31 Наурыз, 2019
ЖЫР ТҰЙҒЫНЫ (Толғанбай Мырзағұлұлының туғанына 175 жыл)

Тарих күнпарағы ашылған сайын өткен уақыт жақындай түспек, жақыны алыстай бермек. Өмір заңы – осы. Уақыт ғұмырдың соғысы алға озғалы неше заман шаңның астында қалды. Ғұмыр алмасты. Өмір өзгерді. Жаңа заман туды. Еркіндік алған ұранды ел. Тарих толқынында тасада қалған тұлға көп. Насихаттау, таныту, жариялау –  бүгіннің ісі, бүгіннің зор міндеті.


Ақсу. Қапал. Бұл – жерұйық Жетісудағы ескі жұрт. Осы өлкенің өзіндік тарихы, әдебиеті, мәдениеті бар десек, қателеспеген болар едік. Сонау қадым замандардан алға тартсақ, бұл топырақта туған, өскен, қалыптасқан һәм ауыл-аймақтың беделіне айналған тұлғаларымыз өте көп. Біз, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген, еліміздің әлеуеті нарық кезеңіне тап болған шақта, есейген буын едік. Бала күніміздегі есте қалған бір жәйт – ауыл ақсақалдарының алқақотан отырып, әңгіме-дүкен құруы еді. Біз, бәлкім ескі заманның көзіндей болған көнекөз қарияларды көріп-білген, әңгімесін естіген соңғы адамдар қатарынан болармыз. Біздің үйдегі ақсақал да ескі сөздің білгірі, көрген, түйгені мол ғибратты жан еді. Қазақтың сан ғасырлық тарихын, әдеби мұрасын қопарып, бажайлап айтқанда, алдына жан салмайтын-ды. Осы дана шалдардың әңгімесі, тағылымды сөздері – менің қатарластарымнан әлдеқашан ертерек есейуіме, дүниетанымымның қалыптасуына зор әсер еткендей. Ер жеттік. Әдебиет, ғылым соңына түстік. Туған жұртқа сирек қатынауға айналдық. Бірде, “Әдеби өлкетану” деген ой еске түскенде, баяғы аһар-шаһар әңгімелер, келісті хикаялар көз алдыма елестеді. Бір өкініштісі – қазір сол әңгімені айтатын ақсақалдар да, әдеби мұра туралы шалқар әңгімелер де жоқ. Ескен желдей, көшкен селдей. Бір ғұмыр тәмамдалған. Мол қазына сол ескі заманның куәгерлерімен бірге кеткен. Ауыл тарихын, елдің руханиятын жетік білген кемеңгерлер көз жұмған екен. Бірақ, бір үміт барына сенгенмін. Әлі де сенемін...



Күдік аралас үмітіміз рас болып шықты. Ескіліктің сөзін білген даналарды көріп өскен, әңгімелерін хатқа түсіріп, жиып-терген екі адам болса, соның бірі – Жемісбек Толымбеков!





Өлкетанушы Жемісбек Толымбеков зерттеу жұмысы барысында



Жемісбек ағам әрі жазушы, әрі өлкетанушы. Бүгінде алпыстың бел ортасында жүрген қарасақал, түбіт иек азаматтың Ақсу-Қапал тарихын түгендеудегі, жүйелеудегі еңбегі ерен. Осындай қазыналы азаматпен танысуым, шығармашылық жолда мұраттас, идеялас болуым – Тәңірінің маңдайға жазған бағы деп білемін. Шүкір! Сөз басында айттық, біз қаріп танып, ес білген шақта, ауыл ақсақалдарының алды – тоқсаннан асқан, соңы жетпістің жалына мінген-ді. Осы жас мөлшермен есептегенде, біз әлдеқайда бала, әлдеқайда кіші едік. Ортамыздағы мүшел жас айырмашылығы, ұрпақтар сабақтастығы сол замандары жігіт ағасы жасында жүрген Жемісбектер екенін енді аңдап, біліп отырмыз ғой.



