Майдан жақтан жақсы хабар күтетін...
Кеше ел тыныштығы үшін қолға қару алған батырлар – бүгінде бейбіт өмірдегі берекелі әулеттің қазығы. Сондай ардақты ардагер – Барлыбай Тәбешев. Ол – сұрапыл жылдары Ресей, Украина, Белоруссия және Германия қалаларын жаудан азат екен майдангер.
Біз соғысты көрген жоқпыз. Естідік. Тарихтан, кинофильмдерден, ардагер аталардың әңгімесінен. Өйткені аға ұрпақтың өшпес ерлігімен келген Ұлы Жеңіс – аңыз бен ақиқат. Ел мен жерді қорғау жолында кешегі жауынгер – бүгінгі ардагер қарттарымыз ерлік пен батырлыққа толы табандылық, асқан қаһармандық пен қайтпас қайсарлық танытты. Барлыбай ата 95 жаста. Әр жыл сайын мамырда кеудесі орден-медаль толы бешпентіне ерекше назар салатыны бар. Оған қараған сайын артта қалған қаралы күндер, ерлікке толы жанкешті жылдар есіне түседі.
Соғыс басталғанда, 16-ға да толмаған өрімдей жас сол бір қиын кезеңде елде жүріп-ақ ауыр жұмыс істегенін айтты. Майдан жақтан жақсы хабар күтетін. Жеңісті жақындатуға асыққан албырт жігіт 17 жасында майданға аттанды. Өйткені оларды зұлмат жылдар ерте есейткен еді.
«Майданға 1943 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан дайындықтан өткен соң аттанған болатынмын. Қолына қару ұстай білетін әр жан, соның ішінде менің қатарластарым Отанымызды қорғау үшін майданға баруға талпынды. Жеңіс үшін жанын пида етуге даяр еді. Мен әуелі армия генералы Пухов бастаған 210-атқыштар дивизиясының 3-полк пулеметчигі болғанмын. Кейін артиллерист болдым. Ұрыс алаңында көптеген жауынгер жолдастарымнан айырылдым. Сол жылы күзде ауыр жарақат алып, госпитальде біраз уақыт болдым. Содан кейін майданға оралып, армия генералы Ватутин басқарған 3-мехполкте минометші болдым».
Соғыс кезінде минометші болу өте қиын, аса маңызды жауапкершілік еді. Қаншама күн мен түн бойы жаумен бетпе-бет кеп, жекпе-жек айқасты. Осындай ерліктің арқасында 1943 жылы 6 қарашада Киевті жаудан азат етті. Кейін Харьков үшін шайқасты. Ерлік көрсеткен қазақтың қайсар жігіті 1944 жылдың қаңтарында алғашқы «Жауынгерлік қызметі үшін» медаліне ие болды. Майдан даласында ерлік жасадым деп емес, елге азаттық әпереміз деп шайқасқан. Минск маңындағы Курск шайқасында, сондай-ақ 1944-1945 жылдары армия маршалы Коневтің бастауымен Чехословакия мен Польшаны басып алған жауды ойсырата жеңді.
Ұлы Жеңіс күнін Барлыбай ата Германияда қарсы алды. Ол кезде жиырмаға енді келген жас жігіт еді. Алайда бірден елге келмеді. Әскери қызметін Украина мен Белоруссияда жалғастырды. Сол жерде халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Тек соғыс аяқталған 2 жылдан соң, 1947 жылдың ақпанында Қазақстанға оралды.
«Соғысқа дейін 7 сыныптық білімім ғана болғандықтан, оқуымды әрі қарай жалғастырдым. Он жылдық мектепті тәмамдап, ЖОО-ға түстім. Физика-математика және биология мамандықтары бойынша жоғары білім алдым. Өмірімнің жарқын шақтарын жастарды тәрбиелеуге арнадым», – деді ардагер.
Бейбіт өмірде 50 жылдық ғұмырында ұрпақ тәрбиелеу бақыты бұйырғанына тәубе дейді. Сөйте жүріп өткен жылдардың азап пен ерлікке толы тарихын кітап бетіне қаттады. «Өмір – дастан» кітабы өмір жолының іздері еді. Биыл мамырдың 15-інде 96 жасқа толатын ақсақал ұрпағымен бақытты. 7 ұл мен қыздан 18 немере сүйіп, мәуелі бәйтерекке айналды.
Ұлы Асқар да әкесі туралы «Тоқсаннан асса да, еңсесін тік ұстап, өзінің қайраттылығын танытып жүретін. Әкеміз күні кешеге дейін жадынан жаңылмай, әрбір айтқан әңгімесін нықтап, шегелеп, саннан да шатаспай айтатын. Сұрапыл жылдардағы майдандастарының ерлігі туралы бізге, немерелеріне жиі әңгімелейтін. Қазір аздап шаршады. Бірақ сүйегінің асылдығы болар, өзіне керек нәрсеге өзі тұрып баруға тырысады. Қазір денсаулығы қалыпты. Өзі оқытып-тоқытқан ұл-қыздары, біздер де зейнет жасындамыз. Әке берген тәрбиемен елге, мемлекетімізге қызмет еттік», – дейді.
Міне, тағы бір ерлік иесінің өмір жолының осылай өрнектелгеніне куә болдық. Тоқсаннан асқан майдангер Барлыбай Тәбешевтің өскелең ұрпаққа айтары біреу ғана. Ол – бейбіт өмірді бағалау. Ендеше ардагер тілегі – бейбіт өміріміз мәңгі болсын!