Жаңалық

Ларион ЛЯН: АДАМДА НИЕТ БОЛСА, БӘРІН ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ...

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздарымен болған кездесуге тағдыры ерекше жанымызда жүрген жақсы адамдар жиналды. Елбасымен болған бұл кездесуге “IC-Group” топ компаниясының негізін салушы Ларион Лян да  болды.

Кәсіпкер Мемлекет басшысы қатысқан жиында «Кәсіпкерлікте жетістікке жетуіме үлкен мотивация берген – ол менің жақындарым!» деген болатын. Еңбек жолын осыдан он жыл бұрын пәтер тазалау қызметінен бастаған Ларион бүгінде құрамына 12 компания кіретін ірі холдингті басқаруда. Өзінің еңбекқорлығының, табандылығының және жақындарының алдындағы жауапкершілігінің арқасында еліміздің топ-компаниясын құрып және 6 000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Өз бизнесін осындай дәрежеге жеткізген және де «100 жас кәсіпкердің аяққа тұруына көмек беремін» деген жақсы идеясы бар Ларион мырзаның ерекше сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Қабыл алыңыздар!

Ruh.kz:  Ларион мырза, қайырлы күн! Ең алдымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атануыңызбен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. Сосын, осындай үлкен холдингты қалай құрдыңыз? Сіздің бизнестегі алғашқы қадамдарыңыз қалай басталды?

Ларион Лян: Құттықтауыңызға рақмет! Мен бала кезімде өте бұзық болғанмын. Сенесіз бе, мектеп оқушысы болған он бір жылымда мен он мектеп ауыстырғанмын. Мектеп ауыстырып жүріп, жоғары оқу орнына оқуға да бармадым. Содан қолыма шелек пен жууға, тазартуға арналған заттарды алып, пәтерлерді тазалауға кірістім. Алғашқы уақытта осылай жеке адамдардың үйлерін тазалап жүрдім, кейін өзімнің тұрақты тұтынушыларым пайда болды. Сұраныс артқан сайын мен өз командамды жинай бастадым. Тұтынушылар тізіміне жеке компаниялар да ене бастады. Кейін өз шағын компаниямды аштым. Кәсібімді дөңгелету үшін көп қиындықтардан да өтуге тура келді. Тіпті, қызметкерлерге еңбекақыны бірнеше айға кешіктіріп төлеген кездеріміз де болды. Сүрінген, шалыс басқан сәттерімде есімде… (Күлді)  Бірақ мен тығырыққа тығылған сайын одан шығудың тәсілдерін табуға ұмтыламын. Бұның өзі маған ләззат сыйлайды.

Ruh.kz: Бір кездері кәсібіңізді шағын компаниядан бастаған едіңіз. Айтыңызшы, Қазақстанның барлық қалаларынан өз филиалдарыңызды қалай аштыңыз?

Ларион Лян: Айтайын. Бірде Алматы қаласындағы ірі фирманың кеңсесін жинап жүрген қызметкерлерім жұмысқа шықпай қойды. Соны мен естіген бойда, жұбайымды алып, сол фирмаға бардым. Қолымда шелегім және жуғыш заттарым бар, үстімде костюм-шалбар. Сол қалпы тапсырыс беруші фирманың кеңсесін толықтай тазалап, жуып шықтық. Бұл оқиға сол фирманың басшылығының назарына ілігеді. Оларды таң қалдырады. «Қалай? Ларион мырза, сіз басшысыз ғой? Қалай жинадыңыз?», – деген сұрақтар туындайды. Мен үшін абыройымның биік тұруы маңызды болған соң, адам ретіндегі, азамат ретіндегі қасиетімді жоғалтқым келмеді. Сол оқиғадан соң, тапсырыс беруші маған өзінің басқа қаладағы филиалдарын да тапсырған болатын. Міне, осылай еліміздің барлық аймақтарын филиал ашып, адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Бастысы – адамда ниет болса, бәрін істеуге болады.

