25 Шілде, 2019
ЖАСТАРҒА "ЕІ" МАҢЫЗДЫ

Қазіргі жастар қандай? 

Олардың қоғамдық белсенділігі жыл санап артып келеді. Азаматтық құқықтарын анық білетін, өз туған еліне бей-жай қарай алмайтын және республикамыздың түпкір-түпкіріне барып, табиғаты мен сакралді жерлерін шексіз тамашай алатын жастар толқынының бар екені көңілді қоншытады.

Еліміздің белсенді жастарының басын қосатын Қазақстан жастарының конгресі қайнаған идеялар мен креативті жобалардың діңгегіне айналғанына он жылдан астам уақыт болған екен. Жастар конгресінің ерекшелігі неде? Ел жастарын немен қызықтырып, қандай жәрдем береді? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысовпен кездестік.

Ruh.kz: Қайырлы күн, Тоқтар! Қазақстан жастар конгресінің құрылғанына биыл он жеті жыл толып отыр. Аз да емес, көп те емес уақыт. Алайда, қандай да бір қорытындылар жасауға болатын мерзім сияқты.

Тоқтар Болысов: Қайырлы күн! Дұрыс айтасыз. Артқа бұрылып қараған кезде, ауыз толтырып айтуға болатын жұмыстардың нәтижелері бар. Осы уақыт аралығында жастар конгресі талай істің басын бастап, оның одан әрі дамуына сіңірген еңбегі зор. Бүгінгі күнге дейін жүзеге асқан жобалардың қатарынан алға шығып, ерекшеленіп тұрғандарына тоқталатын болсақ, 2016 жылы өткізілген жастар форумын атауға болады. Бұл форумға Елбасымыз Н.Назарбаев өзі қатысып, жастардың арман-мақсаттарын және шешілмей жүрген мәселелеріне құлақ түріп, олардың шешімін табуға септігін тигізген болатын. Жиынға жиналған шегі жоқ жастар мен билік арасында диалог құрылып, сол сәттен бастап бізді билік басындағылар ести бастады. Яғни, бұл уақытқа дейін жастардың ойларына, мәселелеріне үстіртін қараған билік органдары, Елбасының қатысуымен болған кездесуден соң басқарушы аппараттарда отырған азаматтар бізге, жастарға жіті назар аударып, біздің ұсыныстарымызға кері байланыс орната бастады. Олардың қатарынан министрлер, вице-министрлер, қос палата депутаттары мен жергілікті басқару органдарының басшылары табылды. Осы форумнан соң жастар конгресінің қызметі одан әрі дамыды. Кедергізіс, мемлекеттің қолдауын тауып дамыды десек те болады. Конгрес өзінің алғашқы жұмыс жылдарынан бастап, ел жастарын қолдауға, соның ішінде моноқалаларда, ауылдық жерлерде тұратын жастардың мәселелерін шешуді алдыңғы шепке қойып келеді. Тағы да қайталап кетейін, Елбасының қатысуымен болған форумнан соң, сол шалғайда, облыстар мен ауылда өмір сүріп жатқан жастар мемлекетпен, үкіметпен диалог құра бастады. Яғни, олардың бастамалары мен мақсат-тілектері атқарушы орган мүшелеріне тікелей жеткізілді. Конгрестің тағы да мақтанарлық жобаларының қатарынан жастардың еңбек жасағы болып құрылған «Жасыл ел» бірлестігін атап кетпеске болмайды. Келісемін, бастапқы жылдары «Жасыл елге» көп жастар сенімсіздікпен қарады. Ұйымның қатарына қосылып, оның мүшесі болуды қаламады. Алайда, уақыт өте келе «Жасыл ел» өзінің беделін арттыра бастады. 