне сүбелі үлес қосып келді. Бұл жастарымызға үлгі болды және де тәрбие беру ісінде де үлкен көмек болды», - деді  А.Бишенов .



Содан соң, ардагер қабырғада ілініп тұрған суреттерді көрсетіп, майданда қаза болған Ұлы Отан соғыс ардагерлердің аты-жөндерін атап, таныстыра бастады.



А.Бишенов аталарымыздың Отан үшін қан төккен ерліктері қазіргі кезде жастарымыздың жадында жаңғырып тұрса екен деді. Себебі осындай мазмұнды кездесулер жиі болып тұрса, оның келер ұрпағымызға да тигізер септігі мол екендігін жеткізді. Бұдан соң ауыл ардагерлері  мектеп оқушыларына тек  кездесу, жиындарда ғана емес, бос уақыттарында келіп, білмегендерін сұрап, тыңдап, ой-өрістерін кеңейтуге болатындығын жеткізіп, өз ұсыныстарын айтты.



Құрық ауылының құрметті азаматы, еңбек ардагері Смағұл Гапаров та оқушыларға әлеуметтік желінің құлы болмай кітап, газет-журналдарды көп оқып, көбірек білім алса, келешекте көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар саны көбейетіндігін тілге тиек етті. Оған қоса жастарымыздың қоғамдық жұмыстарға жиі қатысса, денсаулықтарына да пайдасы зор екендігін айтып, ақыл-кеңестерін қосты.



Кездесу соңында қатысушылар  өзара пікір алмасып, аталарының сөздерінен үлгі алып, өнегелі ой түйді.


ruh.kz