Жаңалық

Мәдениет қайдан басталады?

Қазақстанда әл-Фараби мұралары жаңғыртылып, трактаттары қайта басып шығарылады.

Бұл істі әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы мен халықаралық Абай клубы бірлесе қолға алып отыр. Осы аса құнды еңбектердің қайта оралуы жас ұрпақ үшін ғұлама мұраларын танып-білуде үлкен септігін тигізері анық дейді философия ғылымдарының докторы, профессо Жақыпбек Алтаев.

«Әл-Фараби зерттеу орталығында әл-Фараби мұрасын зерттеп, насихаттауға қатысты монографиялар мен көптеген ғылыми мақалалар жарық көруде. Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби бабамызды әлемдік деңгейде танытуда іргелі жұмыстар жасалынуда. Қолданбалы ғылыми зерттеулер жұмыстары аясындағы орталықтағы шығармашылық топ Әл-Фараби мұраларын зерттеу бойынша гранттық жобаларды сәтті жүзеге асырып жатыр», – дейді фарабитанушы.

Жақыпбек Алтаевтың айтуынша, елімізде әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары ХХ ғ. 60-70 жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды дейді. Негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, мәселені көтеруші ретінде А.Машани мен А.Көбесов есімдері аталады. «Қазақстандық ғалымдардың отандық фарабитануға қосқан үлесіне тоқталатын болсақ, белгілі фарабитанушылардың бастауымен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. А.Х.Қасымжанов үйлестірген «Философия тарихы жəне Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жанынан құрылған шығармашылық топта И.О.Мұхаммед (Иран), европа тілдерінің маманы Б.Я. Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ. Көбесов, арабтанушылар А.С. Иванов, К.Х.Таджикова, Н. Караев сынды ғалымдар болды, сонымен қатар мəскеулік арабтанушылар Б.Г. Ғафуров және А.В. Сагадеевпен байланыстар орнатылды», – дейді профессор.

Осы ғылыми шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ əл-Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуға зерделі зерттеулер басталып кетті. Бұл, ең алдымен, әл-Фараби ғұмырнамашыларының IX-X ғасырларда бүгінгі Қазақстанның аумағында орналасқан Фарабты оның отаны деп санауына байланысты еді. Сөйтіп Алматы аз уақыттың ішінде əл-Фараби мұраларын зерттейтін ғылыми орталыққа айналып, ол жұмыстар шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды.

«1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Г. Ғафуров пен А.Х. Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «əл-Фараби мəдениет тарихында» атты кітабы араб-мұсылман философиясы мен мәдениетін, фарабитанумен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен сұранысқа ие болса, ал 1982 жылы Мәскеу қаласындағы «Мысль» баспасынан ғалымның «Аль-Фараби» атты кітабы көпшілікке кеңінен танымал болды. Сондай-ақ, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романы қазақ оқырмандары арасында үлкен резонанс туғызды», – дейді Жақыпбек Алтаев.

Әл-Фараби еңбектері күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Оның мемлекет басқару жөніндегі тұжырымдары қазіргі жаһандану аясындағы қоғамымыз үшін өте маңызды дейді Жақыпбек Алтаев. Ұлы ғалымның биылғы 1150 жылдық мерейтойы аясында қазақ ғалымдарының алдыңғы шоғыры бастап кеткен фарабитану ілімі заңды жалғасын тауып, жаңа ғалымдар есімін елге танытады деп сенеміз дейді профессор.

Жеңіс Ермұқанов 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button