2016 жылдың соңында «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі қызметін атқаруға кіріскен сәттен бастап, бұл жастар ұйымының қаншалықты салмақты екенін сезіндім. Бұл салмақтылықты ел тұрғындарына, жастарға сезіндіру үшін ұйымды модернизациялау қажет болды. Яғни, «Жасыл ел» туралы халық арасында аула сыпырушысы, тазалаушы болып сіңіп кеткен ұғымды жою керек болды. Арағы үш жыл салып ұйым өзінің жұмысын басқа бағытта дамытып келеді. Бүгінгі күні «Жасыл ел» экологиялық ұйымдардың қатарына қосылды. Біз экологиялық мәселелердің басынм бөлігін шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Сондай-ақ, «Жасыл елдің» сыртқы келбеті, формасы өзгерді. Қатардағы модернизациялаудан өткен соң біз жергілікті басқарушы органдардың ілтипатына бөленіп, атқарушы органдар бізбен санасатын деңгейге де жеттік. Соңғы жылдары «Жасыл ел» Елбасымен және облыс әкімдерімен жүйелі түрде кездесіп, есептік кезеңдерімен бөлісіп отырады. Яғни, жыл өткен сайын «Жасыл ел» брендке айналып келеді. Бұған дәлел ретінде мысал келтіретін болсақ, өткен жылдары ұйым қатарына қосылатын жастардың саны мен географиясы тар болатын. Бүгінгі күні штаб қатарына қосылам деуші жастардың саны ұлғайғандығы соншалық, біз әр маусым сайын резервтен тұратын қосымша тізім жасақтайтын болдық. Жұмыс жасаймын деген жастардың саны артты. Сол себепті жасылелдіктердің бүгінгі орташа айлық еңбекақылары 80 000 теңгені құрады. Ауыл жастарымен қатар қала жастары да ұйымның қатарынан табылып жүр. Тағы да ескеретін жәйт, «Жасыл елдің» қамту салалары да кеңейді. Біз құрылыс, медиа, мәдениет салаларына да жас отрядтарды жіберіп отырмыз. Жастар конгресімен қатар құрылған «Жасыл ел» штабы 2005 жылдан бастап өзінің қанатының астына 250 000 астам жасты жинай білген. Бұл жастардың барлығы да отанға деген сүйіспеншілігімен, өзінің алғырлығымен біздің бірлестіктің тарихында қалады. Себебі «Жасыл ел» штабында қызмет атқарған жастардың көп бөлігі болашақта мемлекеттік іске арнап жатады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Алматы қаласының мәслихаты депутаты Қайрат Құдайберген және тағы да басқа жас азаматтарды атап өтуге болады. Бұндай азаматтардың жастар ұйымынан шығуының өзі, еліміздің көп жастарына ой салады. Біз көп жастардың ойын өзгерттік деп сеніммен айта аламын. Айтып кеткен азаматтардың осы ұйымнан шығуының өзі белгілі бір имидждің қалыптасуына сеп тигізді. Жоғары оқу орнының студенті бола отырып, мемлекеттің дамуына өз үлесін қоса алатын жерде жұмыс жасау - жастарға үлкен серпіліс пен сенімділік сыйлайды. Олардың өз болашақ өмірлерін қалыптастыруда, біздің «Жасыл елдің» тигізер көмегі мол.

68 (1).jpg

Ruh.kz: Өткен жылдары басталған жобалардан нақты бүгінгі күні қолға алынған жобаға ауыссақ. «Жастар керуені» жобасымен оқырмандарымызды таныстыра кетсеңіз.