Биылғы жылы, Ақсудың топжарған ақыны, шартты түрде алғанда, Қапал-Ақсу ақындық мектебін қалыптастырушылардың бірі, дәл осы Жемісбек Толымбековтың табанды зерттеуінің нәтижесінде халқымен қайта табысқан Толғанбай Мырзағұлұлының туғанына 175 жыл!



          Толғанбай абыз 1844 жылы қазіргі Ақын Сара, бұрынғы Көкжайдақ ауылында туған. Халық сөзіне сенсек, Толғанбайға талант, дарын үш жасында ақ қоныпты. Ойын баласы аулада ойнап жүргенінде, ақ боз атты, ақ сәлделі, ақ сақалды қарт: “Әй, ботам! Өлең аласың ба, көген аласың ба?”, - деген екен. Әруағы шалқар бабамыз сонда өлеңді қалап алған баланың маңдайынан сүйіп, басын сипап, батасын беріпті. “Қапуғай” деген әуезді әуенді сол жарықтық ақсақал сыйлаған екен дейді. Бала жасынан тасқын талантымен танылған Толғанбайды ел-жұрт, ауыл-аймақ тегіс “Әулиеден әуен алған Толғанбай” деп атап кеткен екен.



          Ескі ру жөнімен алғанда Толғанбайдың сүйегі – Найман атасынан. Матайдан Кенже, одан Сұртай ақын. Сұртайдан Үмбет батыр. Үмбет батырдан Болат. Одан Байғыз. Сақай ақын. Тағай батыр. Тұңғат дана. Ер Тоқпанбет ата. Байжан батыр. Байжаннан өз әкесі – Мырзағұл. Мырзағұлдың тоғыз ұлы болыпты. Қоштыбай шебер;Естібай зергер; Ендібай жылқы пірі, емші;  Тектібай бай; Белібай білік; Телібай болыс; Жұманбай, Толқынбай және Толғанбай ақын болыпты. Түп тамырынан бастап батырлық, ақындық қасиет қонған бұл әулеттің қай ұрпағы болмасын, өнерден, батырлықтан үлесі бар екен.



         Толғанбай ақынды көргендер өмірде оның кекірт, кіді, өнерде тәкаппар, асқақ адам болған деседі. Асқақтайтын да, кіділенетін де жөні бар: заманында дақпырты алты алашқа шыққан топжарған ақын, үш матайды билеген болыс. Бірақ, ел-жұртқа болыспын, ұлықпын деп төрелігімен емес, алдаспан ақындығымен бұлданса керек-ті. Дәулескер талант ақындығын болыстығынан биік көріпті. Ақиқатында, осы күнгі қаймана жұрттың есінде болыс Толғанбай емес, ақын Толғанбай қалса керек-ті.



Жетісулық өлкетанушылардың басқосуы



  Жетісу тарихы – қазақ тарихының құрамдас үлкен бөлігі. Жетісу облысының тарихын жазу барысында Толғанбай сынды ақындардың сөзін, өмірін елеусіз қалдыруға жарамас. Толғанбай – бір жағынан заман шежіресі болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын жырлаған әлеуметшіл ақын. Ақын мұрасы, шығармашылығы сол заманда кітап болып шықпаса да, көз көрген замандастарының, жады мықты қариялардың есінде сақталып қалған. Бұрынғы Қапал ауданы, Абай атындағы колхозының тұрғыны Бейсебаев Бейсенбек деген қария “Толғанбай мен Түбек” айтысының мәтінін жазып, 1955 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазбалар қорына тапсырыпты. Сонымен қатар, Толғанбайдың толғаулары туралы үзік-үзік мәлімет Ғылым академиясының қолжазба қорындағы фольклорист Ә. Диваевтың жеке қорында сақталыпты. Профессор, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының, халық мұрасын зерттеуші Қаратай Биғожиннің еңбектерінде кездеседі. Заманында Ілекең, Ілияс аға Жансүгірұлы Жетісудың халық мұрасын жинастырып, зерттеу жұмысын бастап еді. Қиыны сол – Ілекең аңсар-арманына жете алмай, қапияда қазаға ұшырады емес пе!



