Жаңалық

Майдандас достардың ұрпақтары 77 жылдан кейін кездесті

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан екі майдандас достың ұрпақтарының  тарихи кездесуін ұйымдастырды деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

Осыдан 77 жыл бұры екі майдандас дос, ненец Иван Яптик пен қазақстандық Мұхтар Қайшатаев бір-біріне соғыстан кейін қазақ жерінде кездесуге уәде берген екен. Олардың бірге түскен суреті де әлі күнге дейін сақтаулы. Фотографияда «Майдандас достар – ненец Иван Яптик пен қазақ Мұхтар Қайшатаев Қазақстаннан келген хатты оқып отыр» жазуы бар.

Жауынгерлер ІІ Беларус майданының 46-шы атқыштар дивизиясының 340-шы атқыштар полкінің құрамында болған. Өкінішке қарай, екеуі де уәделерін орындай алмай, 1945 жылы майдан даласында мерт болады.

«Екі ел іздеушілерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қарулас жолдастардың немерелері табылды. Олар 77 жыл бұрын аталары берген уәдені орындау үшін Қазақстанның астанасында бас қосып, фашизмді жеңген Қазақстан мен Ресей халықтарының бірлігін, уақыт арқылы сақталған құрмет пен сабақтастықтығын  көрсетті», – деді «Ямал плацдармы» іздеу отряды» коммерциялық емес серіктестігінің төрағасы Андрей Гуничев.

Алдағы уақытта Ресей делегациясы Мұхтар Қайшатаевтың туыстарымен кездесу үшін Семей қаласына сапарлауды жоспарлап отыр.

«Отан тарихын, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін білу – патриотизм және ұлттық бірегейлікті жаңғыртудың негізі. Қазіргі уақытта тарихи сананы қалыптастыруға, мемлекеттілікті және қазақ халқының ұлттық бірегейлігін нығайтуға ерекше мән берілуде», – деді «Атамның Аманаты» ҚБ Басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Іс-шара аясында іздеушілер мен жауынгерлердің ұрпақтары өздерінің қызметтері мен кездесудің тарихы туралы айтып берді.

Айта кетейік, тарихи кездесуге «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі, «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты, «Нұр-Сұлтан» ардагерлер кеңесі және Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мұрындық болды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button