Тоқтар Болысов: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы осы жобаны өткізу туралы грантты ұйымдастырған болатын. Жоспар бойынша жоба еліміздің ішкі туризмін және сакралды жерлерін қамтитын болды. Грант туралы жаңалықты естісімен жобаны өзімізше дамытып, масштабын республикалық деңгейге көтеріп және жаңаша идеямен комиссия тарапына ұсынған едік. «Жастар керуені» тәрізді идея біздің жас топтың көкейіне осыдан бір жыл бұрын ұялаған еді. Біз де жастардың басын қосып, оларға еліміздің туристік аймақтарын таныстырғымыз келген. Алайда, біздің көлем белгілі бір облыс деңгейінде болар еді. «Жастар керуені» туралы конкурстың ұйымдастырылып жатқанын естігенде, бірден білек сыбанып кірісіп кеттік. Біздің ойымызда дүниеге келген жобаның, министрлік тарапынан да бұдан да көлемді деңгейде туындауы қатты қуантты. Конгрестің жастарымен бірлесіп, күн-түн демей ақылдарымыз бен идеяларымызды ортаға салдық. Нәтижесінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының грантын біздің жоба ұтып алды. «Жастар керуені» жобасы көлемі жағынан республикамыздың барлық аумақтарын қамтиды. Әр облыстан, қаладан, ауыл-аймақтан жастардан келген өтінімдер қабылданып, олардың ішінен 680 жастың өтінімі іріктелетін болады. Бұл қандай өтінімдер десеңіздер, жобаға қатысамын деген еліміздің әр жас азаматы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына «Жастар керуені» жобасының қатысушысы болатынын және не үшін қатысатынын жазады. Бүгінгі күні екі мыңнан аса өтінім Қазақстанның жер-жерінен келіп түсті. Сонымен қатар, үміткер өзінің немен айналысатынын, бір сөзбен айтқанда өзін таныстырып өтеді. Комиссиияның қарауынан өткен өтінімдердің иелері тамыз айында астанамызға жиналады. Жастардың басын біріктіріп, үлкен жиын өткізу мақсаты бар. Одан әрі еліміздің жеті бағыты бойынша таңдалған қалаларға саяхаттауға жібереміз. Жоба аясында ішкі туризмнің бағыттары жастардың назарына ашылып, еліміздің тарихи ескерткіштері де ұмыт қалмасы анық. «Жастар керуені» еліміздің жеті қаласының үстінен өтеді. Атап айтсақ Орал, Шымкент, Түркістан, Павлодар, Қарағанды, Алматы қалалары мен Ақмола облысы. Неліктен дәл осы қалаларға таңдау түсті десек. Себебі бұл өңірлердің тарихи ескерткіштері мол. Керуен қатысушылары көненің көзін көріп, рухани азыққа кенелсе, бұның өзі ғанибет болады.

73 (1).jpg

Ruh.kz: «Жастар керуенінен» соң жобаның қатысушылары арасынан іріктеу жасайсыз ба?

Тоқтар Болысов: Дұрыс айтасыз. Әр жобадан соң біздің тараптан ұсыныстар болады. Біз жобаның ең жарық, ең белсенді және жаңашылдыққа жақын жастарды жанымызда алып қалуға тырысамыз. Өз белсенділігімен, ерекшелігімен көзге түсе білген қандай да бір жобаның жас қатысушылары біздің конгрестің немесе еліміздің басқа да жастар ұйымының мүшесі ретінде алып қаламыз. Егер де нақты сол уақытта аталған ұйымдарда бос орындар болмаған жағдайда, жастарды кадрлық резервке міндетті түрде тіркейміз. Сонымен қатар бізде волонтерлік бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Тілек білдіріп, біздің ұйымның бастамасымен ерікітілікпен айналысам деген жастарға да қашанда есігіміз қашанда ашық. Біз барлығымыз да сондай бастамалық жұмыстармен Жастар конгресінің есігін ашқан едік. Бізді ешқандай «аға» немесе «көке» қолымыздан жетектеп алып келмеді. Жастар ұйымының қатарынан көріну үшін таныстың қажеті жоқ. Алдағы айда өткізілетін «Жастар керуені» жобасында өзінің өмірлік ұстанымымен, белсенділігімен ерекшеленген жастарды өз қатарымыздан көруге дайынбыз. Тіпті, сізге айтайын, жобаның Данияр есімді қатысушысы жоба басталмай жатып, біздің қатарға қосылды. Оның студенттік өмірдегі белсенділігі бізді қызықтыра білді. Данияр өз оқу ордасында студенттік парламент құрып, сол парламенттің белсенді мүшесі болып табылады. Оқуын бітірген бойда біздің конгрестің қатарына қосылатын жастардың бірі – Данияр. Сонымен қатар, Данияр «Жастар керуенінің» волонтері болатынын айтты. Яғни жоба басталар уақытынан бұрын келіп, біздің қызметкерлерге жәрдем беремін деді.