Ақсудың тұйғын ақыны атанған Толғанбай ақын Ақсу ақындық, әдеби мектебінің бастауында тұрған үлкен тәлімгер. Сол жылдары Қапал, Ақсу атырабында Бекетбай, Нұрланбек, Жұмабай, Жақыпбек, Омарбай, Омарбек, Әлімбай, Құтым, Білісбек, Тынысбек, Шәріпбек, Матай жұртының “үш тотысы” болған Сара (Кенже), Әсем (Қаптағай), Сарықыз (Аталық) сынды елге танымал ақындар өмір сүріпті. Бірі ілгері, бірі кейінгі жылдары өмір сүрген осы ақындардың бәрі Толғанбайды ұстаз тұтып, батасын алған дейді дала шежіресі. Халық ақыны Қуат Терібайұлы Толғанбайды ұстазым деп ұлықтаған-ды. Советтік шовинистік билік орнағаннан соң, қазақтың тарихы мен әдебиетінің насихатталуына нүкте қойылып, сан ғасырлық дала мұрасы, дала өркениеті кеудесі алтын толы қазына қарттармен бірге қара жерге көміліп кетті. Ескі жұрттың ауызында есімі жиі-жиі айтылған Ағанасұлы Тәйкөт, Азнақұлұлы Ахмет ақындардың жырлары, өлеңдері бүгінге толығымен жете қоймаған.



      Ақынның мұрасын зерттеп, зерделеуші Жемісбек Дулатбекұлы 2012 жылы    Талдықорған қаласынан “Топжарған” жинағын шығарды. Жинаққа ақынның өлеңдері мен айтыстары топтастырылған. Өлкетанушы 1999 жылы Ақсу ауданы, Матай станциясында тұратын Қалибайұлы Ерғали ақсақалдың үйінен  “Біржан мен Сара айтысы”, “Ататек”, “Қаптағай”, “Аталық” жырларын жазып алыпты. 1935, 1945, 1962 жылдары үш рет көшірілген қолжазбаның соңғы нұсқасы бойынша қайыра хатқа түскен өлең жолдарының кейбір шумақтары түгел емес екен. Толғанбай мұрасын зерттеу, насихаттау ісі жаңа ғана қолға алынған соң, алдағы уақыттары ақын туралы талай жаңа дүниелер жазыларына бек сенеміз.





     Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейіндегі "Молықбай қобызы" экспозициясын талдау барысы



  Толғанбай заманындағы ақындардың қай-қайсысы болмасын тарихи дастан жазуды, адамзат шежіресін жазуды мұрат тұтқан. Адамгершілік, иман мен дін мәселесі – сол кездегі қазақ әдебиетінің даму дәрежесіне сай өмір шындығының көркемдік сыры мен тақырып, идеяның өзектілігінен туындаған демекпіз. Алдағы уақыттары ақын мұрасын архив құжаттары негізінде жариялауға, насихаттауға мұрат етпекпіз.



      Ақсудың арынды ақыны 1897 жылы жарық дүниемен бақұлдасып, фәниден бақиға аттаныпты. Ақын ретінде де, азамат ретінде де еліне елеулі еді.



      1994 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы аясында Жансүгіров кентінде үлкен той өтіп, әруағына дұға оқылып, Ас берілген. Бүгінде Талдықорған қаласында, Жансүгіров кентінде ақын есімімен аталатын көшелер бар. Анығы сол – «Рухани жаңғыру» жобасының жарығы түссе, ақын есімі ұлысымен бірге мәңгі жасай бермей!



 



 



 



Елдос ТОҚТАРБАЙ,



Ruh.kz


Ruh.kz
Елдос Тоқтарбайдың жеке мұрағатынан