Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі

Қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан Ұлы Дала - адамзат өркениетінің тарихқа дейінгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі дамуының куәсі болып саналады. Даладан тысқары шыға отырып, дала мәдениетінің элементтері дербес өміріне ие болып, әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Мәселен, жылқыларды бағындырған Ботай мәдениеті, Ежелгі Қазақстанды сол кезеңдегі ірі металлургия орталығына айналдырған Андронов пен Беғазы-Дәндібай мәдениеті әлемдік тарих пен мәдениетке өз үлесін қосқан.

Бүгінде әлемнің көптеген музейлерінің экспозицияларын Сақтар өнері жауһарлары көркемдеп тұр. Бірақ қазіргі Қазақстанды мекен еткен ежелгі халықтар тек білікті малшылар, диқандар мен жауынгерлер болған жоқ. Мұғалжар аумағында тұратын аргиппей тайпалары тарихта білікті дипломаттар ретінде өз іздерін қалдырған. Геродот аргиппейлер туралы көршілерімен қасиетті адамдар ретінде қалам тербеген. Көрші мемлекеттердің билеушілері даулар мен қақтығыстар кезінде оларға шешім қабылдауға жүгінетін болған.

Түркілердің келуі Еуразия тарихының жаңа кезеңін бастады. Пайда болған, гүлденген және құлдилаған түркі мемлекеттері Еуразиялық тарихтың экономикалық, саяси және мәдени ландшафттарында өздерінің елеулі іздерін қалдырған. Ежелгі түркілер кең географиялық шекарадағы кеңістікті игере отырып, көшпелі және отырықшы өркениеттің симбиозын құрған.

Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде ақпаратты ауыздан-ауызға таратудың дәстүрлі әдістері ақпарат алуға деген қоғамдық сұранысты бағындыра алмайды. Кітаптарды, әсіресе, ғылыми сипаттағы немесе танымал ғылыми бағыттағы оқу дәстүрлері бірте-бірте артта қалып, кенжелеп барады. Тіпті, медиа арналар арасында теледидар да біртіндеп өз орнын жоғалтуда. Мұндай жағдайда олардың орнын асыл мұраларды көздің қарашығындай сақтап, қамқорлық жасауда негізгі әлеуметтік-мәдени институттардың бірі - музейлер. Сондықтан музейлер, еліміздің жалпы мәдени кеңістігінде қазіргі заманғы мәдениет пен тарихи мұра арасындағы «делдал» болатын ерекше тетікке айналуы тиіс.

Мақсаты: Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін құру арқылы қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау және дамыту.

2020 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін» Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі базасында ашуды МСМ-не ұсынды.

МСМ мәселені пысықтап қолдады және Ұлттық музейдің «Алтын залының» атауын «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар залы» деп ауыстыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Осыған орай аталмыш залдың экспозициясы еліміздің аумағында табылған озық туындылар мен құнды археологиялық жәдігерлермен безендірілетін болды.

Зал экспозициясына Ұлттық музей мамандары тарапынан осы жылы Торғай өлкесінен табылған б.з.д. VII–VI ғасырларға жататын кезекті «Алтын киімді адамның» әшекейлері қойылатын болады. Тарбағатайдағы Елеке сазы қорымында 2018 жылы ашылған сақ бекзада жауынгері киімінің қайта жаңғыртпасын қою жөнінде ұсыныстар пысықталуда. Сонымен қатар, залда Батыс Қазақстандағы Сегізсай (Лебедевка) кешенінен алынған ежелгі импорттық бұйымдар негізінде Ұлы Даланың Батыс және Шығыс өркениеттері арасындағы мәдени байланысы көрсетілетін болады.

Жоғарыда аталғандардың негізінде еліміздің тарихымен байланысты озық туындылар мен құнды музейлік жәдігерлер Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына таныстыру арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады.