29 Наурыз, 2019
Жастар көне дәуірдің әдеби жәдігерлерімен танысты

Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Архив-2025» бағдарламасы аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Көне дәуір әдеби жәдігерлері» атты кітап көрмесі өткізілді.


Көрмеге шетел архивтері мен кітапханаларынан әкелінген ұлтымыздың әдеби құнды мұралары қойылған. Оның ішінде: Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Махмут Қашқаридың «Диуани Лұғат ат түрк», Ахмед Иүгінекидің «Хибатул хақайық», Әл-Ферғанидің «Астрономия», Әбу Райхан Әл-Бирунидің «Медицина» туралы еңбектері және «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден мен Ватикан нұсқаларының көшірмелері қойылды.



Ұлы далада бабаларымыз жазған бұл кітаптардың әлемдік өркениет пен ғылымға қосқан үлесі орасан. Атап айтқанда, Әл-Ферғанидің (798-861 ж.) астрономия ілімі туралы еңбегі еуропа ғылымының дамуына әсер еткен. Ал, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабында ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз, мемлекеттік жүйеміз көрсетілген.



Ұлттық бірегейлікті, ұлттық кодты сақтау мақсатында халқымызға сондай-ақ, күллі түркі дүниесіне ортақ әдеби жәдігерлерді көпшілікке таныстыру, сол арқылы жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуды мақсат еткен шараға аймақтағы ЖОО, колледж студенттері мен ғалымдар қатысты.



«Кез келген халықтың жазба мұралары – сол елдің құнды дерегі, сол халықты танытатын тарихы. Сондықтан да ұлттың бәсекелік қабілетін арттыруда тарихи жадымызды жаңғыртудың маңызы зор. Көне дәуірдегі әдеби жәдіргерлерді көрмеге қойып қана қоймай, әрбір кітаптың мазмұны мен маңызы жайлы түсінік беру арқылы жастардың ғылым-білімге қызығушылығын ояту – басты міндет» –  деді өз сөзінде «Атамекен» бөлімінің басшысы Б.Нұриман. Түркі әлемінің рухани мұрасы бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртып қана қоймай, олардың бойына ұлттық рухты сіңірді деген ойдамыз.



Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz


Ruh.kz
Қызылорда облыстық "Рухани жаңғыру" орталығы