«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды
І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының ашылғанына 20 жыл толды.
Өнер ордасы 2000 жылдың 14 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен алғаш шымылдығын ашқан болатын. Осы уақыт ішінде театрдың шығармашылық ұжымы көрермендерін мазмұнды репертуарымен қуантып келеді. Әр жылдары республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, ел аумағында және шетелдерде гастрольдік сапармен болып қайтты.
Архимед Мұхамбетов пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов театр жанындағы музейге бас сұқты. Мұнда тарихи жәдігерлер мен театр тынысын көрсететін құнды мұралар сақталған.
«Осы уақыт ішінде театрдың шығармашылық ұжымы көрермендерін мазмұнды репертуарымен қуантып келеді. Әр жылдары республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, ел аумағында және шетелдерде гастрольдік сапармен болып қайтты. Театр ұжымына алдағы уақытта да зор шығармашылық табыстар тілеймін!», – деді облыс басшысы.
Кездесу аясында Архимед Мұхамбетов театрға еңбегі сіңген әртістерге марапаттар тапсырды.
Атап айтқанда, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Мейрам Жапаров, Бақытжан Таңатқанұлы, Олжас Бегайдаров, Азамат Шүкеев, Гүлнар Шаймердиноваға, «Еңбек ардагері» медалі Марғайша Сабыржановаға берілді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасын Шахарбану Есенғұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатын Мөлдір Құбаш, Нұрлыбек Кенжеахметов, Бахыткүл Хамитқызы алды.
Театрдың бірнеше қызметкері облыс әкімінің грамотасымен наградталды. Сонымен қатар театр ұжымына гастрольдік сапарларды ұйымдастыру үшін автобус сатып алуға арналған сертификат тапсырылды. Бұл театр ұжымы үшін тамаша сый болды.