Жаңалық

Көркем аударманың сапасы сын көтермейді

Бүгін Парламент Мәжілісінде депутат, «100 жаңа есім» жеңімпазы Мақпал Мыса (Тәжмағамбетова) қаламгер жастардың шет тілдерін жетік меңгеріп, аударма саласына жұмыс істеуіне мүмкіндік берілуі керектігін айтты.

Депутаттың айтуынша, біздегі көркем аударманың сапасы, әсіресе шығармалардың түпнұсқадан аударылуы өз деңгейінде емес.

«Қазіргі көркем аударма туралы сөз қозғау үшін ең алдымен түптұсқадан тікелей аудару туралы ойланған дұрыс. Бұл ретте шетелдік әдебиет болсын, қазақ әдебиеті болсын, негізінен, бір ғана тілден – орыс тілінен аударылады. Ол көркем туындының сапасын көтермейді. 2021 жылы Ұлттық аударма бюросы қазіргі кездегі қазақ прозасы мен поэзия антологияларын Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне тәржімалап шығарды. Бұл жұмысқа 300-ге таяу маман тартылған, бірақ оның ішінде шет тілін меңгерген, аударманы көркемдік жағынан бағалай алатын қазақ әдебиетшілері тапшы болған. Мұндағы негізгі мәселе – өзге тілдерден тікелей аударатын мамандардың жетіспеуі. Білім және ғылым министрлігінің мәліментінше «Болашақ» бағдарламасымен филология, лингвистика, аударма ісі мамандықтары бойынша соңғы 5 жылда 14 адам білім алған. Олар тек шет тілін ғана меңгерген. Ал әдебиет аталымы бойынша бірде-бір адам қамтылмаған», – деді Мақпал Мыса.

Аударма жасау үшін тек тілді ғана меңгеру жеткіліксіз екенін айтқан ол: «Көркем әдебиеттің көкжиегін кеңітер талантты қаламгерлерді оқыту арқылы әдебиеттің  кең тынысын ашуымыз керек. Елімізде тіл әдебиеті факультеттерінде оқитын студенттерге бүгінгі күн талабына сай білім бере алатын оқытушылар жоқтың қасы. Себебі олардың өзі әлемдік үздік оқу орындарында білім алмаған. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасы аясында біз қаламгер жастардың басқа да тілдерді жетік меңгеріп аударма саласына жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз қажет. Әдебиет пен өнерді ұлттың бет-бейнесі дейтін болсақ, аудармасы сақау, тілі жұтаң болмауға тиіс», – деді.

Депутат осы мәселелерге тоқтала келіп бір қанша ұсынысын жеткізді.

«Бірінші,  поэзия мен проза, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысты пәндер бойынша магистр мен доктор дәрежесін әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік жасау қажет. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі тәуелсіздкіпен бірге жасасып келе жатқан «Болашақ» бағдарламасына алдағы жылдарда әдебиетке қатысты мамандықтарды енгізу қажет. Екінші, Жазушылар одағы осы мамандықтар бойынша білім алуға талантты қаламгерлерді жыл сайын жүйелі түрде іріктеп, енгізу қажет. Үшінші, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына әдебиетшілер мен қаламгерлердің әлемдік түрлі әдеби фестиваль, форумдарға қатысуы мен пікір алмасып, тәжірибе бөлісуін енгізу қажет», – деді Мақпал Мыса.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button