27 Наурыз, 2020
«Жеті атаның» мәні неде?

Неге біздің қазақ 7 атадан аспай, қыз алыспайды? Осы сұрақты Нұрбек Бекбау да талай естіді, өзі де осылай сауал қойды. Үнемі еститіні (автор сөзімен):  

- Егер, жеті атадан асырмай некелессе олардан тарайтын ұрпақ «урод» болады.

Расымен солай ма? Иә, жеті ата феноменінде медициналық фактор бар. Бірақ ол бірінші емес. «Егер жеті атадан асырып барып үйленуді тек медицинамен байлап қойсақ, онда Пайғамбарымыз өз қызын жиені Әлиге берді. Олардан тараған ұрпақ сұрықсыз болуы керек еді ғой?! Жоқ, Асан мен Үсен дейтін балалары сүйкімді еді» деген деректерді көп оқыдым. Ең абзалы: «жеті ата – ұлтты біріктіруші құрал» деп түсінген дұрыс.

Отырықшы халықта ұлтты біріктіретін фактор сауда-саттық болса, көшпелі жұртты бір ұлт етіп ұйыстыратын құрал – құдалық.

Көшпенділер өте алапат территорияны жайлайды. Тиісінше бір ру, басқа рудан мыңдаған шақырым қашықта ғұмыр сүруі мүмкін. Енді елестетіңіз. Бір ру тек өз ішінен ғана қыз алып, үйлене берсе, ол социум басқа тайпалармен араласпайтын, тұйық қоғамға айнала береді. Не керек, ақыр соңында бір тілде сөйлейтін, дүние танымы бір халықтар осылай бір-бірінен алыстай берді. Бұл алыстаудың соңы мемлекеттік құлауына әкеледі. Мұндай тарих басымызда мың қайталанған.

Біздіңше, ЖЕТІ АТА ұғымын қазақтың ең алғашқы хандары Керей мен Жәнібек түзіп шыққан секілді. Әбілхайыр хандығынан Найман, Арғын руларын бөліп алып, қос сұлтан Шу бойына көшіп барды. Көп өтпей, оңтүстіктегі Дулат, Қоңырат, Қаңлы тайпалары Жәнібектің қоластына келіп кірді. Бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықтықта өмір сүрген, бір тіл, бір діндес болғанымен, әртүрлі мемлекеттерде ғұмыр кешкен тайпаларды бір ұлтқа айналдыру үшін не керек?

Әрине, әр рудың өз қазанында ғана қайнауына жол бермеу керек. Дулат тек өз ішінде ғана қыз алып, қыз берісуді жалғастыра беретін болса, арқадан ауып келген ру-елмен араласпайды. Келуші мен қабылдаушы тайпаларды бір-бірімен аралас-құралас болуға мәжбүрлеу керек еді. Міне, осы қажеттіліктен, «Жеті ата» деген қастерлі ұғым өмірге келді.

«Бұдан былай жеті атадан аспайынша бір ру ішінде қыз алысуға тиым салынады» деген жарлық шықты. Бұл саяси шешімді бұзған адамға өлім жазасы кесілетін. Мақсат – ұлт тұтастығы.

Егер мәселенің астарына қарасаңыз осы ЖЕТІ АТА тиымының арқасында, ру жігіті өз ішінен емес, басқа тайпадан қалыңдық іздеуге мәжбүр. Ал осы мәжбүрлік арқылы туыстығы алыс, бір-екі отбасы емес, бір-екі миллион қазақ бір-бірімен туысады. Мысалы шешеңіз Найманның қызы болса, сізге бір миллион Найман нағашы туыс. Ғажап емес пе?!

Жеті ата заңының арқасында, ру өз ішінде тұйықталуды тоқтатты. Бөтен тайпадан қыз алды, құдандалы болды. Туысқанға айналды. Және ең бастысы – дәл осы құдалықтың арқасында, қазақтың тілі диалект дейтін дерттен аман қалды.

Бір мысал келтірелік: Дағыстан дейтін жер бар. Кішкентай ғана аумақта мың сан ұлт мекендейді. Төбенің күнгей жағын осетин жайлайды, теріскей бетінде ингуш тұрады. Араларын тек 2 мың метр ғана бөліп тұр. Осыншама жақындыққа қарамастан, бұлар бірінің тілін бірі түсінбейді. Себебі: бұл жұрттар бір-бірімен құдандалы болмаған, араласпаған.

Ал бізде қалай? Қазығұрттың қазағы Өскеменнің қазағымен құдаласады. Қазығұрттық құдасы кенже баласын үйлендіріп жатса, құтты болсын деп өскемендік жамағайын келеді. Өскеменде өлім-жітім болып жатса, оңтүстіктің жұрты көңіл айтып барады. Енді осыны еуропаның масштабына салсаң, Норвегиялық Италияға келгендей қашықтық. Сосын, екі рудың құда болуы, ұлттың аман-есен болуына сеп. Мәселен, Өскемендегі найман жұртына жау тисе, Қазығұрттағы қаңлы елі тыныш жата алмайды. Себебі анау жақта қыздары бар. Одан қалды, құдасын қатты жақсы көреді. Не керек, қалың қаңлы атқа қонады. Қысқа қайырғанда, «Жеті ата» – қазақтың ұлт болып қалыптасу процесін мейлінше тездетті.

Ruh.kz