Архив-2025

«Архив – 2025» жобасы – бұл біздің тарихымызды жүйелеу, соның ішінде оны өз бетінше зерделеу мүмкіндігі. Әр мемлекетте тарихи саясат туралы түсінік бар.

Елбасы ұсынған «Архив-2025» жобасы дүниежүзі қазақтарының тарихына қатысты барлық деректерді жинауға мүмкіндік береді. Бұл бірегей жоба жүзеге асырылғанда, біз еліміздің жаңа тарихының куәгері боламыз.

Шындығында, біз өзіміздің тарихи санамызды қайта жаңғыртып ежелгі тарихымыз, ежелгі дүние тарихы, орта ғасырлар тарихы, жаңа тарих туралы мәліметтер жинасақ қана өз тарихымызды жүйелей аламыз.

Мақсаты: жетіспейтін тарихи деректерді қалпына келтіру мақсатында отандық және шетел архивтерінде іргелі зерттеулер жүргізу.

2019 жылғы 20 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен Ұлттық архив қорын отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханаларда және ғылыми орталықтарда сақталатын Қазақстан тарихы бойынша құжаттармен толықтыруға және ғылыми айналымға енгізуге бағытталған «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданды.

«Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары 68 тармақтан тұрады, 14,1млрд.теңге қарастырылған. Соның ішінде: республикалық бюджет - 3,96 млрд. теңге, жергілікті бюджет – 10,14 млрд. теңге. «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының қаражаты 2019 жылғы 27 тамызда РБК шешімімен тұжырымдамалық түрде қолдау тапты. Алайда бюджеттік өтінім 2020 жылғы 2 сәуірдегі РБК отырысында оң қорытынды алған жоқ.

Кешенді жоспардың негізгі бағыттары - саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру (ҚР Ұлттық архив қорының құжаттық ақпаратының бірыңғай жіктеуішін әзірлеу, Архивші күнін қосу, ведомстволық марапатты немесе құрметті атақты бекіту), Ұлттық архив қорын шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалар мен ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша жаңа құжаттық дереккөздерімен толықтыру, оларды ғылыми айналымға енгізу, цифрлық өркениет жағдайында ақпараттық-зияткерлік ресурстардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.

Кешенді жоспар аясында архив саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, кең форматты сканерлер, архивтік құжаттарды реставрациялау және микрофильмдеу үшін заманауи зертханалар сатып алу көзделген. Келесі маңызды қадамдардың бірі саланың инфрақұрылымын дамыту.

Бүгінгі таңда мемлекеттік архив қоймаларының көпшілігі 100%-ға жүктелген. Құжаттарды одан әрі қабылдау және сақтау үшін орын жетіспеушілігі бар. Еліміздің өңірлерінде арнаулы үлгілік ғимараттар салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Осы мақсатта Министрлік 200 мың, 500 мың, 1 миллион, 1,5 миллион, 10 миллион сақтау бірлігіне арнаулы үлгілік ғимараттардың құрылысына жобалаусметалық құжаттама әзірлеуді жоспарлап отыр.

Облыстық, қалалық, аудандық мемлекеттік архивтердің құрылысы МСМ әзірлеген үлгілік ЖСҚ негізінде жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады.

Саланың білікті кадрлық әлеуетін қамтамасыз ету үшін ІТ-технологияларды, архив ісінің экономикасын, оны басқару мен менеджментін ескере отырып, архив ісімен аралас бағыттағы кадрларды даярлауды жүзеге асыратын ЖОО-лардағы пәнаралық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, Жоспарда мемлекеттік архив мекемелері қызметкерлерінің елдің орталық мемлекеттік және шетел архивтерінде тағылымдамадан өтуі қарастырылған. Қазақстандық архивтердің халықаралық архив кеңістігіне бірқалыпты интеграциялануы аясында жақын және алыс шетелдердің 17 елімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Ұлттық архив қорын Қазақстанның тарихы мен мәдениетін жария ететін жаңа құжаттық көздермен толықтыру, сондай-ақ барлық отандық және шетелдік архивтерге іргелі зерттеулер жүргізу үшін іздестіру-зерттеу жұмысы аясында Министрлікпен архивистер, тарихшылар, ғалымдар, мәдениеттанушылар және басқа да сарапшылар қатарынан арнайы ғылыми-іздестіру топтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2019 жылы мемлекеттік архивтердің қызметкерлері Білім және ғылым министрлігінің зерттеу тобымен бірлесіп Ресей архивтері: Мәскеу, СанктПетербург, Қазан, Омбы және Астрахан қалаларында зерттеулер жүргізді. Аталған зерттеулер Білім және ғылым министрлігінің «Ұлы дала тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, талдау, цифрлау)» жобасы аясында жүргізілді.

Ресейдің Омбы және Астрахан облыстарының архивтерінде зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 4,5 мыңнан астам құжат парағы мен 10 мың фотосуреттен тұратын, аз зерттелген және ғылыми айналымға енгізілмеген жинақ анықталды. Абылай хан, Сұлтанмахмұт сұлтан, Кіші жүз қазақтарының көтерілісі, Бөкей Орда қазақтарының шаруашылық жағдайы бойынша құжаттар анықталды. Сонымен қатар, М. Шоқайдың өмір сүру тарихы бойынша материалдар, Қазақстан тарихының кеңестік кезеңіндегі саяси бюро отырысының хаттамалары мен басқ да құжаттар бар.

Татарстан Республикасының Ұлттық архиві мен орталық мемлекеттік аудиовизуалды құжаттар архивінен біздің зерттеушілеріміз қазақ даласындағы Ресей империясының діни саясатына арналған мыңнан астам құнды архив материалдарын, Жәңгір хан Бөкеевтің мұсылман Заңтану туралы қолжазба материалдарын, Жәңгір Бөкеевтің Қазан университетінің құрметті мүшесі болып сайлануы туралы және т.б. архив материалдарын анықтады.

Барлық анықталған және сатып алынған архивтік материалдар Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсырылады. БҒМ тарапынан «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті жөніндегі шетелдік мұрағаттар мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, талдау, цифрландыру)» зерттеу жобасы іске асуда (2020 жылға – 62,1 млн. Теңге бөлінген). Жобаны іске асыруды Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жүргізеді. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының. Нұр- Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік мұрағаттың, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағаттың және Қазақстанның облыстық мұрағаттарының қызметкерлері тартылған.

Ұлыбритания, Франция, Италия, Ресей, Украина, Польша, Венгрия мұражайлары мен кітапханаларында іздестіру-зерттеу жұмыстары үшін археографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде XV-XX ғасырлардағы Ұлы Дала тарихы бойынша қазақстандық ғалымдарға бұрын белгісіз болған бірегей шығыс, парсы және түркітілдес жазба дереккөздері, қолжазбалар анықталды.

65-тен астам ғылыми еңбек, кітап және монография түрінде жарық көрді. Алынған материалдарды жүйелеу, каталогтау және цифрлау жұмыстарының нәтижесі болып саналатын Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті бойынша архивтік материалдар мен артефактілер каталогын электрондық түрде әзірлеу жүргізілуде.