30 Қыркүйек, 2020
Жылдам интернет қай аймақтарға қосылды?

Бұл туралы Үкіметтің онлайн отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев баяндап берді. 

2018 жылдың төртінші тоқсанында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында, «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолдана отырып, Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру басталды. Жобаның негізгі мақсаты еліміздің 828 елді мекенінде 2 496 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелерді интернетке қосу. 2031 жылға қарай ЖІӨ-нің 2%-ға дейін біртіндеп өсімін қамтамасыз ету. 2022 жылға қарай интернетке қол жетімді халықтың үлесін 88%-ға дейін арттыру. 2022 жылға қарай интернеттің тұрмыстық ортаға ену деңгейін 83%-ға дейін өсіру, - деді Қуанышбек Есекеев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, салынған желілердің жалпы ұзындығы 14 514 шақырымды құрайды. Жобаны іске асыру мерзімі 2032 жылға дейін 14 жыл. Іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі - талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және қосу, екінші кезең - қызмет көрсету.

Жоба 7 облыста толығымен аяқталды. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар. Жыл соңына дейін тағы 131 ауылға «оптика» жүргізіледі, онда 393 мемлекеттік орган интернетке қосылады.  Сонымен, бүгінгі таңда межеленген 2 496 мемлекеттік органның 2 103-і қосылды, - деді «Қазақтелеком» басшысы.

Ел аймақтарында жобаның іске асырылуы туралы толығырақ есеп берілген. 

Алматы облысында байланыс желілері 138 ауылға тартылды,  мұнда 347 нысан интернетке қосылды. Олардың арасында мектеп, аурухана, полиция учаскелері, ұлттық қорғаныс нысандары және Ауыл шаруашылығы министрлігінің нысандары бар. Түркістан облысында талшықты-оптикалық байланыс желілері 118 ауылға тартылып, 262 мемлекеттік нысан интернетке қосылды. ШҚО-да талшықты-оптикалық байланыс желісі 87 ауылға тартылды. Мұнда 298 нысан интернетке қосылған, - деді Есекеев.

Ол осы жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстанда 739 мектеп, 471 әкімдік, 893 басқа да мемлекеттік мекемелер (ауруханалар, полиция бекеттері) жоғары жылдамдықты интернетке қосылғанын атап кетті.

Сондай-ақ, жоба аясында 600 мыңнан астам адамды қамтитын мыңға жуық ауылдық елді мекендерді Интернетке қосу жоспарланып отыр, - деді ол. 

Baq.kz