Ruh.kz: Керемет! Яғни, сіздің ұйымның мүшесі боламын деген белсенді жас азамат тамыр-таныссыз өз мақсатын жүзеге асыра ала ма?

Тоқтар Болысов: Әрине. Ең бастысы жас үміткер белсенді, өмірге ғашық болуы керек. Қазір интелектуалды интеллекттен гөрі эмоционалды интеллект көрсеткіші жоғары бағаланады. Бұл практика әлемдік үздік компаниялардың (Google, Facebook) тәжірибесінде қолданып жүр. Себебі адам қанша жерден білімді болса да, жұмыс орнында, түрлі іс-шараларда эмоционалды серпілістерге төтеп бере алмауы мүмкін. Және керісінше адам оқуын орташа оқығанымен ірі деген жобалардың стресін мойнымен көтере алатын дәрежеде болуы мүмкін. Сол себепті менің алдыма келген жастардың түйіндемесіндегі жазулар маған аса қажет емес. Маған оның адами қасиеттері керек. Бір сөзбен қайырсақ, маған оның қайда оқығаны маңызды емес, маған оның қандай адам екені маңызды. Эмоционалды интеллект пен өмірлік ұстанымдар басты назарда. Егер де сіздің оқырмандарыңыздың арасында осындай жастар табылып жатса, біз оларды асыға күтеміз. Қош келдіңдер!

Ruh.kz: Тоқтар мырза, әңгімеміздің басынан бастап жастарға қатысты дүниелерді қозғап отырмыз. Айтыңызшы, қазіргі жастар қандай?

Тоқтар Болысов: Қазақстанның қазіргі жастары басқа. Біз күнделікті болып жатқан өзгерістер дәуірінің перзентіміз. Жастардың мақсаты осы өзгерістерді қабылдай білу және сол толқында өзін жоғалтып алмай, одан әрі қарай даму. 2000 жылдарға дейін туылған жастар басқа және 2000 жылдардан кейін туылған жастар мүлдем басқа. Бұл өзгешеліктер жұмыстан бұрын қарапайым әңгіме барысында да байқалады. Олардың барлығы да қоғамда өте белсенді. Олардың азаматтық белсенділігі жоғарылай түсті. Алайда әр нәрсенің екі қыры бар демекші, бұл белсенділіктің де екінші қыры бар. Азаматтық белсенділікті дұрыс пайдалана алмай жүрген жастар арамызда кездесіп жүр. Соңғы уақытта қоғамда түрлі толқулар орын алып отыр. Егер де сен қандай да бір өзгеріске немесе әрекетке келіспесең, сен ол туралы айт. Бұл туралы сөз қозғаған соң, әр азамат өз тарапынан сүбелі ұсыныс беруі керек және оған қоса жауапкершілікті мойнына алып әрекет жасауы керек. Ол дегеніміз алаңға бос плакат алып шығып, айқайлау емес. Бұл азаматтық белсенділік емес. Азаматтық белсенділік дегеніміз – елдің қамын ойлау. Яғни өз ауданыңа, қалаңа, облысыңа немесе белгілі әлеуметтік топ категориясына көмек бере алатын жобаны қолға алып, мемлекет немесе меценаттар тарапынан қолдауға ие болу. Тым болмағанда өзіңнің азаматтық көзқарасыңды дамыту. Бұның өзі азаматтық белсенділіктің қатарынан табылады. Білімді жастар арамызда көп. Біз біргеміз. Қазақстандық жастардың рухы бір! Ол сезіледі. Еліміз бойынша Жастар конгресінің мүшесі болған 2,5 миллионнан аса жастың азаматтық көзқарасының қалыптасқанын сеніммен айта аламын. Бұл көрсеткіш республикамыздағы жастар санының жартысынан көп бөлігін құрайды. Қызмет бабына байланысты көптеген елдерге сапарлап баып қайттым. Сонда түйгенім қандай да бір елдің жастары біздің жастар сияқты қоғамдық өмірде белсенді емес.

