23 Желтоқсан, 2019
Жылдың үздік жеті жобасы

2019 жыл Ақтөбе облысы үшін жетістікке толы жыл болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай ірі жобалар атқарылды. Білім, мәдениет, спорт төңірегінде де жеткен жетістіктер мен алынған асулар аз емес.



Алтын адам.

Алтын адам.jpeg

Ақтөбе өңірінен табылған «Алтын киімді көне ескерткіш» – бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық. Темір ауданының Тасқопа елді мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген Сармат көсемінің қорғаны табылды. Қабірде жылқы да көмілген, оның ер-тұрман әбзелдері де бағалы металмен қапталған. Аумақтағы қазба жұмыстарын Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері жүргізіп, табылған заттарды арнайы мамандарға зерттеуге жіберген.

«Туған жерге тағзым» акциясы

Акция аясында жерлес-меценаттар 607 жобаны жүзеге асырды. Ақтөбеде орнатылған Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші, Бөкенбай батыр ескерткіші, Қарғалы ауданының Қос-Естек ауылында Сәрке батырға ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ірі жобалар да жүзеге асырылды. «TransMostGroup» ЖШС басшысы Т. Таңатаров жерасты өткелін салды. «Спарта и Ко» ЖШС басшысы М. Сәңкібаевтің демеушілігімен «Жер шары» нысаны ашылды. Осындай ірі шараларға атсалысып, белсенділік көрсеткен меценаттар, кәсіпкерлер және еріктілер «Жомарт жүрек» медалімен марапатталды.

«Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы.

Ақтөбеде ұйымдастырылған «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы Қазақстан жазушылар одағының 85 жылдығына арналды. Сонымен қатар өңірдің жазушылары – Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов және Сағи Жиенбаевтардың шығармашылығын терең зерттеу насихатталып, бірқатар шаралар өткізілді.

«Ақтөбе кітапханасы» жобасы қайта жалғасып, кітаптар сериясына 23 том қосылып, 50 томға жетті. Жоба «Парыз» қоғамдық қоры есебінен меценаттық негізде жүзеге асырылды. «Жауқазын» сериясымен ақтөбелік 10 жас қаламгердің кітабының тұсаукесері болды.

Университет жобалары.

Университет жобалары.png 

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Ұлы Абайдың 175-жылдығына орай «Жұбановтан Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырып, Ақтөбе-Нұр-Сұлтан-Павлодар-Семей-Жидебай-Қарағанды-Баянауыл-Қарқаралы бағытындағы киелі жерлерде болып қайтты. Сондай-ақ «Жұбанов керуені» кәсіби бағдар беру бағдарламасы, «Балалар университеті» секілді бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Ұлы даланың ұлы есімдері: Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі» атты халықаралық конференциясы, «Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы қоғамдық сана» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

«Ұлы даланың ұлы есімдері Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі» атты халықаралық конференция.jpeg

Тәрбие және білім 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ақтөбе облысы білім саласының дамуына серпін беріп, қоғам талабымен үйлесім тапты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бастамасымен «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы және «Кітап оқып, рухани бай бол!» республикалық байқауы ұйымдастырылды. «ДимашАли» продюсерлік орталығы және Ақтөбе қалалық әкімдігі бірлесе ұйымдастырған «Baqytty bala» ашық вокалдық балалар фестиваль-байқауы екінші рет өткізілді.

«Мемлекеттік тілдің латын графикалық жүйесіне көшу» арнайы жобасы аясында «Aqyldy álipbı» мобильді қосымшасы іске қосылды. Google Play-ден төмендегі сілтеме арқылы «Aqyldy álipbı» қосымшасын тауып, тегін жүктеп алуға болады: https://play.google.com/store/search?q=Aqyldy%20%C3%A1lipb%C4%B1&c=apps.

Сондай-ақ латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің тұңғыш графикасындағы өнімдері: «Білімді балақай» балаларға арналған өлеңдер жинағы және «Жазылым» жаттығулар жинағы баспадан шықты.

Заманауи қазақстандық мәдениет. 

Ұлттық мәдениетімізді шет елде насихаттап, халықтар арасындағы өзара рухани-мәдени байланыстарды нығайту мақсатымен өңірдің мәдениет мекемелері Кипрдің Никосия қаласында, Украина елінде, Одесса қаласында, Бельгия корольдігі Брюссель, Люксембург, Татарстанның Буа, РФ Орынбор, Мәскеу қалаларына гострольдік сапармен барды.

Мәскеуде өткен «Көшпенділер» картиналар көрмесі қазақ елінің көшпенділер мәдениетін көрсетіп, мүсін өнерін насихаттау мақсатында Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткізілді. Көрмеде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Ғабдрахманов Мараттың «Көшпенділер» шағын формадағы мүсіндерінің және белгілі жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың картиналар топтамасы өнер сүйер қауымға ұсынылды.

Киелі Қазақстан

Ұлы Дала киелі жерлерге толы. Ақтөбе облысындағы Жаманшың кратерін қорғау, геопарк құру және ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру мақсатында Жаманшың метеорлы кратеріне Халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылып, ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

Облыс аумағында тарихи және мәдени, халықтық сәулет ескерткіштерін далалық жағдайда зерттеу мақсатында «Ойыл-Қиыл өзендері, Солтүстік Арал маңы, Жем-Сағыз өзендері бойындағы және Доңызтау–Үстірт аймағының тарихи мәдени ескерткіштерін этносфера–этнографиялық тұрғыда кешенді ғылыми-зерттеу» экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция нәтижесінде екі кітап-альбом шығарылды.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратында «Қазақ хандығы», «1869-1940 жж. Өлке тарихы», «Ерлік пен Даңқ», «1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы» және «Тәуелсіздік жолымен» экспозициялық залдары ашылып, 3D виртуалды форматта жаңартылды.

Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы Ақтөбе облысының тарихи-мәдени ескерткіштеріне бірегей және жекелеген QR-кодтар орнату жұмыстарын жүргізді. Облыс бойынша 47 ескерткішке, оның ішінде қала аумағынан 33 ескерткіштің, аудандардан 14 ескерткіштің қасбетіне, қорғау тақтайшаларына QR-кодтар орнатылды.

Қазіргі таңда бағдарламаны жүзеге асыру бойынша өңірде мазмұнды да ауқымды жұмыстар атқарылып, оң бағасын алуда. Барлық бағытты қамтыған іс-шаралар өңірдің дамуындағы барлық салалармен біте қайнасып жүзеге асырылуда. Алдағы 2020 жылда да облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін ірі жобалар жалғасын табады.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі