3 Тамыз, 2018
Жүктелген жұмыс жемісті болу үшін...

Ұлы Хәкім Абай атамыз айтып өткендей, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан». Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтіңіз есіңізде ме? Сол кезде сізге «Сабағыңды жақсы оқы» деп айтылғаны хақ. Яғни, өмірден алынған қарапайым мысалмен сізге үлкен жауапкершілік жүктелді. Дегенмен, табысты нәтижеге қол жеткізу үшін талай қателіктерге бой алдырып, көп бұралаң жолдардан өтуге тура келетіні анық. Бұл - өмірдің өзі құрған заң.


Жауапкершілік пен еңбекқорлық адамды, оның арғы жағында мемлекетті гүлденуге, жаңаруға алып келеді. Демек, Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында бекіткен міндеттемелерін ұлт болып, мемлекет болып жүзеге асыруымыз тиіс. Жауапкершілік пен тиімді еңбек ету жолдары туралы бүгінгі мақаламызда біршама ақпарат беруге тырысамыз. Ендеше, әрі қарай оқыңыз.



Сонымен қатар, әр табысты нәтиженің артында бірнеше кісінің ерен еңбегі тұрады. Қорытынды нәтиже «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істеуден бастау алады. Яғни, сізге қарасты жұмысты басқа да кісілерге жүктеу қажет. Қандай да бір жұмыс һәм міндетті алғаш рет басқа кісіге табыстау дегеніміз - белгілі дәрежеде жауапкершілік арту, маңызды дүниені жүктеу. Және де сізге іштей күмәнға жол беруіңізге де болады. Бұл - түсінікті жайт. 



Дегенмен, бұл жерде мына бір мәселеге жіті көңіл бөлу қажет. Жұмысты табыстау - ең бастысы сіздің артып отырған сеніміңіз. Әдетте, белгілі бір жұмысты алғаш рет табыстай отырып, іштей күмәнға бой беретініңіз анық. Осы себепті, аталмыш жұмыстың басы-қасында жүріп, мұқият бақылаудан өткізу арқылы жақсы нәтиже шығаруға тырысасыз. Сіз жұмысты атқарып жатқан маманға емес, өз күшіңізге сенім артасыз. Себебі, өзіңіздің деңгейіңізге сенімдісіз.



Осыған қарамастан, өзіңіз үміттенген нәтижеге қол жеткізе алмадыңыз делік. Бұл - оқыс жағдай емес, әбден мүмкін жағдай. Неге? Әрине, жұмыстың сәтсіздігі маманның біліктілігіне күмән келтірмейді. Сіз жұмысты жүктеудің алдында оның кәсібилігіне сенімді болдыңыз. Демек, бұл жерде мәселе қайда жатыр? Қарқынды жұмыстың қорытындысында сіздің қол астыңызда жақсы маман және нәтижесі сәтсіз жоба қалды. Көңіл қуантарлық көрсеткіш еместігі белгілі. 



Осындай оқыс сауалдарға тап болмау үшін бірқатар мәселелерге назар аударған жөн. Алғаш рет қандай да бір жұмысты жүктеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, бұл жұмысты орындайтын маманның кәсібилігіне ғана емес, сіздің білікті жетекші ретіндегі түйсігіңізге де байланысты. Бұл орайда ең бастысы, қысқа мерзімде орындалуы тиіс жұмысты жүктеудің қажеті шамалы. Аталмыш жұмыстың нәтижесіне сенім артпай, қосалқы жоспар құрыңыз. Жұмыс өз кезегімен атқарыла берсін, дегенмен, оның нәтижесі барлық үрдіске әсер етпегені жөн.



Сонымен қатар, осындай қысқа уақыт аралығында оң нәтиже көрсететініне сеніміңіз мол жұмысты жүктеуге болады. Яғни, нақты көрсеткіштің болуы маңызды. Маман өзінің жұмыс барысын нақты көрсеткіштермен салыстыру арқылы аталмыш үрдістің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізуге мүмкіндік алады. Алдында тұрған нақты мысал «Менің атқарып жатқан жұмысым дұрыс па? Қандай нәтижеге қол жеткізе аламын?» секілді іштегі күдіктерді жоюға мүмкіндік береді. Яғни, ол әр қадамына сенімді болуы тиіс.



Дегенмен, бұл жерде басты мәселе - сіздің қаншалықты сенім артуға дайындығыңызда жатады. Жұмысты табыстағаннан кейін оның атқарылу барысы туралы есептемелер сұраудың, ұдайы кеңес айту арқылы әр ісіне араласудың, үнемі бақылау жүргізудің қажеті шамалы.  Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев «Сенім - құдіретті күш: тауды да қозғайды» деген екен. Ол маман - сіздің таңдауыңыз. Маманның жұмыс істеу үрдісіне, біліктілігі мен кәсібилігіне күмән келтіру - сіздің жетекші ретіндегі рөліңізге сенімді болмау дегенді білдіретінін ұмытпағаныңыз абзал.



Әдетте, аса қатты бақылау маманның іштегі ынтасын басып қалады. Сондай-ақ, аталмыш жұмыс үрдісі барысында маманның пікіріне құлақ асып, ақылдасып отыру нақты табыстың көзі болары хақ. «Бірлік түбі - береке» деп қазақ халқы бекер айтпаған.



Тоқсан ауыз сөздің түйінін келтіретін болсақ, алғаш рет тәуекел етіп көріңіз. Оң, болмаса теріс нәтиженің өзінде сіздің сеніміңіз ақталады. Ең бастысы, әр сәтсіздіктен өзіңізге қажетті ой қалыптастырып, алдағы уақытта қай бағытта жұмыс істеу қажеттігін анықтайтын боласыз.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
Адизес институты