Ruh.kz: Керемет! Ал осы холдингтің құрамына кіретін компаниялар тобының санын геометриялық прогрессияда қалай ұлғайттыңыз?

Ларион Лян: Ол да бір тамаша тәжірибе болды. Біз бұл компаниялар тобын ашқан кезде, біздің старттық капиталымыз тек клиенттер базасынан тұратын портфель болған. Сол тұтынушыларымыз бізден күзет қызметін, химиялық тазалау, арнайы киімдерді тігу қызметтерін сұраған болатын. Сол барлық сұраныстарды қанағаттандыру жолында, біз басқа да компанияларды аша бастадық. Бір сөзбен айтқанда, нарықтың талабына сай боламыз деп, бүгінгі күндердің дәрежесіне қол жеткіздік. Қазір холдингіміз нарықта белгілі дәрежеге ие болды және де сол сенімді жоғалтпау үшін тыңбай еңбек етуде.

Ruh.kz: Ларион мырза, Елбасымен болған кездесуде, сіз қазіргі таңда артыңыздан 100 жас кәсіпкерді ертетініңіз туралы айтқан болатынсыз. Сол ойыңызды біздің оқырмандарымызбен де бөліссеңіз.

Ларион Лян: Өз бизнесімді белгілі бір дәрежеге көтерген соң, мен тікелей басшылықтан кетіп қалдым десем де болады. Қазір мен трансформация жолындамын. Яғни, өзінің және еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етемін деген жастарға бағыт-бағдар бергім келеді. Қазіргі менің мақсатым – 100 жас кәсіпкерді қарамағыма алу. Яғни, оларға ақыл айту емес, керісінше өз тәжірибеммен бөлісу, менің жолымдағы қателіктерді оларға жеткізу, көрсету. Уақыт көрсеткендей, бұл еңбегім де жемісін беріп отыр.

Ruh.kz:  Сонда жалындап тұрған жастарға сіз қалай көмек бересіз?

Түрлі бағыттағы шеберлік сағаттарын өткіземін. Өзімнің бизнес үшін арналған  тиімді кейстерім бар. Ал ең қызықтысы және ауқымдысы – Декларация толтырамын. Декларация не үшін қажет дерсіз. Жастарды жайлы, комфортты зонадан алып шығу үшін. Мысалы, маған жас кәсіпкер келіп айтуы мүмкін, «Қазір менің табысым 500  теңге, сол табысымды 2 айдан соң 1 000 теңгеге жеткіземін». Кәсіпкердің бизнес-жоспарын зерделеп келе, мен онымен Декларация жасасамын. Қорытындысында екі айдан соң не мен жеңемін, не ол жеңеді. Жеңіліс тапқан жақ Декларацияда көрсетілген сомманы төлейді.

Ruh.kz: Көп жеңдіңіз бе, әлде ұтылған сәттеріңіз көп болды ма?

Ларион Лян: Жеңілгенім басымырақ.

Ruh.kz: Сізбен Декларация  жасасып және сізді жеңген кәсіпкер туралы айтып беріңізші.

Ларион Лян: Әрине айтып беремін. Астанадан келген жас кәсіпкер Аружан. Ол маған өзінің бизнес-жобасын алып келген болатын. Ас мәзірінде конструктор-салаттары бар кафе жобасымен мені қызықтыра алды. Келіскен Декларациямыздың нәтижесінде, екі айдың көлемінде Аружан өз кәсібін ашып, оны дөңгелетіп кетті. Ал мен жас кәсіпкерден ұтылып қалып, келісілген сомманы оған төледім. Аружан сияқты жас кәсіпкерлер жетерлік.

Ruh.kz: Мастер-класстарды өткізу, тиімді кейстер мен декларация жасайсыз. Трансформация жолында тағы да жобаларыңыз ба?

