Мақала

Латын графикасындағы тұңғыш баспа

5 қыркүйек - Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан Халқы тілдері күніне орай Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіндегі тұңғыш баспа өнімдерінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш шараның мақсаты – қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту факторы ретінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру, Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының латын графикасындағы тұңғыш өнімдері – «Білімді балақай» балаларға арналған өлеңдер жинағы және «Жазылым» жаттығулар жинағын облыс педагогтарына таныстыру.

 

«Білімді балақай» – балаларға арналған жаңа графикадағы өлеңдер жинағы. Шағын кітапшаның негізгі мақсаты – бүлдіршіндерге латын әліпбиінің жазылуы мен оқылуын таныстыру, әрбір әріп таңбасына қатысты өлең шумақтарын жаттау арқылы тіл ұстарту және суреттермен безендіріп, есте сақтау қабілеттерін жетілдіру. Жинақ авторы – ҚР журналистер одағының мүшесі, республикаға, облысымызға белгілі ұстаз-ақын Сағадат Мұсағалиева.

 

Сағадат Мұсағалиева өз кезегінде: «Латын әліпбиіне көшу – қазіргі заман талабына сәйкес, тіл дамыту саласындағы жоспарлы жұмыстардың бірі. Бұл еңбек – балабақша тәрбиешілері мен бастауыш класс мұғалімдеріне балаларға латын әліпбиін үйрету бағытында әдістемелік-көмекші құрал міндетін де атқарады деген сенімдемін»,- деп пікірін білдірді.

 

Мектепке даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушыларына арнайы дайындалған жыр кітапшада кішкентай оқырмандардың таным-білімін кеңейтумен қатар, тәрбиелік бағыт та көзделген. Жыр шумақтары тілге жеңіл, танымға тірек боларлық ойға орамды ұйқастарға құрылған.

 

«Жазылым» жаттығулар жинағы – облыстың ересек тұрғындарына латннегізді қазақ әліпбиін және емле ережелерін меңгерту мақсатында құрастырылған оқу құралы.

 

Жинақтың авторлық ұжымы – Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының әдіскерлері және латын курсы бойынша тренер-оқытушылары.Жинақ – «Жазылым» және «Оқылым» атты 2 бөлімнен тұрады.«Жазылым» бөлімінде «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелеріндегі» 9 тарауды қамтитын 173 жаттығу тапсырмалары бар. Жаттығулар мазмұны қарапайымнан күрделіге қарай өту қағидасына сәйкес жүйеленген.«Оқылым» бөлімі түрлі қатысым тақырыптарын қамтитын 40-қа жуық шағын мәтіндерден тұрады. Көлемі шағын бұл мәтіндер латын графикасында оқу дағдысын жетілдіріп, көзшалымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

Шараға қатысушы облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің өкілдері, Ақтөбе қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардың тіл мамандары және тәрбиешілері, тіл жанашырлары, БАҚ өкілдері жиын соңында орталық мамандары дайындаған жаңа графикадағы қызықты тапсырмаларды аса қызығушылықпен орындап, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Әрбір қатысушыға жаңа әліпбиде жарық көрген баспа өнімдері сыйға берілді.

 

Ақтөбе облысы,  «Рухани жаңғыру» жобалық офисі 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button