Латын әліпбиі ұлттық ерекшелігімізді сақтау жолы
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елдігімізді, тәуелсіздігімізді нығайту мен ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге қатысты, адам санасын бүгінгі күннің алға тартып отырған жаһандық өзгерістеріне бейімдеу қажеттігін нақты атап көрсетті.
Мемлекет басшысы осы бағдарламалық мақаласында ұлттық жазуымызды латын әліпбиіне көшіруді бастау қажеттігін көтерді. Бұл игі істен шет қалмай, белсенділік таныту әрбір ұлтжанды азаматтың парызы болуы тиіс. Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәли Қайдар латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп, Елбасына хат жолдаған еді. Сол жылдардағы ахуалды, халықтың құрамын ескерген Президентіміз асықпай, міне, тәуелсіздігімізге 25 жылдан астам уақыт өткенде ғана нақты тапсырма беріп отыр. Ендігі кезек ұлттық жазуға келіп тіреліп тұр. Санамыздың түкпірінен төл дыбыстарымызды аршып алу, төл емле – ереже құрастырып алу оңай емес. Әліпбиі, таңбасы мен ережесі үйлескен жазу ғана тіл егемендігінің кепілі. Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі – тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының жеке дара ісі мен таңдауы. Жаңа әліпбиге көшу – үлкен ұлттық нартәуекел. Латын қарпіне өту көршілердің мүддесіне қайшы емес. Латын әліпбиін енгізу елдің ішкі мәселесін шешуге, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Уақытты созбай жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі, тіл және жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы тиіс. Ел дамуы үшін ұсынылып отырған идеяларды дұрыс түсініп қана қоймай, оның іске асуына да белсене атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Бұл болашақ үшін, келер ұрпақтың тағдыры үшін қажет. Латын әліпбиі қазақ елін жаһандануда жаңа көшке бастар керуен басы. Әліпбиді өзгерту – өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасары сөзсіз.
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Атырау облыстық бөлімшесінің төрағасы