Ларион Лян: Өткен жылы бастау алған ерекше жобамыз бар. Ол жобамыз реалити-шоу форматында, әзірше интернет желідегі каналымыздың шегінде. Жобаның атауы «Основатели». Бұл жоба арқылы аудандағы жастардың бизнес-сауаттылығын арттырғымыз келеді және кез келген бизнесті ешқандай қаражатсыз ашуға болатынын көрсеткіміз келеді.

 Ruh.kz: Ларион мырза, сіз жастарға мотивация беремін дейсіз, ал сіздің осы жолда жетістікке жетуге мотивация болған адамдардың бірі – ол жұбайыңыздың анасы. Рас па?

Ларион Лян: Иә, біз сол жылдары жұбайым екеуміз қыз бен жігіт болып жүретінбіз. Аленаның анасының алдынан өткен кезде, ол кісі маған: «ал, сен ертеңгі күні менің қызымды асырай аласың ба? Алақаныңа салып әлпештейсің бе?» – деген сұрағы намысыма жігер берген болатын. Негізінде, екі анамның маған деген сенімі және жан-жарымның махаббаты үлкен күш берді деуге болады.

Ruh.kz:  Отбасы туралы сөз қозғалып отырған соң, балаларыңыз туралы айтсаңыз және сіздің қандай әке екеніңізді білгіміз келеді…

Ларион Лян: Менің үш ұлым және сүйкімді қызым бар. Балаларымның тәрбиесіне мән беретін адамдардың қатарынанмын. Қатаң әкемін. Сізге бір оқиғаны айтып берейін. Бірде, ортаншы баламның мектебіне мені шақыртып, оның өте тентек екенін айтты. Баламның мінезін білгендіктен, оның құжаттарын мектептен алып кеттім. Өмірде жақсы мен жаманды салыстыру арқылы тәрбие беру керек – менің ұстанымым. Ертеңіне баламды фазендаға, жұмысшылардың қасына апардым да, айттым: «Оқығың келмесе, онда жұмыс жасауға тура келеді»- дедім. Сөйтіп, балам жұмысшылармен бірге ерте тұрып, сол жердің ұсақ-түйек шаруаларын жасай бастады. Сол оқиғадан соң, төрт күннен кейін баламның сыныбындағы балалар қолхат жіберді. Досымызды қайтарыңызшы, ол тентек емес, сабағының үлгеріміне көмектесеміз деп. Міне, осы болған жәйт, баламның ой-өрісін өзгертті: «жақсы мен жаманды салыстыру арқылы ғана өмірдің құндылықтарын тануға болады». Менің бала тәрбиелеудегі методикам осындай (Күлді).

Ruh.kz:  Ал, қарамағыңыздағы қызметкерлерге сіз қандай жетекшісіз?

Ларион Лян: Әр түрлі. Командамда қанша адам болса, сонша психологиялық тип бар. Дос болатын жерде доспын, қатаң әке болатын жерде қатаң әкемін, жұмсақ болатын жерде жұмсақпын.

Ruh.kz: Әңгіме барысында жастар туралы, елдің игілігі және бизнес туралы көп ойлар айтылды. Ларион мырза, қазір кәсіп ашамын деген жастар үшін мүмкіндік өте мол. Сол жастарға қандай кеңес айтар едіңіз…

Ларион Лян: Бұл өмірде немен айналыссаңыз да, бір нәрсені ұмытпаңыз: уақыт бізге қарсы жұмыс жасайды. Біздің уақытымыз шектеулі. Бір тәулікте 24  сағат, бір айда 30 күн, ал бір жылда тек қана 365 күн. Бұдан артық берілмеген. Соны ұмытпайық.

Ruh.kz: Уақыт бөліп, тартымды сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын! Жұмысыңыз алға баса берсін!

Ларион Лян:  Сізге де рақмет! Сіздің де ұжымыңызға тек шығармашылық табыс тілеймін!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

RUH.KZ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button