Ruh.kz: Қазақстанның жастар конгресінің жоспары қандай, шекара кеңейтесіз бе?

Тоқтар Болысов: Жоспарлаған жұмыстар өте көп. Соның ішінде халықаралық жобаларға тоқталып өтейін. Ағымдағы жылдың қазан айында Ресей Федерациясы Татарстан республикасының астанасы Қазан қаласында қазақстандық-ресейлік алғашқы бизнес инкубатор өткізілу жоспарланды. Келер жылы сол Ресей жерінде бірлескен студенттік көктем ұйымдастырылады. Біздің қызметкерлер көршілес елге іссапарға дайындалып жатыр. Тағы да келер жылдың басында Қытай елімен бірлесіп, Шанхай қаласында жастар форумы өткізіледі. Өзім келесі аптада Өзбекстанның Ташкент қаласына ат басын бұрамын. Сондағы мақсатым, өзбек ағайынмен бірлесіп жастардың басын қосу. Бұл жобалардың нәтижесінде біздің елдің жас кәсіпкерлері, өнер адамдары, ғалымдары таныстықтарын кеңейтуі тиіс. Серіктестер тауып, өз кәсіптерін, қызметтерін одан әрі дамытады. Яғни басшылық өзара келісіп қана қоймай, қатардағы жас азаматтар да өз ұсыныстарына тапсырыс таба алады. Ортақ жобалар дүниеге келу керек.

Ruh.kz: Бүгінгі жас азамат ертең ел тұтқасын ұстар ел ағасы. Бұл анық дүние. Алайда, сондай азаматтарды тәрбиелейтін алдымен аға буын. Билік басында отырған аға буынға айтар тілегіңіз бар шығар.

Тоқтар Болысов: Дұрыс айтылған сөз. Өсіп келе жатқан жас буынның арасынан суырылып алға шығатын болашақ саясаткерлер мен министрлер, қоғам қайраткерлері мен ел президенті де бар. Ол заңды құбылыс. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер. Кейінгі толқынның мемлекеттік басқару органдарында өз орнын алып отырғанын көзіміз көріп отыр. Әңгімеміздің басында айтып кеткенімдей, кешегі «Жасылелдіктер» жергілікті басқару аппараттарында белгілі бір лауазымдарға ие. Мемлекеттік аппараттың жасару процесі басталып та кеткен сияқты. Шенеуніктердің бұл толқыны жастарға жақын. Олардың барлығы да әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушылары және барлығы да жастардың арасындағы тенденцияларды таниды. Мен одан да жасы жоғары аға буынға айтарым: жастарға жақын болыңыздар! Жастармен түрлі форумдарда кездесумен қатар, бейресми кездесулерді де жиірек ұйымдастырыңыздар. Жастарға ыңғайлы территорияда кездесіңіздер. Сондай кездесулер өз нәтижесін берері анық.

70.jpg

         P.S. Тоқтар Болысовпен болған сұхбатымыздың барысында оның жас болса да, ел жастарының басын бір шаңырақтың астына біріктіріп, игі әрі креативті жұмыстарды атқарып жүргенін байқадық. Оның басқарушылыққа деген көзқарасы жаңаша. Ол классикалық костюм кимейді, өзінің ұжымына бірнеше баспалдақ жақын және қызметкерлердің эмоционалды интеллектіне баса назар аударады. Бұндай басқару тәсілі әлемнің ірі бренд-компанияларының ұстанымы. Ал сіздер білетіндей Google, Facebook, Microsoft және тағы да басқа алпауытты компаниялар осындай басқарушылықтан ұтылмады. Әлемдік держава-компанияларға айналды. Сондықтан қазақ жас басқарушыларының салтты ұмытпай жаңашылдыққа ұмтылуы қуантатын жағдай.

                                                                                                                           

Оқи отырыңыз:   Ұлттық зергерлік бұйымдар (фоторепортаж)

                               БӨРІБАЙ КӨТЕРІЛІСІ немесе Жетісудағы азаттық көтерілісіне 90 жыл

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz