8 Мамыр 2019 Ruh.kz 593

"Жынды көбелекті" көрдіңіз бе?

 | RUH.kz Фото: Джамиля Мурзабекова, Анель Кайргалиева, Ruh.kz

«Жынды көбелек». Сонда көбелек жынды болып туған ба? Болмаса көбелек өмірден түңіліп, жынды болып кетті ме?  Қазіргі заманның өнерін түсінесіз бе?  


    Көбіміз, салтанатты жиынға ең әдемі киімімізді киіп, ең биік өкшелі туфли мен әшекейлерімізді тағып баратынбыз. Бүгінгі жас суретшілер көрмесінің келушілері мүлдем басқа...



 Заманауи суреттерді салатын заманауи суретшілерді кім түсінеді? Классикалық сурет өнерінен алшақтап, әлемді және қоғамды ерекше болмысымен қабылдайтын жастардың еңбектері бір танысқанда түсініксіз, әрі мағынасыз. Алайда, суретшілердің әңгімесін тыңдап, олардың көзқарасын ести келгенде, жаңа заманның толқыны белсенді, отан сүйгіш, әрі эксперимент пен жаңашылдыққа бейім екенін сезінесің.



     Елордамыздың мен мұндалаған бизнес орталықтарының бірінде «Platforma projectroom» арт-кеңістігі бар. Өнердің заманауи кеңістігінде жас суретшілерге барынша қолдау көрсетіледі. Мастер-кластар, лекциялар, воркшоптар ұйымдастырылып, талант иелерін жан-жақты ашу үшін тыңғылықты еңбектер атқарылуда. Осындай игі істің басы-қасында жүрген қазақ өнер әлемінің жанашырлары, көрме жетекшілері Айгүл Ибраева мен Әйгерім Мәжитхан.



     Көрме заманауи бизнес орталықтың екінші қабатында орналасқан. Әйнектен жасалған жиырма қабаттан асатын орталықтың ішінде барлығы да мінсіз. Жан жағымызға көз жүгіртіп, көрме есігінің алдына келдік. Есікті ашып, ішіне енген кезде, алғашқы келген ой: «көрме жөндеу жұмыстары аяқталмаған жерде өткізілуде ме?». Расында да, қабырғаларында кірпіштер мен цемент көрініп тұр, еденді құрлысшылар тегістемей қалдырғандай, ал төбесінде су құбырлары жабылмаған. Бірақ, бұл «олқылықты» көзіне ілген келуші жоқ. Себебі, көрменің атмосферасы мен мақсатын жеткізу үшін  дизайнның ерекше түрі қажет екен. Жарайды, көрменің дизайнынан көрмеге келушілерге ауысайық.



  Олардың өмірге деген көзқарасы, өнерге деген сүйіспеншілігі және сырт көз сыншыға деген ілтипаты мүлдем бөтен. Алдымыздан шыққан өнерге табынушылардың дені - жастар. Бір-бірін қошеметтеп, көрген суреттерге, инсталляцияларға, көркем графикаға, мүсіндерге өз пікірлерін білдіруде. Біз де ерекше арт объектілерге жақындадық та, «жынды көбелекті» іздедік.





    Келушінің назарына ілігетін «Қазақстандық шындық» компазициясы, жерде иесіз жатқан екі ақ қанат. Автор Нұржан Жанбатыровтың ойында болашаққа үмітпен қарайтын жастардың қанатын үлкендер тілмесе деген үміті болған. Армансыз адам - қанатсыз құс!





      Үзілген қанаттарды бойлап, оң жаққа қарай бет бұрсаңыз, целофан пакеттерінен тоқылған текеметті көресіз. Қазіргі заманда қазақтың төл текеметі өз қызметінен алшақтап барады. Оны күнделікті өмірде көп қолданбайды деген оймен жас суретші Айдана Құлахметова текеметті гобелен түрінде мүсіндеген болатын.





      Қадырша Инабаттың «Сөзсіз» арт объектісінің қасынан өтіп кету мүмкін емес. Қазақтың қарапайым қазанының қақпағы жабылып, барынша шынжырланып алынған. Неге «сөзсіз»? Қазанға оның қатысы қанша? Автордың өзінен сұрадық:



       - «Менің бұл туындым психологиялық қарым-қатынасқа жақын. Қазақтың тәрбиесіндегі олқылық десем де болады. Ата-ана баласының көп жағдайда қандай да бір бастамаларын қолдай бермейді, «ұят болады» деген дүниені шектен тыс қолданады. Сондай қарым-қатынастың салдарынан жас жеткіншектің бойындағы талай таланттар дамусыз қалады. Қоршаған ортаға танылмай қалады. Бір сөзбен айтқанда, жабулы қазан жабулы күйінде тұра береді».





    Аяққа киетін кроссовкиді бояп, қабырғаға іліп қойыпты. Бұл көркем туындының атауы «Сникер мәдениет». Автор Ержан Айтановтың пайымдауынша, қазіргі заманның адамы үшін бұл спорттық аяқ киім спорт әлемінен алшақтап, күнделікті өмірдің кеңістігіне терең сіңуде. Яғни, жер шары тұрғындарының көп бөлігі бұл аяқ киімді жұмысқа да, оқуға да, кездесуге де, киноға да киеді. Адамдар салтанаттылықтан ыңғайлылыққа көшуде.



    Сонымен, мақаланың басында қойылған сұраққа оралайық. «Жынды көбелек» қайда?  Жас мүсінші Абылай Мұрашбековтың «Өткен уақыт» атты жұмысында бейнеленген күйелер «жынды көбелектер» екен.





 «Қазақ ауызекі тілінде күйені (моль) «жынды көбелек» деп атайды. Көрменің атауы да осыдан бастау алды: жынды көбелекті көре сала көзін құртуға тырысамыз, себебі ол текеметті, біздің ұлттық дәулетімізді жеп қояды – бұл сөзге өзіндік экспрессия беретін мағынасы бар. «Кез келген ойран жасампаздыққа әкеледі» деген танымал сөз бар. Суретшілер «біз нені өзгертуіміз керек?» деген ойда. Мүмкін «жынды көбелекті» өлтіруге тырысудың қажеті жоқ шығар?» ‒ мүсінші Абылай Мұрашбековтың жұмысы осындай ой тұңғиығына жетелейді. Инсталляция барша экспозицияға атау берді, себебі бұл авторлар жауабын іздейтін ең маңызды сұрақтардың бірі», ‒ деп айтып берді көрме кураторы, суретші Әйгерім Мәжитхан.





Заман жастарының көкейінде қандай ойлар бар және көкейкесті ойларды сыртқа шығару қаншалықты қиын екенін көрменің жетекшілері Айгүл Ибраева мен Әйгерім Мәжитхан біледі. Жас тәлімгерлердің қолдауымен «Platforma projectroom» арт кеңістігінде жас дарын иелеріне барынша қолдау көрсетіледі және сол жастарды қоғаммен таныстыру үшін айлар бойы тыңғылықты жұмыстар атқарылады. Күрделі оқу процестерінің алғашқы үлкен нәтижесі «Жынды көбелек» көрмесі.



P.S. Жас суретшілердің одан да басқа көркем туындыларын көрмеде тамашаладық. Әрқайсысы бір дүние. Толық мазмұны бар, қоғамға ой тастар тың дүние. Теледидардан немесе интернет кеңістігінен қазіргі заман суретшілерінің бұл туындыларын көрсеңіз қызықпассыз. Сол себепті, заманауи бағыттағы көркем объектілерді көрмеге барып көрген жөн деген кеңес бізде бар.



 



Бибігүл Бөкенбайқызы, RUH.kz


Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

17 Тамыз, 2019

Бесік жыры

16 Тамыз, 2019

Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады!

16 Тамыз, 2019

RUH MAN: Есенғали Раушанов – Құлыншақ

15 Тамыз, 2019

Еркіндік – киіз үйден басталады!