Маэстро Алан Бөрібаев Г.Малердің №5 симфониясының премьерасын ұсынады
«Астана Опера» театрының бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты маэстро Алан Бөрібаев тамаша симфониялық премьералар сериясын жалғастыруда.
Сонымен қатар, қазіргі таңда сұранысқа ие пианистердің бірі Фредерик Кемпф (Ұлыбритания) елордалық сахна төріне алғаш рет шығып, осы концертте өнер көрсетеді.
Әйгілі қазақстандық дирижер Алан Бөрібаевтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің орындауында Густав Малердің до-диез минор №5 симфониясының премьерасы өтеді. Біртуар австриялық композитордың жиі орындалатын туындыларының бірі – екі дәуір аралығында туған, Г.Малердің шығармашылығындағы жаңа кезеңге өтуді білдіреді. Бесінші симфонияда автор адам өмірінің мән-мағынасы жайында ой толғайды. Бұл жауаптың бір нұсқасы өткен жылдың наурызында астаналық театрда маэстро Алан Бөрібаев премьерасын ұсынған екінші симфонияда шырқалған болатын. Бұл жағдайда Г.Малер баламалы түсініктеме табады. Алайда шығармада жаңа сипат, тың бояулар да бар, музыкалық ойды дамытудың өзге жолдары мен қағидаттары пайдаланылған.
Музыканттар алғаш рет Ұлыбританияның шебер пианисті Фредерик Кемпфпен бірге тыңдармандарға Иоганнес Брамстың Оркестрмен фортепианоға арналған №1 концертін ре минор, ор.15 ұсынады. Шығарма шын мәнінде симфониялық ауқымға ие.
И.Брамстың жауһар туындысының құштарлыққа толы бірінші бөлімі лирикалық адажиоға ауысады, композитордың өзі болса концерттің екінші бөлімін – оның музасы Клара Шуманның портреті дейді.
Фредерик Кемпф «Астана Операда» өнер көрсету сәтін асыға күтуде екендігін атап өтті.
– Алан Бөрібаевпен бұрыннан таныспын, жақын досқа айналдық. Әрбір серіктестігіміз үшін алғыс сезіміне бөленемін – бір-бірімізді жалпы адамгершілік тұрғыдан өте жақсы түсінеміз, соның арқасында музыкалық жағынан да тамаша әріптестік туындайды. Онымен жұмыс жасау әрқашан жеңіл әрі еркін өтеді, сонымен қатар екеумізге де өнер көрсету кезінде тәуекелге бару ұнайды, ал мұндай әрекет сахнада еліктіріп әкетеді, – деді Фредерик Кемпф.
Фредерик Кемпф – Кент университетінің Құрметті музыка докторы, Би-би-си корпорациясының жыл сайынғы жас музыканттар байқауының, П.Чайковский атындағы ХІ халықаралық байқаудың лауреаты, британдық ең үздік жас классикалық музыка орындаушысы ретінде Classical Brit Awards сыйлығының иегері. Әртіс төрт жасында фортепианолық ойын өнерін үйрене бастады, ал сегіз жасында Лондон Корольдік филармониялық оркестрімен алғаш рет өнер көрсетті. Пианистің жеке концерттері әлемнің көрнекті залдарында аншлагпен өтеді. Олардың қатарында – Миландағы Дж.Верди атындағы консерватория, Букингем сарайы, Лондондағы Royal Festival Hall, Манчестердегі Bridgewater Hall, Берлин концерт залы, Варшава филармониясы, Сиднейдегі City Hall, Токиодағы Сантори-холл, Мәскеу консерваториясының Үлкен залы, т.б. бар.