15 Қазан, 2019
«Жайылмаған дастархан»

Сәкен Сейфуллин жайлы тың деректер


Гүлбаһрамның Сәкенді аңсап сақтаған,

«Жайылмаған дастархандай» аспаны...

Ерік Нарын

Қазақтың бағы – ерлері. Біздің тарихымызда «елім», - деген азаматтар аз болмаған. Соның бірі – ақын, жазушы Сәкен (Садуақас) Сейфуллин еді. Бүгін ақынның туылған күні. Осыған орай Сәкен Сейфуллин туралы бірі білсе, бірі біле бермейтін 10 деректі тоғыстырдық.

1.     Сәкен Сейфуллин небары 23 жасында Омбы қаласында «Бірлік» қауымын, Ақмола қаласында «Жас қазақ» ұйымын құрып, «Тіршілік» газетін шығаруды бастап, қалалық Совдеп президиуымының мүшесі болған.

2.     Сәкен (Садуақас) Сейфуллин – қазақтан шыққан алғашқы примьер-министр болды.

3.     25 жасында тұтқындалып, атаманның «азап вагонында» 47 күн азап шегіп, Омбыдағы Колчак түрмесінен қашып шыққан.

4.     Түрмеден қашып шыққан соң мемлекет ісіне қайта араласа бастаған ақын, 1922-1925 жылдар аралағында Қазақстан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

5.     Ақын өзінің «Өткен күндер» атты алғашқы өлеңдер жинағын 20 жасар шағында жалпақ жұртқа жариялады.

6.     Сәкен Сейфуллин Анненковтың түрмесінен қар таситын шана арқылы қашып құтылады. Ол туралы автор өзінің «Тар жол тайғақ кешу» атты романында баяндайды. «Түрменің ауыр қақпалары сықырлай ашылып, шана еркіндікке шықты», - дейді ол.

7.     Түрмеден қашып шыққан ақын туған жеріне жету үшін 900-дей шақырымды жаяу жүріп өтеді. Алайда белгілі бір себептермен туған топырағында да ұзақ аялдай алмайды.

8.     Большевиктер қолдауымен билік басына қайта келген арыс өз алдына бірқатар мәселелерді қояды. Соның бірі қазақтың «қырғыз» емес, «қазақ» деп қайта аталып, тарихи атаудың қайта жандануы еді.

9.     Сәкеннің тұңғышы – Лаура шетінеп кеткен соң, ақынның да жанары жадырамай қояды. Алайда, Аян атты ұлы дүниеге келгенде Сәкен үлкен қуанышқа кенелсе керек. Ақын үйінде Аянның бір жасын тойлауға әзірлік басталып, бірнеше заттар сатылып алынады. Соның бірі – ақ дастархан еді. Тәңірінің басқа салғаны болады, қуанышқа деп алынған сол дастархан ақыры жайылмай кетеді.

10. Халық ағарту комиссараты жанындағы ғылым орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, Өлкелік комитеттің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институттың директоры, Қазақстан коммунистік журналистика институтының профессоры 1939 жылы 28 ақпанда ату жазасына кесілді.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: Анель Қанатқызы