Мәдениеттанушы: Ататүрік ескерткіші - бүкіл түркі текті, тілді халықтардың символдық капиталы
Бүгін Алматыда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Түркия Республикасының 100 жылдығына орай түрік мемлекетінің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің ресми ашылу салтанаты өтті. Осы ретте Ruh.kz порталы Ататүрік ескерткішінің Алматыда орнатылу маңызы туралы еліміздің мәдениеттанушы, саясаттанушыларымен әңгіме өрбітті.
Мәдениеттанушы-философ, ұлттық саяси ағартушы Абылайхан Қалназаров Ататүрік ескерткіші орнатылуының маңызы тек идеологиялық тұрғыда ғана емес, символдық және практикалық жағынан да мәні зор екеніне тоқталды.
Бұл іс-шараның бірнеше бағыттар бойынша маңызы бар: символдық, идеологиялық және практикалық. Символдық тұрғыда – бұл қазақ және түрік халықтарының бауырластығын, өзара туыстығын, мұраттастығын білдіреді, яғни соны нышаналау маңызды.
Идеологиялық жағынан алатын болсақ, бұл – Қазақстанның Түркиямен сыртқы саясатта бір екендігін, соның бағыттарын қолдайтынын, тіптен, Ататүріктің көтерген Тұран идеясына да етене жақындығын білдіріп тұр. Ал енді практикалық жағынан айтар болсақ, әрине, ескерткіш деген – ол рухтың материалданған көрінісі. Ататүрк ескерткіші – түрік халқының рухы, яғни жаңа замандағы өркендеуін, дамуын, тәуелсіздікке ұмтылуын білдіретін бет-бейнесі. Демек түрік халқы рухының Алматыда тұруы, әрине, сол рухпен бізді де сусындатпақ, - дейді мәдениеттанушы Айбылайхан Қалназаров.
(Фото: Абылайхан Қалназаровтың жеке архивінен)
Оның айтуынша, сол ғасырдағы әлемдік лидерлер ішінен Қазақстанға Ататүрктен жақыны болған жоқ.
Сейдахмет Құттықадамның әлемнің он лидеріне талдау жасап жазған «Ұлтқа қызмет ету: мемлекет басқарудың әлемдік 10 мысалы» деген кітабын ашсаңыз, бірінші бетінде осы Ататүрік туралы жазған. Неге? Өйткені ол айтады: «Қанша ел бар, қанша жер бар, қанша лидер бар. Бірақ бізге сол лидерлердің ішінен Ататүріктен жақыны жоқ». Сондықтан бұл тек қана қолдап, қостауға тұратын іс-шара, - деді.
Бүкіл түркі текті, тілді халықтардың символдық капиталына жататын тұлға болғандықтан, оның құрметіне орнатылған ескерткіш біз үшін тек қуанатын жаңалық екенін атап өтті.
Мәдениеттің символдық капиталы деген ұғым бар. Ол - белгілі бір кеңістіктікте халықтың мәдениет орнатып, сол жерді иеленуін, билеуін, игеруін, меңгеруін, соған қожайын болуын сипаттайды. Мысал ретінде, біздің тарихи тұлғаларымыз - Шыңғысханды, Атилланы, Мөдені, Абылай ханды, Жошы ханды және т.б. айта аламыз. Бұлардың бәрі символдық капиталдың күш қуаттарына, нышандарына жатады. Ататүрік - ол бір ғана түрік халқының емес, бүкіл түркі текті, тілді халықтардың символдық капиталына жататын тұлға. Ал бұл символдық капиталға жататын тұлғаларды не үшін дәріптеу керек? Әр ел бір-бірінің осындай тұлғаларына ескерткіш орнатуы не үшін маңызды?
Себебі ол - кеңістіктің сол халық меншігі екенін көрсетеді. Мысалы, кез келген халық келесі халықты жоярда, басып аларда осы символдық капиталын құнсыздандырудан бастайды да, содан ары қарай символдық капиталын жойып, ақыры мәдениетін жеріп кетеді.
Былайша айтқанда, түрік халқы символдық капиталының трансперті - Ататүрік. Ал ескерткіші - соны білдіретін образы. Жалпы бұл ескерткіштің мән-мағынасы зор. Ол - тәуелсіздік, даму, модернизация. Сондықтан тек қуану керек, - дейді Абылайхан Қалназаров.
Саясаттанушы Әділ Сайлаубектің айтуынша, түбі бір түркі елдердің жан-жақты дамуына және өзара тығыз байланыс орнатуына, ең әуелі, дипломатиялық қатынастарын нығайтуына бұл іс-шара себепші болмақ.
(Фото: Ruh.kz)
Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің атына арнайылап ескерткіш ашылуы түрік әлеміне, қоғамына нақты жақындаудың белгісі. Ескерткіш орнатудың өзіндік стратегиялық та, идеологиялық та мақсаттары бар деуге болады. Өйткені осы арқылы біз жас буынға, өсер ұрпаққа тарихымыздың тереңде жатқаны туралы, екі мемлекет қатынасының қандай деңгейде болғандығы туралы айта аламыз. Әрбір ел көршілес мемлекеттерінің ұлы тұлғаларын өз ішінде дәріптеу арқылы бейбітшіліктің, құрметтің белгілі бір деңгейін білдіре отырып, тығыз қатынас орнатады.
Оның оңтүстіктегі астанамыз Аламтыда орнатылуының да өзіндік себебі бар. Қоғамның, мәдениеттің, қазақи ортаның көршілес мемлекеттермен жақын орналасуы – негізгі себептердің бірі, нышаны деуге болады, - дейді саясаттанушы.